Жетекші ислам банктері "Астана" алаңына келуге дайын

635

Жетекші ислам банктері "Астана" алаңына келуге дайын

Жетекші ислам банктері "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңына келуге дайын. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан "Қазақстан қор нарығына халықаралық капитал тарту" халықаралық конференциясында "Астана" ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов айтты, деп хабарлайды inform.kz.

"Таяуда ғана біз ислам қаржыландыру секторының қарқынды дамып келе жатқанын айтқан едік. Астана посткеңестік кеңістікте исламдық қаржыландырудың қарлығашы әрі өзіндік көшасбасшысы болады. Қазірдің өзінде Малайзияның, Таяу Шығыстың, ең алдымен Парсы шығанағы елдерінің исламдық қаржыландырудағы жетекші институттарымен жақсы уағдаластығымыз бар. Олар жаңа алаңға келуге дайын", – дейді Қайрат Келімбетов.

Естеріңізге сала кетсек, қазір елімізде "Al Hilal" Ислам банкі жұмыс істейді. Сонымен қатар Қазақстан Ислам даму банкімен де белсенді ынтымақтастықты жолға қойған. Айта кетейік, 2015 жылдың 5 қарашасында Сенат "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Конституциялық заңды қабылдады.

Бұл заң "100 нақты қадам" ұлт жоспарын іске асыру аясында "Астана" халықаралық қаржы орталығын құру, капитал нарығын және исламдық қаржыландыруды дамыту жөніндегі мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды көздейді.

Парламент қабылдаған заң "Астана" халықаралық қаржы орталығы дәл белгілеген шекаралары бар, Астана қаласының шегіндегі аумақты білдіреді. Орталық аумағында өзінің заңнамасы болуы ықтимал, ерекше құқықтық режим қолданылады.

Халықаралық қаржы орталығының қолданыстағы құқығы қабылданып отырған конституциялық заңнан, Англия және Уэльс құқығы қағидаттарына, нормалары мен прецеденттеріне негізделген актілерден, сондай-ақ реттелмеген бөлікте қолданылатын Қазақстанның қолданыстағы құқығынан тұрады.

Заңнамаға сәйкес, президент басқаратын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган құрылады. Оның құзыретіне орталықтың даму стратегиясын айқындау, қаулы түріндегі Орталықтың актілерін қабылдау жатады. Орталық әкімшілігі, орталықтың қаржылық қызметтерді көрсетуді реттеу комитеті, орталық соты және басқа да қажетті органдар құрылуы мүмкін. Ерекше тартымды жағдайлар жасау мақсатында орталықта өзгеше салықтық, валюталық, визалық режим, сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін тартудың режимі көзделген.

Осылайша салық салу бөлігінде орталықтың органдары мен қатысушыларын 2066 жылдың 1 қаңтарына дейін елу жылға корпоративті табыс салығын, мүлік салығын және жер салығын төлеуден босату белгіленген.

Бұдан басқа, шетелдік қызметкерлер жеке табыс салығын төлеуден босатылады. Айта кетейік, "Астана" халықаралық қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі. Жекелеген мәселелер жөнінде қазақ немесе орыс тіліне аударуға рұқсат етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу