Түркістан облысы аумағындағы Алматы-Ташкент-Термез тас жолының 649 шақырымында жолаушылар автобусы аударылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама Түлкібас АПБ кезекші бөліміне бүгін таңертең 6:30 шамасында ауруханадан түскен.
"Жол-көлік оқиғасы орын алған жерге бірінші болып Түлкібас АПБ жедел-тергеу тобы мен Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальоны мен Төтенше жағдай қызметкерлері келді. Полицейлер мен ТЖМ қызметкерлері жолаушыларға аударылған автобустан шығуға көмектесті, оларға сол жерде психологиялық және басқа да қажетті қолдауларды көрсетті",– дейді полиция департаментінен.
Зардап шеккен 2 адам – жүргізуші мен 1 жолаушы ауруханаға жатқызылыпты. Қалған 19 жолаушы медициналық көмекке Сайрам, Түлкібас аудандары мен Шымкент қаласының ауруханаларына жүгінген.
Полиция департаментінен берілген алдын ала мәлімет бойынша, апатқа ауа-райының қолайсыздығы себеп болуы мүмкін. Ішінде 21 жолаушысы бар автобус Сарыағаш ауданына бет алған екен. Жүргізуші рөльді басқара алмай, оң жақ жиегіндегі кюветке шығып кеткен көрінеді.
"Қазіргі уақытта оқиға орнында облыстық Полиция департаментінің анықтаушылары жұмыс істеуде. Бұл жайт Түлкібас АПБ-не тіркелді. ҚР ҚК 345-бабы "Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталу үстінде",– дейді ПД баспасөз қызметінен.