Жеңіл өнеркәсіпті дамыту өзімізден басталады

1819

Сырлы өнер шыдамдылықты шыңдайды.  

Жеңіл өнеркәсіпті дамыту өзімізден басталады

Қаңтар айында дүниежүзілік ұршық иіру күні аталып өтетінін бірі білсе бірі біле бермейді. Тарихы тереңде жатқан ұршық бүгінде ұмыт қалса да, тоқыма өнерін жандандырып жүрген шеберлер жетерлік. Қызылордалық Гүлнұр Данаева ісмерлігімен қажеттілігін жаратып отырған жанның бірі.

Бұрындары әжелеріміз ешкінің жүнін қырықпай-ақ, тарақпен тарау арқылы түбіттерді жинап алатын. Және оларды ұршықпен үйіріп түрлі қолғаптар, күртешелер, орамалдар тоқитын. Айта кету керек, түбіттен тоқылған қолғапты қыстың көзі қырауда кисеңіз қолыңыз терлеп кетеді. Сондықтан болар апаларымыз түбіттен тоқылған шәліні оранып алып ызғарды да елемей, сырттағы тірліктерін алаңсыз бітіре беретін. Және олар осындай жүндерді қазандарға салып қоспалар қосып түрлі-түсті бояуларға бояп алатын. Ал қазір технология дамыған заман, кез-келген жіптің түріне, түсіне таңдау жасауға мүмкіндіктер көп.

Қала тұрғыны Гүлнұр Данаева бос уақытында түрлі бұйымдарды тоқығанды ұнатады. Күндіз үй тіршілігімен кішкентай балаларының бабын жасаудан қолы босамайтындықтан, осы іспен түнде шұғылданатын көрінеді. Қанша шаршаса да сырлы өнерге деген құштарлығы басым.

"Тоқуды кішкентай кезімде анамнан және нағашыларымнан көріп қызығатынмын, дейді шебер. "Кейін өсе келе өзім тоқи бастадым. Қазір пайдасын көріп жатырмын. Неше түрлі мастер класстарға қатысып носки болсын, бас киім болсын үйдегілерге тоқып берем. Қазір шынымды айтсам көп киімдерді сатып алмаймын. Осылай тоқып берем балаларыма, жолдасыма. Көз майын тауысып түнімен тоқығаным, тоқылған дүние біткеннен кейін шаршағанымды ұмытып кетем. Қолыңыздан іс келгеннін бір пайдасы киетін киіміңіздің үлгісі мен әсемдігін өз қалауыңызша тігіп жарасымды етіп кию. Сапасын таңдауда өз қалауыңызда. Өнердің жақсысы қолыннан келгені, кез-келген бұйымды, киімді өз қалауынша, өзің ұнатқан дизайн бойынша тігіп бересін. Магазиннен кейде қолы, жеңі дұрыс келмей қалады. Кейде түсі ұнамай қалады. Өзім сапалы қылып тоқып беремін балаларыма ұнайды риза. Балаларыма ұнаса, риза болса болды", - дейді Гүлнұр Данаева.

Ал қызы Әзиза Жұмажан, "Біздің анамыздың тоқып берген жидесі қатты ұнайды, өзімізге ынғайлы, ірі  сәнді, анаммен мақтанамын. Анамның қолынан бәрі келеді", - дейді.

Бір қызығы Еуропа елдерінде жүйкесі сыр беріп, депрессияға ұшыраған науқастарды емдеу үшін тоқыма тоқу тәсілі кең қолданылады екен. Себебі, тоқу жұмысы миды демалтып, шаршағанды басады. Сондай-ақ қан қысымының төмендеуіне септігі орасан. Мамандардың айтуынша оның тигізер септігі йогамен айналысқанмен бірдей екен. Шыдамдылықты шыңдайды. Сондықтан жеңіл өнеркәсіпті дамыту алдымен өзімізден басталарын естен шығармайық.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу