"Қазақтелеком" Kcell акцияларының 75 пайызын сатып алатын болды

874

"Қазақтелеком" Kcell акцияларының 75 пайызын сатып алатын болды

Қазақстан Республикасы ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті "Қазақтелеком" АҚ-ның "Kcell" АҚ дауыс беретін акцияларының 75%-ын сатып алу туралы өтінішхатын қарауды аяқтады, деп хабарлайды ҰЭМ баспасөз қызметі.  

Өтінішхатты қарау кезінде монополияға қарсы орган ұялы байланыс қызметтері нарығындағы бәсекелестікке егжей-тегжейлі талдау және бағалау жүргізді. Шешім қабылдау кезінде нарыққа барлық қатысушының ұстанымдары ескерілді. Байланыс саласындағы уәкілетті орган – ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігі – сондай-ақ тұтынушылар, қатысушылар үшін және тұтастай алғанда салаға мәміле жасаудан болжамды ықпал мен әсерді бағалады. 

Нарықта "Алтел" және "Tele2" брендтерін ұсынатын "Қазақтелеком" АҚ және "Мобайл Телком-Сервис" ЖШС компаниялары бір тұлғалар тобына кірмейтіні анықталды, себебі осы серіктестіктегі бақылау пакеті (50,52%) "Tele2 AB" швециялық компаниясына тиесілі. Осылайша, қазіргі кезде  "Қазақтелеком" АҚ-ның ұялы байланыс қызметтері нарығында нарықтық үлесінің жоқ екендігін ескере келе, монополияға қарсы орган "Қазақтелеком" АҚ-ның "Kcell" АҚ-ның дауыс беретін акцияларының 75%-ын сатып алуын қамтитын экономикалық шоғырлануға келісім берді.

Осы мәміле оң шешімін тапқан жағдайда, "Қазақтелеком" АҚ алғаш рет еліміздің ұялы байланыс нарығына кіреді. Бағалаулар бойынша, осы нарықтағы компанияның үлесі 37,5%-ды құрайды.

Мәміле түпкілікті тұтынушылар үшін ұялы байланыс қызметтерінің құнынан әсер етпейтінін атап өткен жөн. Айталық, Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 208-бабына сәйкес Монополияға қарсы комитет ел тұтынушыларының және тұтастай алғанда саланы дамыту мүддесінде бірқатар шарттар мен талаптар белгіледі, оларды бұзу шешімді қайта қарауға, оның ішінде мәміленің күшін сот тәртібімен жоюға әкеп соғады.

Мұндай шарттардың ішінде: қолданыстағы тарифтік жоспарларды (пакеттерді) мәміле жасалғаннан кейін үш жыл бойы сақтау; абоненттер үшін қосымша қызметтердің пайда болуы; 2021 жылға дейін ауылдық елді мекендерде (халық саны 4 мың адам және одан көп) 4G желісімен қамтуды кеңейту; 2021 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірмей 5G қызметтерін ұсыну стандарттарын енгізу.

Сондай-ақ, тұтынушылардың мүдделеріне қарай монополияға қарсы орган "Қазақтелеком" АҚ-ды "Кселл" - "Activ" брендтерін сақтауды міндеттеді.

"Kcell" АҚ-ның тәуелсіз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруы үшін, шарт ретінде тәуелсіз менеджментпен жеке басқаруды жүргізуі көзделген, яғни акционер "Kcell" АҚ-ның жаңа менеджментпен кәсіпкерлік қызметтің жүргізуін анықтай алмайды.

Көрсетілетін қызметтердің тиісті сапасы мен құнын сақтау мақсатында ұялы байланыс нарығына басқа да қатысушылармен қолданыстағы инфрақұрылымды бірлескен дамыту шарттарды сақтау нұсқама етілді. 

Осы шарттар "Қазақтелеком" АҚ тарапынан мәміле жасау кезінде орындау үшін міндетті болып табылады.

Сонымен қатар, ҚР ақпарат және коммуникациялар министрлігінің атына нұсқама жіберілді, оны іске асыру бәсекелестікті сақтау және дамыту үшін жағдайлар жасау арқылы ұялы байланыс қызметтері нарығын реттеу тетіктерін жетілдіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу