Жолда қаза тапқандардың 60%-ын құтқарып қалуға болар еді

1572

Жол-көлік оқиғаларының құрбандарын дүниежүзілік еске алу күні өтеді. 

Жолда қаза тапқандардың 60%-ын құтқарып қалуға болар еді

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2005 жылы 26 қазанда жол қозғалысы жарақаттарының алдын алу туралы халықты құлақтандыру мақсатында қарашаның әр үшінші жексенбісін жол-көлік оқиғалары құрбандарын дүниежүзілік еске алу күні ретінде атап өтуді ұсынған еді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Олег Честновтың айтуынша, ең үлкен қауіп – жолда.

"Адамдар жолда өте жиі қаза табуда. Мәселенің ауқымының қандай екенін түсіндіру үшін нақты сандар келтірейін. Әлемде күн сайын 1,5 миллионға жуық адам жол-көлік апаты салдарынан көз жұмуда. Бұл дегеніңіз күніне 3700, әр 24 секундта 1 адам қаза болады деген сөз. Бейбіт заманда осындай орасан зор қайғылы оқиғалар орын алуда. Жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні тірілерге арналған. Аман-есен жүрген адамның өмірінің үзіліп кетуінің көптеген себебі бар. Қайсыбірінің алдын алуға да болады. Жол-көлік апаты да осы қатарға жатады",  дейді ДДС ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі.

Оның айтуынша, балалар мен жастардың қаза болуына, әсіресе, жол-көлік апаты себепші.

"Қазақстанда және әлемде 29 жасқа дейінгілердің қаза болуының ең бірінші себебі – жол апаты. Дәрігерлер жол апатынан кейін келеді. Өмірді сақтап қалуға тырысады. Бір статистикалық мәлімет келтірейін, жолда қаза тапқан адамдардың 60%-ын құтқарып қалуға болар еді. Адамдар көлігі аударылған сәтте не істерін білмейді. Оқиға орнына, әдетте, басқа жүргізушілер ең бірінші келіп жетеді. Өкінішке қарай, қолында жүргізуші құжаты бар, алғашқы көмек көрсету курсынан өткен жүргізушілер де не істерін білмейді. Мамандарды шақырып, келуін күтіп тұрады. Сондықтан азаматтардан жүргізуші куәлігін аларда жол ережесі мен алғашқы көмек көрсету курсына жіті мән берулерін сұраймын. Бұл мәселеге тек жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні ғана емес, тұрақты түрде көңіл бөлу керек", – деді Олег Честнов. 

Еске сала кетейік, жол көлік құрбандарын еске алудың бүкіләлемдік күнін алғаш рет 1993 жылы "Роудпис" (RoadPeace) ұйымдастырды. Содан бері бұл күн бүкіл әлемде аталып келеді. Бұл күнді атап өтуге бірқатар үкіметтік емес ұйым, соның ішінде Еуропалық жол-көлік оқиғасы құрбандары федерациясы (FEVR) және оған қарасты ұйымдар қолдау көрсетеді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу