"Атамекен" КҰП пен бас прокуратура ортақ жол картасын бекітті

1031

"Атамекен" КҰП пен бас прокуратура ортақ жол картасын бекітті

"Атамекен" КҰП пен бас прокуратура өзара тиімді әрекеттестікке бағытталған жол картасын бекітті, деп хабарлайды abctv.kz. 

ҚР бас прокуратурасында бизнесті қорғау бойынша ұйымдастырылған "Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы" атты II форумда "Атамекен" ҰКП мен бас прокуратура өзара тиімді әрекеттестікке бағытталған жол картасын бекітті. Құжат 6 бағыттан және 64 нақты іс-шарадан тұрады. Жол картасында көрсетілген іс-шаралар 2018 жылы атқарылуға тиіс.
Дәл мұндай жол картасы былтыр да, бизнесті қорғау тақырыбын қаузаған І форумда мақұлданған еді. Аталған құжат аясында 114 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары түзілген болатын. Бүгін өткен "Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы" атты ІІ форумда ҚР бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бас прокуратура бекіткен жол картасы аясында атқарылған жұмыстар туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Ал "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов бүгінгі форумда мақұлданған 2018 жылға арналған жаңа жол картасындағы басымдықтарға тоқталды. Солардың бірі кәсіпкерлік саласын қолдауға арналған заң жобасы. 
"Әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселесі әлі де өзекті. Қазіргі таңда бизнестегі әкімшілік заңнаманы ізгілендіруге бағытталған заң жобасы ҚР парламенті сенатының қарауына жіберілді. Заң жобасын әзірлеу жұмыстарына 2 жыл уақыт кетті. Нәтижесінде кәсіпкерлерге оң әсер беретін жаңашылдықтар енгізілді. Атап айтқанда заң жобасында егер құқық бұзушылықтың маңызы шамалы болса, она жауапкершіліктен босату институтын қайтару, 157 құрам бойынша әкімшілік айыппұлдар көлемін орта есеппен 30%-ға азайту, кәсіпкерлерге айыпұлдарды 50%-дық жеңілдікпен өтеу мүмкіндігін беру, ескерту институтын ұлғайту және тағы да басқа нормалар қарастырылған. Аталған заң қабылданса, бизнестегі ахуал айтарлықтай жақсарар еді", – деді Рустам Жүрсінов. 
"Атамекен" КҰП басқарма төрағасы орынбасарының айтуынша, бизнестің мүддесі мемлекеттің мүддесіне айналуы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу