Шымкентте "Табиғи дәріхана" деп аталатын жаңа дәріхана желісі ашылды, деп хабарлайды blognews.kz.
Онда бал және бал арасымен, емдік қасиеттері бар өсімдік-шөптермен, табиғи дәрумендермен емдеу шараларына арналған бұйымдар сатылымға шығарылып отыр. Медицинада мұндай емдеу тәсілін апитерапия деп атайды.
Шымкент үшін тың бастаманы көтерген жоба авторы Азизбек Улумбеков Алматы қаласындағы Қазақстан-Ресей медициналық университетін бітірген. Ол "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қорының жастарды бизнеске баулу сабақтарына қатысып, тәжірибе жинақтады. Нәтижесінде осы істі бастауға бел буып, алған кәсіби білімін бизнеспен ұштастыруда.
Жас кәсіпкер қазірдің өзінде 20 шақты табиғи дәрілік шөптер мен бал түрлері бойынша сауда жасайды. Алдағы уақытта дәріханадағы тауар түрлерін Қазақстанның барлық өңірлерінен алып келген табиғи өнімдермен еселеуді жоспарлап отыр. Осылайша тұрғындардың денсаулығына аса пайдалы бұл тауарларды маркетинг жүйесімен таратуды қолға алмақ.
"Өзім медицина маманы болғаннан кейін білемін. Қазір елімізде дәріхана да, ондағы дәрі-дәрмектің де түрі көп. Ал, олардың 25 пайызы ғана адам ағзасына пайдалы болса, қалған 75 пайызының зияны көп. Көбісі жарнама, бизнес болып кетті. Кез-келген дәрінің ағзаңыздың бір жеріне пайдасы болғанымен келесі мүшеңізді улайтыны тағы белгілі. Ал, бал және емдік шөптердің адам ағзасына ешқандай кері әсері жоқ. Рецептсіз де пайдалана беруге болады", - дейді жас кәсіпкер.