Вице-министр көктемгі егіс науқанын қаржыландыру тетіктерін түсіндірді

968

Көктемгі егіс жұмыстарына қосымша 100 млрд теңге бөлінді.  

Вице-министр көктемгі егіс науқанын қаржыландыру тетіктерін түсіндірді

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, елдегі көктемгі егіс науқанын қаржыландырудың үш тетігі қарастырылған.

"Қаржыландыру – көктемгі егіс жұмыстарының басты мәселесінің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы бағытқа қосымша 100 млрд теңге бөлінді. Фермерлердің қаражатқа қол жетімділігін арттыру үшін арзандатылған сыйақы мөлшерлемесімен қаржыландыру және олардың өнімдерін форвардтық сатып алу тәрізді құралдар қарастырылды", – деп Айдарбек Сапаров қаржыландыру тетіктеріне тоқталды.

"Бірінші, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға арналған бюджет қаражатының көлемі 10 млрд теңгеге ұлғайды. Былтыр 60 млрд болған, биыл жалпы қаражат 70 млрд теңге. Несие бойынша пайыздық мөлшері 7%-дан 5%-ға төмендетілді. Бір шаруаға бөлінген орташа чек 30 миллион теңгеге жуық. Несие алу үшін құжаттар тізбесі заңды тұлғалар үшін 27-ден 13-ке дейін, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге16-дан 12-ге дейін қысқартылды. Ал, "Кең дала" несиелендіру бағдарламасы бойынша, жеңілдетілген несиені 2346 өнеркәсіп субъектісіне берілді. Қолдау көрсетілген алқап 3 миллионнан астам гектарды құрады. Бұл жерде жұмыс жүріп жатыр", – дей отырып, қаржыландырудың екінші тетігі жайлы айтып өтті.

"Екінші, "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінді. Несие алушылр үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-дан аспайды. Қаражат 12 ай кезеңіне беріледі. Мысалы, несиені осы сәуір айында алса, келесі жылы сәуір айында қайтара алады. Бұрын жылдың аяғында желтоқсан айына дейін қайтару қажет болатын. Бағдарлама қаражатын "Аграрлық несие корпорациясы" және несие серіктестері арқылы, сонымен бірге банктің кепілдігіне алуға болады", – деп түсіндірді вице-министр.

"Үшінші, Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында форвардтық сатып алу механизмі мақұлданды. Оған бюджеттен бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 24,5 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру алдын ала төлем арқылы жүзеге асырылатын болады. Мысалы, 1 тонна бидай үшін 50 мың теңге алдын ала төленеді, содан кейін күзге қарай нарыққа байланысты бағамен төлем есептелетін болады", – деп отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қолдау көрсетілетінін атап айтты Айдарбек Сапаров.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу