"Ақша жүрген жерде достық болмайды"

6205

Қазақстанның Грузиядағы елшісі Ермұхамбет Ертісбаев abctv.kz тілшісінің  екіжақты ынтымақтастық және осы елдегі қазақстандық активтердің қазіргі жағдайы туралы сауалдарына жауап берді.

"Ақша жүрген жерде достық болмайды"

– Ермұхамбет Қабденұлы, біздің елдің Тбилисидегі дипломатиялық өкілдігін басқарып отырғаныңызға төрт жыл болды. Осы уақыт аралығында Грузияның тыныс-тіршілігімен толық танысып үлгерген шығарсыз. KAZNEX INVEST мәліметіне сүйенетін болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 35%-ға дейін түсіп кеткен. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз?

 – Иә, бұл жақсы фактіемес, бірақ оны түсіндіруге болады. Әріден қарайтын болсақ, 2005 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев Грузияға жұмыс сапарымен келіп кеткеннен кейін тауар айналымы өсіп, 130 млн долларға дейін жетті. Бірақ 2008 жылдан бастап тауар айналымы төмендеп, 2010 жылы күрт түсіп кетті. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қазақстандық бизнес Кедендік одақ аясында Ресей, Беларусь, Қазақстан аумағы бойынша тауар тасымалдаудың бірыңғай тарифін енгізумен "солтүстік ағысты" таңдап, өзгеріп кетті. Грузияға жету үшін Каспийді кесіп өтіп, Әзербайжан содан кейін Грузия аумағы арқылы өту керек. Ал бұл жерлердегі тариф әртүрлі. Екіншіден, 2008 жылғы тамыз соғысының да әсері болды. 2008 жылға дейін Грузия өзінің шарабы мен минералдық суын әлемнің бес-алты еліне жеткізсе, қазір 46 елге тасымалдап отыр. Грузиндер шараптың сапасын арттырып, бөтелкенің дизайны мен этикеткасын қайта әзірледі. Бұл оларға Еуропа және қытай нарығына шығуға мүмкіндік берді. Бұл Орталық Азияға немесе бізге көзқарастары өзгерді деген сөз емес. Грузия сындарлы саясатұстанады. Олар сатуға болатынды сатып, оны алатын жерге жеткізумен айналысады. Сонымен  қатар біздің президент қуана сатып алатын тауарды ойластыру керектігін айтты. Бүгінгі күні Грузия Еуроодақпен жарнасыз сауда жасап жатыр. Ал бұл әлемдегі және Қытайдағы ЖІӨ-нің 25%-ы. Сондықтан өзіміздің бизнесмендермен кездескенде қазақстандық-грузиндік БК құрып, барлық жағынан тиімді болатын нарыққа шығыңыздар деймін. 

Грузиядан үйренуге болатын нәрсе де көп. Бұл өте кішкентай ел, жер көлемі небары 69 мың шаршы шақырым. Біздің елдің кез келген жерімен салыстыратын болсақ, мысалға Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданының өзі жер көлемі жағынан Грузиядан асып түседі.

Грузияда мұнай мен газ жоқ, бірақ олар өздерінің табиғи-климаттық жағдайын туризм үшін орынды пайдаланып отыр. Мен өзім осы елдің барлық жерінде болдым. Бұл жердің табиғатының кереметтігіне көзің тоймайды, мұндай табиғат тіпті көршілес елдерде жоқ. Грузиндер өздерінің экономикасын  туризмді дамытудың арқасында көтеріп алды. Өздеріңіз ойлап қараңыздар, жыл сайын Грузияға алты-жеті миллион турист келеді.

Егер келген туристің әрқайсысы кем дегенде мың доллар жұмсайтын болса, онда грузиндердің қазынасына қанша табыс түсіп жатқанын есептей беріңіз. 

–  Қазақстандықтар да өз үлесін қосып жатқан шығар?

 – Қазір Алматыдан Тбилисиге күн сайын ұшатын авиарейс, сонымен қатар Астанадан ұшатын төрт рейс бар. Осының арқасында қазақстандықтар грузиялық Қара теңіз жағалауында демалуда. Сонымен бірге кеңес одағы құрамында болып, орыс тілін білуіміз да пайдасын тигізуде. Тбилисиден ұшқан кезде барлық рейстің толық екенін көріп қуанып қаламын. Жыл сайын шамамен 40 мың қазақстандық Грузияда демалады. Ал кейінгі жылдары бұл көрсеткіш жақсы өсіп келеді. Сондықтан қазақстандық бизнесмендерге осы елдің туристік инфрақұрылымына ақша салуға кеңес беремін.

– Қазақстан бұл салаға қаржы салды ғой. 2006 жылы "ҚазМұнайГаз-Сервис" компаниясы "Боржоми-Ликани" демалыс орнын 10 млн долларға сатып алғаны белгілі. Қазір сатуға қойылған Rixos– Borjomi шипажайын салуға да аз ақша жұмсаған жоқ.

– Бұл заманауи керемет қонақүй. Ол жердегі қызмет түрлері де арзан, көптеген емдік процедураларды алуға болады. Ең бастысы бұл жердегі емдік су бұлақтың өзінен алынады. 10 күн бойы осы суды ішетін болсаңыз, ағзаңыз толығымен тазарады.

Бұл активті тиімді сатып жіберуге немесе грузиндік тараптың қалған 50% активін сатып алуға болады деп ойлаймын. Олар бұған қарсы емес. Сонда бұл толығымен Қазақстанның меншігіне көшеді. Ал адамдар бұл жаққа демалуға, емделуге келіп жататындықтан, бұл актив үнемі сұранысқа ие болады деп ойламын.

Сондай-ақ "Ромпетрол" компаниясының Грузияда 60 жанар-жағармай стансасын сатып алғаны да дұрыс болды. Қазақстандық компаниялар дұрыс жұмыс істей алатын болса, Грузия арқылы Түркияның нарығына шығуға болады. Сондықтан мақсатты үнемі жоғары қою қажет.

Грузияда бұдан да басқа қазақстандық активтер бар. Мысалы 100 пайыз Қазақстанға тиесілі Батуми терминалына қатысты жағдай не болды?

 – Біз жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын аламыз, бірақ та бізде ашық теңізге шығатын тікелей жол жоқ. Сондықтан Грузия бізге геостратегиялық тұрғыдан тиімді. Батуми портындағы терминал – біздің мұнай өнімдеріміз бен астығымызды Қара теңіз арқылы Таяу Шығыс, Мысыр, Еуропаға тікелей жөнелтудің жолы болды. Алайда соңғы жылдары жағдай қатты өзгерді.

Басында қазақстандық мұнай өнімдері мен астықты ауыстырып тиеу көлемі жылына шамамен алты млн тонна болады деп жоспарланған еді. Дегенмен 2015 жылға дейін біз бұл деңгейді сақтай алдық, ал қазір өкінішке қарай бұл деңгейге жете алмай отырмыз.

Біріншіден, Каспий құбыр консорциумы іске қосылып, қазір біздің мұнай әлемдік нарыққа Ресей аумағы арқылы тікелей шығады. Бұл Каспий одан Әзербайжан және Грузия аумағы арқылы тасымалдағаннан гөрі жылдам әрі арзан. Екіншіден, жақында біздің президент Ресейге қатысты қойылып жатқан америкалық санкциялар Қазақстанға да әсер етпей қоймайтынын айтты. Ресейлік компаниялар Қазақстанның мұнай-газ жобаларына қатысатынын білесіздер. Осы орайда Грузияның біздің мұнайға қатысты қандай позиция ұстанатынын түсіну қиын.

Менің білуімше, қазір Батуми терминалы фосфорлы тыңайтқыш, темір және болат тиеуге көшкен. Бірақ бұл халықаралық құқықтық келісімге өзгерту енгізуді талап етеді. Астықты айтар болсақ, онда Қара теңіз арқылы қазақстандық астықты тасымалдағаннан гөрі украиналық және ресейлік астықты тасымалдаған тиімді. Таяу жылдарда бұдан басқа да тағы бір өткір мәселе туындауы мүмкін.

Грузия үкіметі Абхазияның жанында Анаклия мен Кулеви қалалары арасында Қара теңізде төртінші терең порт салмақ. Жаңа портты салуға Қытайда қатыспақшы. Бұл порт салынып біткеннен кейін Батуми порты тек жолаушылар кемесін ғана қабылдайтын болады. Ал Батуми қаласы таза туристік қала болып қалады.

