Жамбыл облысында жапониялық Сokey systems Сo. ltd компаниясы төрт жыл бұрын мия тамырын өңдейтін зауыттың құрылысын қолға алып, іске қосқан болатын. Шетелдік компанияның қызығушылық танытуына облыс аумағында мияның көп өсуі мен өңірдің өндіріс ошағын салуға қолайлылығы себеп болды.
Осылайша, жапониялық инвесторлардың қолдауымен "ҚазМия" ЖШС мия тамырынан дәрі-дәрмек жасауды қолға алып, алғашқы өнімін Жапонияға жөнелтіп үлгерді. Осы жылдың маусым мен тамыз айы арасында аталған елге 22 тонна 800 килограмм өнім жіберілді.
Жобалық құны 900 миллион теңгені құрайтын зауыт жоспар бойынша жылына 2500 тонна мия тамырын өңдемек.
Бүгінде кәсіпорында мия тамырын сақтайтын, сыйымдылығы 400 тоннаны құрайтын арнайы қойма бар.
"Өндіріс орны мия тамырының ұнтақ түріндегі өнімін шығарады. Одан бөлек мия тамырының сығындысы тағы бар. Бұл қою сығынды еліміздің дәріханаларында жөтелге қарсы ем ретінде сатылып жатыр. Бірақ, біздің шығарып жатқанымыз – ұнтақ түріндегі шикізат. Қою экстракті шығару үшін жапондықтар өнімді өңдейтін зауыттарын облысқа көшіру туралы 2015 жылы облыс әкімдігімен бір мәмілеге келген болатын. Алайда, екінші зауытты мұнда әкелу үшін, алдымен біріншісін аяққа тұрғызып алуымыз керек. Осы мақсатта қазір аянбай тер төгіп жатырмыз. Егер жоспарымыз жүзеге асып, екінші кәсіпорын бой көтеретін болса, В гепатиті, көз аурулары сынды дерттерге қарсы емге қолданылатын моноаммониум глицирризинат деген бағалы өнім шығаруға мүмкіндік туады. Әзірге келісілген меморандумға сай, жапондықтар шикізатымызды дәріге айналдырып, ел тұрғындарына қолжетімді бағамен сатуға уәде етіп отыр. Одан кейін дәрі түрлерін өзіміз де шығаратын боламыз", – дейді ол.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, фармацевтика саласын дамытуға дем беретін жобаға облыс әкімдігі тарапынан көмек көрсетіліп жатыр. Мысалы, "Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020" бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 60 миллион теңге кәсіпорынның инфрақұрылым жүйесін жүргізуге бөлінген болатын. Серіктестік директоры сондай-ақ, жапондық әріптестерімен біріге отырып, көршілес елдерде орналасқан мия тамырын өңдейтін зауыттарға мамандарын жіберіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасауды жоспарлап отырғандарын айтады.