Уран қазушылар өндірістің салдарын жоба бойынша жоюға міндеттеледі

1201

Уран өндірудің салдарын жоюға бағытталған қор құрылмақ.  

Уран қазушылар өндірістің салдарын жоба бойынша жоюға міндеттеледі

Сенат қабырғасында "Жер  қойнауы және жер қойнауын пайдалану" кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселесі талқыланып жатыр, – деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Бұған дейін уран өндірушілер жұмысын аяқтағаннан кейін, өндірістің салдарын жою жоспарын дайындауға заңмен міндеттелмей келген. Сенат қабырғасында осындай мәлімет айтылды. "Жер  қойнауы және жер қойнауын пайдалану" кодексіне енгізілетін түзетулер мен толықтықтырулар туралы баяндаған Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова 82-бапқа бірнеше өзеріс енгізуді ұсынды.

"Түзетулердің екінші блогы уран өндірудің жобалық құжаттары туралы өзгерістерді жетілдіруге бағытталған. Біріншіден, жоба нормалары жобалық құжаттарды өзгерту және толықтыру процестерін тәртіпке келтіреді. Жекелеп айтсақ, 82-бапқа уран өндіруге берілетін көлемнің физикалық көрсеткіштер индексін ауыстыруға қатысты болып отыр. 2010 жылы кодексте осындай талап болған. Яғни, құбырдағы қысым көлемі сияқты көрсеткіштер жер қойнауын пайдаланушы үшін жобалық құжатқа өзгеріс енгізуге түрткі болмауы керек. Бұл айқын әкімшілік кедергі. Пайдасынан бюрократиялық жүктемесі көп", – дейді Мәжіліс депутаты.

Бұл уран өндірушілер үшін жағымды жаңалық болғанымен, келесі өзгерту талай инвесторға ұнай қоймасы анық. 

"Екіншіден, дәл осы бапта базалық жобалық құжаттардың тізбесін кеңейту ұсынылып отыр. Қазір ол тізбеде уран кенішін дайындау, кенішті тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру жобалары бар. Біз тізімді уран өндірудің салдарын жою жобасымен толықтыруды ұсынамыз. Ондай жоба уран өндіру жобасына қатысы бар барлық технологиялық нысанды қамтуы керек. Заң жобасын өз ішімізде талқылаған кезде жоба қаржылай қамтамасыз ету керек деген мәселе көтерілді. Ондай қаржы арнайы құрылатын "жою қоры" есебінен алынады. 

Қазір де мұндай жоба тәжірибеде бар. Бірақ біз ұсынып отырған заң жобасында оған міндетті құқықтық мәртебе берілген. Өйткені бұл халық пен қоршаған ортаның радиациялық қауіпсіздігімен тікелей байланысты", – деді депутат.

Есжан Ботақара
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу