Қытайдағы смартфон өндіруші ірі компаниялардың бірі Xiaomi-ді АҚШ қара тізімге енгізгеннен кейін, оның акциялары 11%-ға арзандады.
Гонконгтағы сауда қорытындысы бойынша, бағалы қағаздарының бағасы 11,18%-ға төмендеп, 29 Гонконг долларына дейін түсіп кетті.
Бұған дейін АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі Құрама штаттарда жұмыс істейтін қытайлық компаниялардың қара тізіміне тағы бірнешеуін енгізген еді.Вашингтон олардың Қытайдың әскери саласымен байланысы бар деп айыптап отыр. Қара тізімге тоғыз заңды тұлға қосылды. Қатарында Xiaomi бар.
Бұл корпорация 2010 жылдың сәуір айында құрылған және қазіргі уақытта әлемдегі смартфон өндіруші ірі компаниялардың бірі саналады. 2018 жылы компания өз акцияларын Гонконг биржасына орналастырған еді. Өткен жылы олардың бағасы 180%-ға көтерілді. 2020 жылдың желтоқсан айының соңында Xiaomi-дің нарықтық капиталдандыруы алғаш рет $100 млрд-тан асты.
Табиғат Нұрболат
Фото: currency.com