Жамбылда Қызыл кітапқа енген аңды аулаушылар азаяр емес

753

Жыл басынан бері қарақұйрықты заңсыз ату бойынша 3 дерек анықталды. 

Жамбылда Қызыл кітапқа енген аңды аулаушылар азаяр емес Фото: Жамбыл облысы әкімдігі

Табиғаттың баға жетпес байлығы саналатын жануарлар әлемін қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс. Көздің қарашығындай сақтауға, бағалауға тиісті байлығымызды сақтап қалу, заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою мақсатында мемлекет тарапынан аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Алайда заңсыз аң аулаушылар әлі де азаймай тұр. 

Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараевтың айтуынша, басқармаға қарасты ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері мен мамандандырылған "Сапсан" жедел қызметінің инспекторлары жыл басынан бері рейдтік іс-шаралар барысында ҚР Қызыл кітабына енген қарақұйрық аңын заңсыз ату бойынша 3 деректі анықтаған.

Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 13292,0 мың тенгені құрайды.

Мәселен 2024 жылдың 13 ақпан күні таңғы сағат 04:00 шамасында Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты құм алқабындағы Жаңақұдық қыстауының маңында мамандандырылған "Сапсан" жедел қызметі инспекторларымен кезекті іс-шара барысында ат үстінде жарық салғыш салып жүрген азамат анықталып, ұсталған. Тексеру барысында Қазақстан Республикасы Қызыл кітабына енген қарақұйрықты атып алғаны анықталған. 

Сол секілді басқармаға қарасты Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері кезекті рейдттік іс-шара барысында таңғы сағат 3:30 шамасында заңсыз аңшылық жасап жүрген Қаратау қаласының 1 азаматын ұстаған. Ұсталған азаматтан 1 қоян, 1 шіл құсы және ҚР Қызыл кітабына енген қарақұйрық аңын атып алғаны анықталған.

Осы ретте басқарма басшысы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а 2015 жылғы 27 ақпандағы № 18-03/157 бұйрығымен бекітілген Аң аулау қағидаларын сақтауды ескертеді. Заңсыз аң аулаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес айыппұлдар қарастырылған.

Бұдан өзге ҚР Қызыл кітабына енгізілген сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларды аулаған жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске сала кетейік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу