Астанада өткен стратегиялық бастамалар форумында белгілі экономист, CSI компаниясының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов алдағы жылдарға арналған экономикалық 10 болжамын жариялады. Оны ойға сыймас 10 болжам деп те айтуға болады.
"Өйткені, олардың орындалу ықтималдылығы 1 пайыздан да төмен. Сондықтан оны базалық сценарий ретінде қарастыруға болмайды. Біз мұны қоғам талқысына салу үшін жасадық", – дейді Олжас Құдайбергенов.
Сонымен болжамдарға кезек берейік.
1. Қытай Қазақстанмен арадағы сауданы юаньмен жүргізетін болады
Аспан асты елі Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдерімен, басқа да көршілес мемлекеттермен жүргізілетін сауданы юаньға ауыстырады.
"2016 жылдың желтоқсан айында Қытай төл ақшасын әлемдегі резервтік валюта деңгейіне жеткізді. Бір жарым жыл ішінде әлемдік резервтердегі юаньның үлесі екі есе өсіп, 1,87 пайызды құрады. Егер қазіргідей қарқын сақталса, онда алдағы екі жылда юань әлемдегі үшінші валютаға айналады. Осылайша, ол Жапонияның йені мен Ұлыбританияның фунт стерлингін басып озады", – дейді Олжас Құдайбергенов.
Оның айтуынша, Қытай тарапы қазір дәл осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, юаньмен берілетін кредиттер көлемін тұрақты түрде ұлғайтуда. Бұл ретте Дүниежүзілік банктің баламасы ретінде Азия инфрақұрылымдық инвестициялық банкін құрды. Сондай-ақ мемлекеттердің орталық банктеріндегі валютаны тікелей айырбастау желілерінің санын күрт көбейтті. Бұдан бөлек, шикізаттық тауарларды юаньмен саудалауға мүмкіндік алған.
Мұның соңы 2020 жылдың соңына қарай Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен арадағы сауда операцияларын юаньмен жүргізуге алып келеді.
2. Келер жылы Қазақстандағы шетелдік банктердің саны отандық банктерден асып түседі
Ал 2025 жылға қарай экономиканы несиелеудегі шетелдік банктердің үлесі 50 пайызға жетпек. Экономистің сөзінше, алдағы бірнеше жылда Қазақстанның банктік секторындағы негізгі бәсеке ресейлік және қытайлық банктер арасында өрбиді.
"Қазір Қазақстанда 27 коммерциялық банк бар. Оның 13-і – шетелдік институт. Шетелдік банктердің кредит беру көлеміндегі жалпы жиынтығы 15 пайыздан аспайды. 2022 жылдан бастап Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелері күшіне енеді. Бұл қаржы нарығына ену процесін әлдеқайда жеңілдетеді. Осыдан кейін ресейлік және қытайлық банктер Қазақстандағы филиалдарының санын күрт арттыратын болады. Олар арзан несие беріп қызықтырады. Осылайша, Қазақстандағы 300-дей ірі компанияның жұмысын шетелдік банктер қамтамасыз ететін болады", – дейді Олжас Құдайбергенов.
3. Түркия НАТО-дан шығып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі атанады
Экономистің болжамынша, Түркия 2019 жылы НАТО-дан (Солтүстік атлантикалық келісім ұйымы) шығып, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше боп кіреді. Ал 2020 жылы Еуразиялық экономикалық одақпен бірыңғай нарық туралы келісімді бекітетін болады.
"Түркияның қазіргі жағдайы шатқаяқтап тұр. АҚШ-тың бұл елге қарсы санкциялық саясаты әлі де жалғасуда. Оның үстіне, АҚШ әуе қорғаныс жүйелерін беруден бас тартып келеді. Демек, Түркия Ресейдің әуе қорғаныс жүйесіне біржола ауысуы керек. Ал бұл жүйе НАТО-ның стандарттарына мүлдем сәйкес келмейді. Сондықтан Түркия таңдайтын екі жол бар: біріншісі – ресейлік жүйеге көшуден бас тарту, екіншісі – НАТО-ның құрамынан шығу", – дейді эконоист.
Оның пікірінше, Түркияға екінші қадамға барады. Осылайша, Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшесі атанады. Бұл аралықта ішкі саяси жағдай да нашарлайды. Германия, Франция және Италиядағы парламенттік сайлауларда популистер жеңіске жетеді де, Еуроодақ пен еуроаймақтың болашағы бұлыңғырлана түседі. Түркия осы жағдайды ескеріп, Ресеймен және Қытаймен бірыңғай нарықтық форматтағы өңірлік интеграцияға көшетін болады.
4. Ресейлік рубль Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай валютасы болады
Экономистің болжамынша, 2020 жылға қарай ресейлік рубль Еуразиялық экономикалық одақтың резервтік валютасы болады. Ал 2025 жылға қарай аталған ұйымның бірыңғай валютасына айналады.
"АҚШ мен Ресей, АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістер өңірлік интеграцияны күшейтеді. Егер Түркия Еуразиялық экономикалық одаққа өтсе, рубльді аталған ұйымның резервтік валютасы ретінде қолдану мәселесіне күн тәртібіне шығады. Бұдан бөлек, одақ елдерінің банктік секторына Қытайдың да ықпалы күшейеді. Оған төтеп беру үшін Ресей ұлттық валюталарды рубльге ауыстыру туралы бастама көтереді", – дейді Олжас Құдайбергенов.
5. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымымен келісімді тоқтатады
Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, Дональд Трамп Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) реформа жасауды талап етуде. Алайда, бұған G-20 елдері көне қоймайды.
"Сондықтан АҚШ Дүниежүзілік сауда ұйымы сотының шешімдеріне бағынудан бас тартады. Одан кейін Трамп басқа қадамға барады. Яғни, АҚШ-ты ДСҰ-дан шығарып, елге тиесілі қаржыландыру міндеттемесін біржола тоқтатады. Бұл жағдай Дүниежүзілік сауда ұйымына деген сенімді сейілтеді", – дейді экономист.
Осылайша, көп елдер өңірлік интеграцияға иек артып, ұйымнан іргесін аулақ салуы мүмкін. Қазақстан да аталған жолды таңдауы ғажап емес.
6. 2019 жылы АҚШ Қазақстанға алғаш рет санкция салады
"Мұны АҚШ пен Ресей арасындағы шиеленістердің салдары деп білу керек. АҚШ пен Қытай арасындағы жағдай да ушығып барады. Осылардың салдарынан Ресейдің мемлекеттік компаниялары мен банктері санкцияның зардабын тартады. Соңын ала Қазақстанның мемлекеттік және жеке меншік компаниялары да "сұр тізімге" енеді. Сонымен қатар С-400 жаңа әуе қорғаныс жүйесін және әскери техника сатып алу операциялары да санкция салдарынан тоқтайды", – дейді Олжас Құдайбергенов.
7. Forbes Kazakhstan тізіміндегі бизнесмендердің тізімі 90 пайызға жаңарады
Алдағы үш жылда Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша байлығы бойынша ТОП-50-ге кіретін бизнесмендердің тізімі 90 пайызға жаңарады. Экономистің пікірінше, ішкі экономикалық жағдайлардың нашарлауы салдарынан бірқатар қаржылық және қаржылық емес активтердің басшысы ауысады. Бұдан бөлек, дамыған елдер барлық капиталды тексере бастайды. Аталған шара аясында активтердің көп бөлігі кәмпескеленеді немесе жағдай анықталғанға дейін бұғатталады.
8. Қазақстан 2000 жылдарға қайтып оралады
"Қазақстан экономикалық реформалар тұрғысынан 2000 жылдарға қайтып оралады. Яғни, Қаржылық бақылау агенттігі Ұлттық банктен қайтадан бөлініп шығады да, Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігі немесе оның балама түрі құрылады. Зейнетақы активтері жеке басқаруға қайтарылады. Салық саясаты жүктеме тұрғысынан 2000 жылдардың басындағы форматқа ауысатын болады", – деген пікірді алға тартып отыр сарапшы.
9. Қазақстанда техногендік апаттар көбеяді
Олжас Құдайбергеновтің сөзінше, республика бойынша коммуналдық желілердің 60 пайыздан астамы тозып тұр.
"Бұл – ресми дерек. Ал бейресми деректерге сүйенсек, кейбір өңірдегі желілердің тозуы 70-90 пайызға дейін жетеді. Сыртқы жағдайлардың тұрақсыздығына байланысты жілілердің тиімділігі күрт төмендейді. Сондай-ақ алдағы жылдарға арналған инвестициялық жобалардан да бас тартылады. Одан кейін коммуналдық желілерге қызмет көрсететін жұмысшылар саны қысқарады. Салдарынан техникалық инфрақұрылымды бақылау деңгейі төмендейді. Мұның соңы ірі коммуналдық нысандардағы апаттарға алып келеді", – дейді CSI компаниясының аға серіктесі.
10. Қазақстанның сыртқы қарызы жалпы ішкі өнімнен 200 пайызға асып кетеді
Сыртқы жағдайлардың тұрақсыздығынан елімізде сериялық девальвациялар орын алады, дейді сарапшы. Салдарынан доллар номиналындағы жалпы ішкі өнім 100 млрд долларға дейін төмендейді.
"Ал банктік сектордағы ахуал ушыға түскендіктен, сырттан қарыз алу көбеяді. Мемлекеттік сектор да осындай жағдаймен бетпе-бет келеді. Сөйтіп, елдің сыртқы қарызы 164 млрд доллардан 200 млрд долларға дейін өседі. Осылайша, өзге елдер секілді Қазақстан да сыртқы қарыздың жалпы ішкі өнімге қатынасы бойынша рекодтық деңгейге (200 пайыз) жетеді", – деп топшылап отыр Олжас Құдайбергенов.
Экономистің бұл болжамымен келіспейтіндер де бар. Мәселен, экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков бірнеше болжамға қатысты өз уәжін айтты.
Ол "Қазақстандағы шетелдік банктердің саны отандық банктерден асып түседі" деген болжаммен келіспейді.
"Елдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі мен заңның үстемдігін ескерсек, шетелдік банктердің ағыны болмайды", – дейді ол.
Сондай-ақ ол Түркия НАТО-дан шығады дегенге сенбейді. Айтуынша, ШЫҰ – әскери ұйым емес.
"АҚШ-тың Қазақстанға қарсы санкция салу да неғайбыл дүние", – дейді Қайырбек Арыстанбеков.
Фархат Әміренов