Жыл басынан бері еліміздің кәсіпорындарында 47 адам қаза тапты

730

ҚР Еңбек министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы жазатайым жағдайларға әкеп соқтыратын оқиғалардың негізгі себептерін атады.

Жыл басынан бері еліміздің кәсіпорындарында 47 адам қаза тапты

Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, мемлекеттік бақылау нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтардың 30%-дан астамы еңбек қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

2021 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 065 тексеру жүргізді, оның барысында 10 592 бұзушылық анықталды, оның ішінде еңбек қатынастары саласында – 6 915, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 3 547, халықты жұмыспен қамту саласында – 130 жағдай белгілі болды. 

Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс берушілерге 3 348 ұйғарым беріліп, 325 млн теңгеге жуық сомаға 1 323 айыппұл салынды.

"Өткен жылы еліміздің кәсіпорындарында 1 467 адам зардап шекті, бұл 2020 жылға қарағанда 2,4%-ға аз (2020 жылы – 1 503 адам), оның ішінде 200 адам қаза тапты, бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 3,8%-ға төмен (2020 жылы – 208 адам). Осы жылдың 3 айында еліміздің кәсіпорындарында 313 адам зардап шекті, оның ішінде 47 адам қаза тапты", – деді спикер.

Бұл ретте комитет төрағасы жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептерді атады. Оның іщінде зардап шегушінің өзінің өрескел абайсыздығы (35,7%), жұмыс өндірісінің дұрыс ұйымдастырылмауы (23,5%), еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларының бұзылуы (9%), автожол қозғалысы қағидаларының бұзылуы (9,5%) бар. 

Сонымен қатар брифинг барысында қандай салаларда адамдар көбірек жарағат алып, зардап шегетіні белгілі болды. 

Комитет басшысының айтуынша мұндай жағдайлардың басым бөлігі өнеркәсіптік өндіріс саласында тіркеледі. Ал өңірлер бойынша Қарағанды (238 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (204 адам), Ақтөбе (107 адам), Қостанай (122 адам), Павлодар (114 адам) облыстарында және Алматы қаласында (107 адам) көп байқалады. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу