Жамбылдықтар жұмысшы күші тапшы аймақтарға көшуге құлшынбай отыр

1341

Былтыр Солтүстік Қазақстан облысына 23 қана отбасы қоныс аударыпты.

Жамбылдықтар жұмысшы күші тапшы аймақтарға көшуге құлшынбай отыр

Жамбыл жерінен көшкен 23 отбасы Солтүстіктегі жұмысшы күшіне деген сұранысты өтей ала ма?

Жамбыл жерінде былтыр жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 58 078 тұрғын тартылып, жыл соңына дейін 45 мыңға жуығы еңбекпен қамтылған. Бұл тиісті мекемеге жұмыс іздеп барғандардың ғана есебі.

Ал бармағандары ше? Жұмыссыздық деңгейі ресми емес есеп бойынша бұдан да жоғары болуы мүмкін. Жамбылдықтар жұмыс таппай жүрсе де, жұмысшы күші тапшы аймақтарға көшуге ниетті емес.

Тараз қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұрлан Қабылқұловтың айтуынша, былтыр Солтүстік Қазақстан облысына 23 қана отбасы қоныс аударыпты. Бұл көш солтүстіктегі жұмысшы күшіне деген сұранысты өтей алмасы белгілі.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының бір ғана Ғабит Мүсірепов ауданында мектеп, балабақша және қосымша білім беру орталығына 26 маман керек екен. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына – 9, ауыл шаруашылығына – 3, 16 мемлекеттік қызметшіге сұраныс туындаған. Одан бөлек басқа салаларда да тағы 15 бос жұмыс орны бар.

"Әсіресе темір жол көлігі саласында 55 маман тапшы", – дейді Ғабит Мүсірепов ауданы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Баян Шегебаев.

Айта кету керек, 2021 жылы Тараздан тағы 3 отбасы Шығыс Қазақстан облысына, Қостанайға – 10, Павлодарға – 19 отбасы қоныс аударған. Ал оларға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасының 3 бағыты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту шеңберінде тиісті қолдаулар көрсетілуге тиіс.

Ардақ Үсейінова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу