Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев агроөнеркәсіптік кешенді қажетті ресурстармен қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жүйелі тапсырмалардың орындалуы туралы есеп берді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Мәселен, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру үшін нақты шаралар көзделген.
Біріншіден, биыл негізгі құралдарға арналған несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникалары мен жануарларының лизингі қайта күшіне енді.
"Бұл биылғы жылдың 10 айында 50 млрд теңгеден астам қаржыға 2752 бірлік техниканы лизингке алуға мүмкіндік берді. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, 40,2 млрд теңгеге 2400 техника алынған. Бағдарлама екінші жартыжылдықта іске асырыла бастағанын ескерсек, бұл — жақсы нәтиже. Жалпы, 2018 жылы лизинг бағдарламасына 60 млрд теңге бағытталмақ", — деп атап өтті Евниев.
Екіншіден, инвестициялық субсидиялау тәсілдері өзгертілді. Енді инвестициялық салымдарды өтеу үлесі барлық паспорттар бойынша 25 пайыз болып белгіленді. Тек жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру жобалары бойынша өтеу пайызы 80 пайыз деңгейінде сақталатын болады.
"Бұл жаңа инвестициялық жобаларға бастама жасауға серпін берді. Егер өткен жылы ҚазАгро желісі бойынша 45,1 млрд теңгеге 40 ірі инвестициялық жоба мақұлданса, ал биылғы жылдың басынан бері құны 104,5 млрд теңгеге 76 жоба мақұлданды", — деді ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі.
Үшіншіден, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру аясында тиімсіз субсидиялар қысқартылуда. Арман Евниевтің сөзіне қарағанда, мұндай субсидияларға өсімдік шаруашылығындағы гектарлық субсидиялар, мал шаруашылығындағы өнімділікті субсидиялау жатады. Реформалау қорытындысы бойынша 54 субсидиядан 34-і ғана қалады. Қалғандары барынша оңтайландырылып, жыл соңына дейін толықтай автоматтандырылатын болады. Бұл өтінімдерді қарастыру мерзімін орташа есеппен 2,5 есеге қысқартып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетпек. Биылғы жылы алғаш рет минералдық тыңайтқыштарға субсидия беру процесі толық автоматтандырылды.
Сондай-ақ, қаржы институттарын ҚазАгро арқылы аграрлық секторды қаржыландыруға тарту жұмысы жалғасуда. Аталған бағыт бойынша екі жыл ішінде несие беру көлемі 21%-дан 37%-ға дейін артты. Жыл басынан бері холдинг 82,3 млрд теңгеге қаржылық институттарды қорландырды.
Кредиттер бойынша кепілдендіру жүйесі жетілдірілуде, мәселен, 2019 жылдан бастап ауыл шаруашылығының басымдықты бағыттары бойынша және кепілдік қамтамасыз ету жетпей тұрған жағдайда кредит сомасының 30%-на дейінгі кепілдікті шағын және орта бизнес ала алатын болады. Бұл үшін тиісті қағидалар қабылданды.
Вице-министр атап өткендей, бұдан басқа, ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесін және кредиттік серіктестіктерді жетілдіру жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ жаңа қаржы құралы — аграрлық қолхат енгізілуде. Бұл үшін заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер пакеті әзірленіп, қазіргі таңда парламент мәжілісінде қаралуда.