Жұмыртқадан тапшылық болмай ма?

338

Ақтөбедегі құс фабрикасы өнім көлемін арттырады. 

Жұмыртқадан тапшылық болмай ма? Фото: Ақтөбе құс фабрикасы

Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, 1 мамырдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін және басқа да көршілес мемлекеттерден Қазақстанға жұмыртқаны көлікпен әкелуге тыйым салынғаны белгілі. Бұл тыйым жарты жыл күшінде болады. Осы ретте inbusiness.kz тілшісі еліміздің батыс аймағындағы ең ірі құс фабрикасының жұмысымен танысып, әлеуетін білген еді.

Ақтөбедегі бұл құс фабрикасы қазірдің өзінде жылына 180 миллион жұмыртқа шығарып отыр. Өңір халқының жартысына жуығы жергілікті өнімді тұтынады. Дегенмен, қалған бөлігі дүкен сөрелерінде самсап тұрған көрші елден келетін жұмыртқаны сатып алады екен. Осы жерде "Сырттан келетін өнімге тоқтау салынса, тапшылық болмай ма" деген заңды сұрақ туындауы заңдылық. Фабрика басшысының сөзінше, бұл шектеудің құс шаруашылығымен айналысып отырған отандық кәсіпкерлерге пайдасы болмаса, зияны жоқ. Өйткені, кәсіпорынның өңір тұрғындарын жұмыртқамен толық қамтуға қауқары жетеді. 

"Ресейде 25 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан үлкен фабрика бар. Балапанды сол жақтан аламыз. Әр кәсіпорынның экономикалық мақсаты болады ғой, біз үшін сол тиімді болып тұр. Біздегі құс бір жарым жыл бойы жұмыртқалайды.Одан соң етке тапсырылады. Олардың орнына жас тауықтар әкелінеді. Бағаға келетін болсақ, сәл өсім бар. Өйткені, тек Ақтөбеде емес, Қазақстан бойынша коммуналдық төлемдердің бәрі өсті", - дейді серіктестік директоры Серікқали Қалауғали.

Фабрика жұмыртқаның бір данасын 54 теңгеден саудалап жатыр. Баға өткен жылдың қыркүйегінен бастап сәл өскен. Қазір бұл жерде 180 адам еңбек етеді.  Іргетасы 1966 жылы қаланған өндіріс орнында 14 цех жұмыс істеп тұр. Оның үшеуінде балапан өсіріледі. Ал, басқаларында тауық жұмыртқалайды. Қазір мұнда жарты миллионнан аса тауық пен 150 мың шөже өсіріліп жатыр. Фабриканың жем дайындайтын өз цехы бар. Онда 15 адам жұмыс істейді.

"Сағатына 10 тонна жем әзірлеуге болады. Қазір күніне 80 тонна шығарып жатырмыз. Жем 17 түрлі қоспаны араластыру арқылы дайындалады. Сапасы жоғары. Техника Германиядан шыққан. Жұмыс барысында ешқандай ақау жоқ", - дейді цех қызметкері Андрей Чередниченко.

Фабриканың ендігі мақсаты  - жылына 200 миллион жұмыртқа шығару. Ал, ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы құс фабрикалары ішкі нарықты 98 пайызға қамти алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу