Тұтынушылар қай мәселелерге жиі шағымданады?

408

Қазақстандықтардан түскен 847 өтініш Ozon, Wildberries сияқты маркетплейстерге қатысты. 

Тұтынушылар қай мәселелерге жиі шағымданады? Фото: freepik

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Мейіржан Аманжолов айтты.

“2023 жылдың қорынтындысы бойынша тұтынушылардан 50 мыңға жуық шағым келіп түсті. Соның ішінде 8 мыңға жуығы электронды саудаға қатысты. 2022 жылы 2663 шағым түскен. Электронды саудаға қатысты шағымдардың көбі алынған тауар сапасының сай келмеуі немесе тапсырыс берген заттың орнына басқа тауардың келуі, тауар ақшасының кері қайтарылмауы, тауарды айырбастау мәселелеріне қатысты. Сауда желілерінің интернет сайттарына байланысты шағымдар қарастырылып, тұтынушылардың талаптары қанағаттандырылды. Тағы 847 шағым Ozon, Wildberries сияқты маркетплейстерге қатысты болды. Бұл электронды сауда бойынша келген өтініштердің 11 пайызы. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 46 млн теңгеге жуық қаржы тұтынушыларға қайтарылды”, - деді бас сарапшы.

Сөзінше, қазір Мәжіліс қарауына тұтынушылардың құқығын қорғауға қатысты жаңа заң жобасы енгізілген. 

“Заңның бір новелласына электронды сауда иелерінің шартқа отырып, оларға тұтынушылардың құқығы туралы заңды міндеттеу кіреді. Құжат қабылданған жағдайда, омбудсмен институты пайда болады. Бұдан басқа арыздарды қарастыру кезінде бюрократиядан арылту жолдары да қарастырылған. Егер де тұтынушының құқығы бұзылатын болса, азамат өз өтінішін мемлекеттік органға немесе сотқа тікелей жолдай алады. Қолданыстағы заңға сәйкес арызды қарастыру төрт сатыдан тұрады”, - деді Мейіржан Аманжолов. 

Спикер электронды сауданы дамытуда кездесетін кедергіні атады.

“Жеке кәсіпкерлер Мемлекеттік кірістер комитетінде тіркелмей, интернет арқылы онлайн саудамен айналысады. Осылайша өздерін жеке кәсіпкер екенін көрсетпейді”, - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу