БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі 2019-2020 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне сайланған елдердің ұлттық туларын орнату ресми рәсімін өткізді, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Өз миссиясын аяқтаған Боливия, Қазақстан, Нидерланды, Швеция және Эфиопияның орнына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа тұрақты емес мүшелері ретінде Бельгия, Германия, Доминикан Республикасы, Индонезия және Оңтүстік Африка келді.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жаңа тұрақты емес мүшелердің қосылуының салтанатты рәсімі БҰҰ тарихында тұңғыш рет Қазақстанның бастамасымен 2018 жылдың қаңтарында оның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде төрағалығы кезінде өткізілді. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер осы жаңа енгізілімді Қазақстанның "жарқын жеке карточкасы" деп атады.
Бұрын Қауіпсіздік Кеңесінің залы алдындағы баспасөз қабырғасының жанында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты емес мүшелерінің туларын ауыстыруы техникалық рәсімі болды. Жаңа дәстүрді енгізуімен бұл рәсім БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің және әлемнің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанында аккредиттелген өкілдерінің кеңінен қатысуымен ресми іс-шараға айналды.
"Бұл салтанатты іс-шараның мақсаты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жаңа мүшелерін тану мен құрметтеуді көрсету болып табылады. Кеңестің барлық 15 мүшесі бұл рәсім БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жыл сайынғы дәстүріне айналатындығын бірауыздан растады", - деп ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров атап өтті.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мен оның мүшелерінің жұмысын аса құрметтеудің белгісі ретінде Қазақстанның Тұрақты өкілдігі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің тулары үшін Қазақстанда жасалған және ұлттық оюлармен безендірілген арнайы тұғырлар сыйлады.
Іс-шараға Доминикан Республикасының сыртқы істер министрі Мигель Варгас, Бельгия, Германия, Индонезия, Оңтүстік Африканың, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде миссияны аяқтаған елдердің және басқа мемлекеттердің тұрақты өкілдері, сондай-ақ БҰҰ Хатшылығы мен БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде екі жылдық жұмысын 2018 жылғы 31 желтоқсанында аяқтады.