Оның сөзінше, агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру тәуекелді төмендетуге, климаттың өзгеруіне бейімделуге, ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімі мен жануарлардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығын цифландырудың негізгі міндеті – өнім өндіруге жұмсалатын шығынды азайту, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
"Бүгінде көрсетілетін қызметтердің 90% автоматтандырылған. Өткен жылмен салыстырғанда халыққа электронды форматта көрсетілген қызмет үлесі 34% өсті. Бұл нәтижеге салалық ақпараттық жүйені жаңғырту арқылы қол жеткізілді", – деді Сапархан Омаров.
Министрдің мәлімдеуінше, Қазақстан ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алудың бірыңғай жүйесін пайдаланатын Еуразиялық экономикалық одақтағы алғашқы ел.
"Жүйеде 35 млн-нан астам ауыл шаруашылығы жануары тіркелген. Онда 4,5 мыңға жуық ветеринария маманы жұмыс істейді. Жүйенің дамуын ескере отырып, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізіледі. Парламент ветеринариялық паспорты электронды түрде беру туралы ережені заңнамалық түрде бекіту мәселесін қарап жатыр. Бұл норма ветеринариялық паспорт беруді жеңілдетіп, алуды тездетеді. Мемлекеттік шығысты айтарлықтай үнемдейді", – деді Сапархан Омаров.
Қанат Махамбет