Елордада AstanaArtFest фестивалі кезінде "Бәйтерек" монументі алдындағы LED-дисплейлерден "ЭКСПО-2017" көрмесінің ашылу салтанаты тікелей эфирде көрсетілмек. Мұны бүгін Астана әкімдігінде мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов мәлім етті, деп xабарлайды inform.kz.
Басқарма басшысының айтуынша, Астанада "Нұржол" бульварында III халықаралық "AstanaArtFest-2017" арт-фестивалі өтеді. "Нұржол" бульвары AstanaArtFest фестивалінің өнер көрмесіне айналады. Бұл шара елорда тұрғындары мен қонақтарының ең сүйікті фестивальдарының бірі. Екі жылда фестивальге әлемнің 10 мемлекетінен 78 мың сүретші қатысса, оны тамашалаған көрерменнің саны жарты миллионнан асып кетті", – дейді Болат Мажағұлов.
Оның айтуынша, фестивальге дүниежүзінен келген қылқалам шеберлерімен қатар, дизайнерлер, арxитекторлар, музыканттар мен режиссерлер қатысады. Дайын туындылар 1 маусымнан бастап орнатыла бастайды, ал фестивальдің ашылуы 10 маусымға белгіленіп отыр.
Жалпы, ЭКСПО-2017 көрмесі барысында 647 мәдени шара өткізілгелі отыр.
"Мәдени-көпшілік шаралар қалада жаз бойы өтеді. Жоспарланған шаралар түрлі форматта өтпек. Онда концерт, көрме, отбасылық шара, театрландырылған және цирк қойылымдары болады. Ал "ЭКСПО-2017" көрмесінің ашылу және жабылу салтанаты "Бәйтерек" монументі, қалалық алаңда және "Студенттік" саябақта орнатылатын үлкен LED-дисплейден тікелей эфирде көрсетіледі", – дейді басақарма басшысы.