"Мектепке жол" акциясы басталғалы 2 миллионнан астам балаға көмек көрсетілген

3747

10 жылдың ішінде демеушілер мен меценаттардың қолдауымен 7 млрд-тан астам қаражат қайырымдылыққа жұмсалған.

 "Мектепке жол" акциясы басталғалы  2 миллионнан астам балаға көмек көрсетілген Фото: aktobenews.kz

Біріккен Араб Әмірліктері еліміз бойынша жүріп жатқан "Мектепке жол" қайырымдылық жобасына қатысты, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Қайырымдылық іс-шарада сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев "Мектепке жол" қайырымдылық акциясын қолдағаны үшін Қазақстан Республикасындағы Біріккен Араб Әмірліктері елшілігіне алғысын білдірді.

"Осы күнге дейін Астана әкімдігі Біріккен Араб Әмірліктері елшілігімен бірлесіп бірнеше жобаны жүзеге асырды. Соның бірі, өздеріңіз көріп отырған еңсесі биік білім ордасы. Осы бір игі дәстүр бүгінде жалғасын тауып, жыл сайын еліміз бойынша өтетін "Мектепке жол" қайырымдылық акциясына қолдау білдіруі. Екі елдің достығы бұдан да тереңдей береді деген ойдамын. Ал, балаларды жаңа оқу жылымен құттықтап, үздік білім алып, жетістікке жетулеріне тілектеспін", - деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Акция аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан үш жүз балаға мектеп формасы сыйға тартылды.

"Екі ел арасында және қос ел басшыларының арасындағы достық қарым-қатынастың биік деңгейде екендігін айтқым келеді. Біз алдағы уақытта да екі ел арасындағы достықты дамытуға, әсіресе білім саласындағы байланысты нығайтқымыз келеді", - деді Біріккен Араб Әмірліктерінің Төтенше және өкілетті елшісі Мұхаммед Ахмед Сұлтан Иса Әл-Джабер.

Акция аясында оқушыларға табыс етілген киім-кешектер "Алтын адам" киім фабрикасынан арнайы тапсырыспен сатып алынған.

"Бүгінгі акция қайырымдылық іс-шаралардың бастамасы. Қыркүйек айының басында осы "Мектепке жол" жобасының аясында "Мектеп сөмкесі" және "Мектеп формасы" атты акцияларды ұйымдастырамыз. Біз Астана әкімдігімен тығыс байланыстамыз, мұқтаж балалардың тізімін әкімдік береді. Ал, біз әр баланың қай сыныпта оқитынын, оның аяғының, жейдесінің, мектеп фомасының өлшемін алып, әр балаға шақтап, дәлдеп алып береміз және де қазақстандық өнімдерді аламыз", - деді "Ummet" қоғамдық қорының президенті Мұхаммедәмин Құрманәли.

Айта кетейік, "Мектепке жол" акциясы басталған 10 жылдың ішінде демеушілер мен меценаттардың қолдауымен 7 млрд-тан астам қаражат көлемінде 2 млн-нан астам балаға көмек көрсетілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу