Жоғары оқу орындары ғылыми зерттеуге басымдық беріп жатыр

856

Еліміздің жоғары оқу орындарында Жапония, Латвия, Эстония, Ресей және Беларусь университеттерінің дәрісханалары мен зертханалары және орталықтары ашылды.  

Жоғары оқу орындары ғылыми зерттеуге басымдық беріп жатыр

Мұнда бірлескен ғылыми зерттеу жүргізіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мысалы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде химия және физика мамандарын оқытуға арналған жаңа зертхана пайда болды. Зертхана материалдардың радиациялық тұрақтылығы, нанотехнология және  кванттық-химиялық модельдеу сияқты ғылыми жұмыс пен зерттеу жүргізуге арналған технологиямен жабдықталған.

Бұл туралы ЕҰУ басқарма төрағасы-ректор Ерлан Сыдықов: "Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің тапсырмасы бойынша практикалық дәріске ерекше назар аударып жатырмыз. Заманауи ғылыми зертханалардың ашылуы жас ғалымдарды даярлау сапасын арттырады және қолданбалы әрі теориялық сипаттағы ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда зертхана базасында жоғары оқу орындарының ғалымдары Жапонияның Тохоку университетімен, Латвияның қатты денелер физикасы институтымен, Эстонияның физика институтымен, Ресейдің біріккен ядролық зерттеулер институтымен, Томск политехникалық университетімен, сондай-ақ Беларусь мемлекеттік университетімен бірлескен зерттеу жүргізіп жатыр", – деді.

Айта кетейік, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ университетінде су шаруашылығы және су пайдалану саласындағы құзыреттер мен технологиялар трансфері орталығы пайда болды. Бұл – осы салада елімізде пайда болған санаулы орталықтардың бірі. Орталықта гидравлика, гидрохимия, суды кешенді басқару, жылыту және желдету зертханасы жұмыс істейді. Орталық қызметкерлері автоматтандырылған жылу пунктін жасап, оны оқу ғимараттарына орнатты. Нәтижесінде университеттің жылу энергиясын тұтыну көлемі 20%-ға азайды. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мультимедиялық аудиториялар мен инженерлік жобалау орталығы ашылды. Орталық білім алушыларға цифрландыру және автоматтандыру саласында жаңа жоба жасауға мүмкіндік беретін технологиямен жабдықталған.
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында ақпараттық технологиялар орталығының тұсауы кесілді. Заманауи конструкторлармен, роботтар жиынтығымен сонымен қатар 3D принтерімен жабдықталған орталықта робототехника, алгоритмдеу және бағдарламалау негіздері бойынша практикалық дәріс өткізіледі. Ал Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті бейнедеректермен жұмыс істеу үшін бағдарламалық қамтамасыз ету жүйесін сатып алды. Жабдықтың көмегімен оқытушылар оқу үрдісін онлайн режимде бақылайды. Бұған қоса оқу орнында ерте даму және инклюзивті білім беру кабинеттері ашылды. Аудиториялар мультимедиялық жабдықтармен және университет оқытушылары әзірлеген жаңа әдістемелік оқу материалдарымен жабдықталған.

Қанат Махамбет 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу