Өндірістің жылдық қуаты – 3 мың тонна. Ал сағатына 15 тонна дән тазалап, тұқымның төрт сұрпын шығаруда. Оны жергілікті тұрғындардан өзге Алматы мен Түркістан облысының шаруалары алады.
Қазір қырманда екі мың тоннаға жуық дән тазалаудан өтіп, дәріленіп жатыр. Серіктестік директорының орынбасары Асхат Дүйсебаев қожалық үш жылдан бері тұқым шаруашылығымен тұрақты айналысып келе жатқанын айтады.
"Жазда көптеген шаруа қожалықтарда егіннің түсімі 18,6-18,7 центнерден айналды. Ал біздің зауыттан элита тұқымынан шаруалар 26,6-29 центнерден өнім алды. Биыл екі мың гектар тұқым дайындауды жоспарладық. Зауытқа қажетті құрал-жабдықты Беларусь елінен әкелдік. Енді екінші зауытты іске қоссақ деп отырмыз. Тек бидай ғана емес, көктемгі егіске арпа, мақсары тұқымын да дайындаймыз", – дейді Асхат Дүйсебаев.
Алдымен шаруашылық Ресейден "Гром" тұқымын әкеліп, өз егіс алқаптарында жерсіндіріпті. Биыл басқа да сапалы тұқымдар әкеліп, 7 гектар алқапқа сепкен.
"Жалпы ауданда тұқым шаруашылығы жақсы дамып келеді. Егін шаруашылығына ден қойған ірі шаруа қожалықтар күздікке бірінші және екінші репродукциялық элита тұқымын себеді. Тұқым шаруашылығымен айналысатын төрт агроқұрылым бар. Олар – "ҚайнарАгро" мен "Луговой жылқы зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және "Шалқар" мен "Шәушен" шаруа қожалықтары", – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиев.
Жамбылдық шаруалар биыл 157 мың гектарға күздік себуді жоспарлап отыр. Күзгі дала жұмыстарын бастап кеткен ірі шаруашылықтар қазірдің өзінде 67 мың гектарға тұқым сеуіп үлгерді.