Жанар-жағармай бағасының өсуінен инфляцияның арту тәуекелі бар

Ұлттық банк төрағасы жекелеген тәуекелдерді атады. 

Жанар-жағармай бағасының өсуінен инфляцияның арту тәуекелі бар Фото: inbusiness.kz

Елімізде макроэкономикалық жағдай тұрақталып келеді. Қазір экономиканың өсіп, инфляцияның едәуір төмендегені байқалып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Сенат отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 10 айда 4,9%-ға өсіп, оң динамиканы сақтап қалды. Ауыл шаруашылығынан басқа, экономиканың барлық секторында өсім бар. Іскерлік белсенділік индексі қыркүйек айындағы 49 көрсеткішінен қазан айында 49,6-ға дейін, өндірістегі көрсеткіш 51,6-ға дейін көтерілді. Барлық секторда бизнес-климат индексі оң қалпында қалды", – деді Сүлейменов.

Оның сөзінше, жылдық инфляция ақпандағы 21,3%-тен қазан айында 10,8%-ке дейін төмендеді. Сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуі, Ұлттық Банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты, Үкімет қабылдаған шаралар инфляцияның төмендеуіне ықпал етті.

"Жылдық инфляция төмендейтін болады және алдағы айларда бір таңбалы мәнге өтеді деп күтеміз. Алдағы уақытта жоғары базаның шығуын ескерсек, инфляцияның төмендеу қарқыны бәсеңдейді, бірақ сақталады. Сондықтан, жылдық және айлық инфляцияның көрсеткіштерін және олардың таргет деңгейіне жақындауын мұқият қадағалайтын боламыз.

Ұлттық Банк инфляцияның біртіндеп тұрақталып келе жатқанын ескеріп, тамыз және қазан айларында базалық ставканы 16,75%-тен 16%-ке дейін екі рет төмендетті", – деп атап өтті бас банк басшысы.

Алайда, инфляция баяуласа да, ол таргеттен жоғары деңгейде тұр.

Сонымен қатар, ол мынадай жекелеген тәуекелдерге ерекше назар аударды:

Біріншіден, сыртқы сектордағы тәуекелдер: әлемдегі базалық инфляцияның тұрақтылығы, жекелеген сауда әріптес елдер тарапынан инфляциялық қысымның артуы, мұнай бағасының жаһандық инфляцияға әсері және геосаяси тәуекелдер.

Екіншіден, ішкі экономиканы фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер тарапынан бағаларға қысым сақталып отыр. Сонымен бірге, коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасының өсуінен инфляцияның арту тәуекелі бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу