"Үздік мемлекеттік қызметші" республикалық байқауы өткізіледі. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференцияда Қазақстан республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова мәлімдеді.
Жыл сайын 23 маусым күні мемлекеттік қызметшілер мейрамы аталып өтілетіндігі белгілі. Айгүл Шайымова осыған орай ұйымдастырлып жатқан байқаудың маңызына тоқталып өтті.
Сонымен қатар спикер байқауға қатысуға үміткерлерді анықтау мақсатында мемлекеттік органдардың басшылары іріктеу кезеңін өткізетіндігін мәлімдеді. "Ең көп балл жинаған мемлекеттік қызметшілер конкурсқа қатысу үшін үміткер ретінде тағайындалады. Одан кейін олар "Нәтижелерге тиімді қол жетуге бағытталған мемлекеттік аппаратты одан әрі дамыту" тақырыбында көлемі 500 сөзді құрайтын эссе жазады. Эсседе мыналар болуы қажет, ағымдағы жағдайға талдау жасау және болашақтағы перспективаларды сипаттау, іске асырылып жатқан реформалардың жетекшісі ретінде мемлекеттік аппаратты және мемлекеттік қызметті жетілдіру үшін жаңа және инновациялық тәсілдерді ұсыну, эсседе сипатталған мәселелерді шешуде кандидаттың жеке үлесі туралы атап өту", - деді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова.
"Ал "Визит карточкасы" бөлімінде конкурсқа қатысушы өзінің өмірлік және кәсіби басымдықтары туралы ақпаратты ашып көрсетуі тиіс. Ол 5 минут ішінде үздік мемлекеттік қызметші болуға және басқа атаққа лайық екенін көрсетіп үлгеру керек", - деді байқау ұйымдастырушылары.
Конкурс жеңімпаздарын марапаттау 23 маусым - Қазақстан республикасының мемлекеттік қызметшісі күніне орайластырылды.