– "Тбилгазды" сатып алу мен жаңғыртуға Қазақстанның аз ақша салмағаны бәріне белгілі. 2007 жылы "ҚазТрансГаз" бұл нысанды сатып алды. Ол кезде нысанның жағдайы өте мүшкіл болды, содан компания оны жаңғыртуға 100 млн доллар салған. Бүгінгі күні осы активтерге қатысты шаруа қалай болып жатыр?

–  Сіз біздің елшілік айналысып отырған маңызды сұрақты көтердіңіз. Бастапқыда қазақстандық газ Грузияға ресейлік құбыр арқылы жеткізілетін болады деп жоспарланған болатын. Бұл жобаға бірнеше серіктес тартылған еді, бірақ та 2008 жылғы тамыз соғысы бұл жоспарды өзгертіп жіберді.

Тбилисидің миллиондаған тұрғынына газ керек болып, біздің менеджмент қиын жағдайға тап болды. Осыдан барып газды Әзербайжаннан мүлдем басқа тариф арқылы сатып алуға тура келді. Мұның салдарынан 40 млн қарызға "кірдік". Қазақстандық тарап қарыз дегенмен келіспейді, ал грузиндер болса өз дегенінен қайтпайды.

Мен Грузияға елші болып келгенге дейін "Тбилгаздың" қарызына қатысты бірнеше сот процесі болған. Алматы қалалық соты шешімді  "ҚазТрансГаздың", ал Кутаиск соты өз елінің пайдасына шешкен. Алайда мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай тұр.

Бүгінгі күні қазақстандық тараптың осы активке жұмсаған жалпы шығыны 160 млн доллар болған. Менің ойымша, осы проблеманың шешілуін грузиндік тарап созып жүр. Осыдан-ақ олардың ақшаны қайтарады дегеніне күмәнмен қарай беруге болады.

Қазір "ҚазТрансГаз" компаниясының жаңа басшылығы Лондондағы төрелік сотқа шағымданды. Төрелік сот шешімді Грузияның пайдасына шешпеуі мүмкін. Ал бұл өкінішке қарай екі жақты қарым-қатынасқа кері әсерін тигізуі мүмкін.

Бұл елбасының 2005 жылы  Грузияға жасаған сапарынан кейін құйылған үлкен инвестиция. Ол кезде Грузияға инвестиция өте қажет болды.  Ал біз дер кезінде көмек қолын создық. 

Осыдан 20 жыл бұрын  президенттің кеңесшісі болып жұмысқа тұрған кезімде Қазақстанның Грузияға 27,5 млн доллар қарыз бергені есімде. Ол кезде мұнайдың бағасы тоғыз доллар болып, еліміздің мемлекеттік қазынасы қаңырап тұрған кез еді. Өзіміздің жағдайымыз мәз болмаса да, Грузияға қаржылық көмек өте қажет болғандықтан көмек көрсеттік. Сол кездегі Грузияның президенті Эдуард Шевернадзе билікті әзер ұстап тұрған болатын. Ал біздің президент Эдуард Амбросиевичпен жақсы қарым-қатынаста болды, сондықтан қарыз бердік. Ал мен 2013 жылдың көктемінде Грузияға елші болып келген кезде, достық жақсы, бірақ қарызды қайтару керектігі туралы мәселені бірден көтердім.

 – Қарызды қайтару қалай жүзеге асып жатыр?

–  Бұл мәселені қаржы министрі Бақыт Сұлтанов  Тбилисиге келген сапарында көтерген болатын. Осы мәселеге қатысты келіссөз жүргізіліп, мәселе шешімін таппаған еді.

Жақында Грузия президентінің Астанаға келу сапары алдында ғана қарызды осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап қайтару туралы шешім қабылданды. Грузиялық тараптың жағдайын түсініп, пайыздарды азайттық. Грузия – өте кішкентай  мемлекет, оларда не мұнай, не газ жоқ. Қарыздың жалпы көлемі шамамен 30 млн доллар. Олар қарызды Париж клубының ережесі бойынша екі-үш жыл ішінде қайтарады.

Гүлназ Ермағанбетова, Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу