"Астана-Теплотранзит" алаңында неміс технологиясын тәжірибелік пайдалану басталды

971

"Астана-Теплотранзит" алаңында неміс технологиясын тәжірибелік пайдалану басталды

Қазақстанда жылумен жабдықтау құбырларының қызмет ету мерзімін ұзартуға және нығайтуға арналған арнайы құралдарды орнату және сынақтан өткізу бойынша пилоттық жоба басталды. Жоба "ТКШ ҚазОрталығы" АҚ мен Merus неміс компаниясы арасындағы келісім аясында жүзеге асырылуда. Астанада "Астана-Теплотранзит" АҚ алаңында аспаптарды тәжірибелік пайдалану басталды және Қызылордада жалғасады, деп хабарлайды ИДМ баспасөз қызметі.

Германияның өкілдері хабарлағандай, Merus технологиясын көп жылдық қолдану тәжірибесі жылу және сумен жабдықтау жүйелерінде пайдалану кезінде олардың жоғары тиімділігін көрсетті. Құбырдың айналасында орнатылған арнайы сақина құбыржолдар мен ілеспе жабдықтардан қақ, тот және бактерияларды алып тастайтын молекулалық тербелістер түзеді. Бұл бөлшектер құбырдан жуылып, жүйенің бастапқы жоғары өнімділік сипаттамаларын қалпына келтіреді және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мұндай технология үйлер мен ғимараттарды жылыту және техникалық қызмет көрсету шығындарын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

"Астана мен Қызылордада тәжірибелік пайдалану 5 айға созылады. Осы кезең ішінде мамандандырылған зертханалар зерттеулер жүргізетін болады. Пилоттық жобаның оң нәтижелері кезінде жобаны ҚР басқа өңірлерінде іске асыру үшін одан әрі ынтымақтастық мүмкіндігі қаралатын болады. Сонымен қатар біз басқа да шетелдік технологияларды Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық секторында сынамақтан өткізу үшін зерттейміз", - деді "ТКШ ҚазОрталығы" АҚ Басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаев.

"Астана-Теплотранзит" АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сергей Голевтің айтуынша, Астанада соңғы 2 жылда тек магистральды жылу желілерінің өзі ғана 40 км астам пайдалануға берілді.

"Құбырлардың сапалық сипаттамаларын сақтап, мүмкіндігінше ұзағырақ қызмет етуі өте маңызды.  Жылумен жабдықтау жүйелерінің сенімділігі мен үнемділігінің төмендеу себептерінің бірі құбырлардың ішкі тотықтануы болып табылатыны белгілі. Сондықтан да біз тотықтану жылдамдығын төмендетуге және жылу тасымалдағыштың сапасына оң әсер ететін озық технологияларды байқап көруге әрі сынауға дайынбыз", - деп атап өтті ол.

Айта кету керек, Астана қаласында Merus аспаптарын орнату және сынамақтан өткізу бойынша пилоттық жоба Астана әкімдігі, "Астана-Теплотранзит" АҚ және "Астана Су Арнасы" МКК қолдауымен жүзеге асырылуда. Тұтастай алғанда ТКШ секторына неғұрлым озық және тиімді шетелдік технологияларды тарту бойынша жұмысты ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің саланың энергия тиімділігін арттыру және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы ұлттық инновациялық жүйені дамыту саласындағы 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын іске асыру шеңберінде "ТКШ ҚазОрталығы" жүргізіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу