Жамбылдық ғалымдар фосфор қалдығын кәдеге жаратудың жолын ұсынды

910

 Жамбылдық ғалымдар "Қазфосфат" ЖШС-нің "Жаңа Жамбыл фосфор зауытынан" шығатын қалдықтарды қайта өңдеп, құрылыс материалын өңдірудің технологиясын ұсынып отыр. 

Жамбылдық ғалымдар фосфор қалдығын кәдеге жаратудың жолын ұсынды Фото: ulysmedia.kz

Ғылыми лабораторияда жүргізілген зерттеулердің қорытындысына қарай жасалған жоба жүзеге асса, онда қоршаған ортаға залалын тигізіп жатқан қалдықтардан құтылуға мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар, өңір бюджетіне мол табыс түсетін болады.

Өңірдің экологиялық жағдайына ғалымдардың алаңдауы бекер емес. "Қазфосфат" ЖШС зауыттарынан шығатын қалдықтардың Жамбыл ауданының жерінде таудай болып үйіліп жатқанына талай жыл. Жыл өткен сайын таудың көлемі де, биіктігі де өсе түсті.

Зауыт басшылығы фосфор қалдықтарын тыңайтқыш ретінде пайдаланамыз тегін беруге әзір. Алайда фосфор қалдықтарын сор тартқан жерге болмаса, бәріне бірдей қолдануға болмайды екен. Ал цемент немесе бетон өндірісіне пайдаланып, жол құрылысына қолдануға қалдық құрамындағы фтор көлемінің көптігі кедергі дейді мамандар.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және коммерцияландыру департаментінің директоры Сейтжан Орынбаев ғалымдар зауыттан шығып жатқан қалдықтарды 2,5 мың градуста қыздырып-өңдеп залалсыздандыру қажет екенін айтады.

Бұл процесс екі этапта жүргізіледі. Әр кезеңнің сақталуы тиіс технологиясы мен талаптары бар. Себебі, химиялық реакцияларды жасауда артық асып, кем түсуге болмайды.

Бүгінге дейін зауыттан шыққан қалдық 15 миллион тоннадан асатын. Өндіріс орнында екінші цех іске қосылғалы тағы 2,5 миллион тоннадайы қосылды. Осыған байланысты кәсіпорын басшылығы әкімдіктен қосымша 28 гектар жер сұрап отыр.

Шығарындылардың радиациясы аз мөлшерде десек те, оның қоршаған ортаға зияны барын ешкім жоққа шығара алмайды.

– Ғалымдардың бірлескен жұмыс нәтижесінде қалдықты 2 этапта қыздырып, фторсыздандырып, құрғақ гипс алудың технологиясын жасадық. Оны әрі қарай өңдеп, цемент өндіре аламыз. Осы жобаны өндіріске енгізсек, пайдасы көп, - дейді Сейітжан Әуесжанұлы.

Департамент директорының сөзіне сүйенсек, фосфогписті өңдеп, фторсыздандырудың бірінші кезеңінде қалдық 900 градуста қыздырылғанда 78 пайыз гипске айналады. Ал екіншісінде 1,5-2 мың градусқа жеткенде 98,1 пайыз таза гипс алады екен. Алынған өнімнің 77 пайызын, оған 4 пайыз көмір коксын, 19 пайыз шлак қосса, портландцементін алуға болады. Оны ұнтақтап, тұтынушының сұранысына сай әрі қарай М-400, М-600 үлгісін жасауға да мүмкіндік бар.

Ғалымдар фосфор қалдықтарынан цемент шығаратын өндіріс орнын ашуды ұсынуда. Оған 2,5 миллиард теңге инвестиция қажет.

Экономистер түсер түсім бірер жылда-ақ шығынды ақтап алатынын айтады. Жасалған болжам бойынша, облыс қазынасына бір жылда 230 миллион теңге табыс түседі деп күтілуде.        

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу