Егер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 30 күн ішінде Вашингтон талап етіп отырған реформаларды жүргізбесе, АҚШ қаражат бөлуді тоқтатады. Дональд Трамп осылай деді.
Ақ үй қожайынының айтуынша, ДДҰ коронавирус пандемиясы кезінде тиісті деңгейде жұмыс істемеген. Сонымен қатар Трамп ұйым Қытайдың ықпалынан шыға алмай отырғанын тілге тиек етіп, Бейжіңнен тәуелсіз болуға шақырды.
"Егер де ДДҰ алдағы 30 күнде түбегейлі өзгерістерді қолға алмаса, қаражат бөлуді мүлдем тоқтатамын. Осыны айту – АҚШ президенті ретіндегі міндетім. Тіпті бұл мекемеден ресми түрде шығу жағын да қарастырамыз", – деді Трамп.
Еске сала кетсек, сәуір айында АҚШ ұйымды Covid-19 індеті басталғанда жедел түрде шаралар қабылдамады деп айыптап, қаржы құюды уақытша тоқтатып тастаған болатын. Ал ұйым басшылығы болса, әлі күнге дейін пандемияны саясатпен араластырмауға шақырып келеді.
Табиғат Нұрболат
Фото: ft.com