Бір топ Мәжіліс депутаты үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев пен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевке жүгініп, ұлттық алтын-валюта резервтері құрылымындағы алтын қорын еселеп арттыруды ұсынды.
Қазіргі кезде Орталық Азия елдері, көрші Ресей және бірқатар басқа мемлекеттер осы жолға түсіп, алтындарын қарқынды түрде арттыруға кіріскені мәлім. Бұл қазақстандық қалаулыларға да маза бермейтінге ұқсайды.
Алтын-валюталық резерв ұлттық қаржы жүйесінің және ұлттық валютамыз – теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды фактор болып табылады. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен өтімділігін қолдау мәселесі әрдайым мемлекеттің экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі. Бұл резерв Ұлттық банктің халықаралық резервтерінен және Ұлттық қордың қаражатынан тұрады. Қазіргі кезде олардың жалпы сомасы 90 миллиард доллардан асады. Оның ішінде мұнай түсімдерінен құралатын Ұлттық қордың активтері – 59 млрд доллар болса, Ұлттық банктің резервтері 31 млрд долларды құрайды.
Бұл ретте қалаулылар әлемдік экономикадағы теріс үрдістердің өрбуі кесірінен Қазақстанның шетелдегі резервтеріне қатысты қауіп те артып бара жатыр деп санайды.
"Шын мәнінде, бүгінде халықаралық қаржы жүйесіне қауіп төндіретін Батыс–Ресей, АҚШ-Еуропалық одақ және басқа да бағыттар бойынша бірқатар жаһандық геосаяси және экономикалық қақтығыстар жүруде. Бұл халықаралық қаржы жүйесіне, валютаның жоғары құбылмалылығы тәуекеліне және халықаралық қаржы міндеттемелеріне қауіп төндіреді", – дейді мәжіліс депутаты Азат Перуашев.
Оның айтуынша, Ұлттық қордың жəне Ұлттық банк резервтерінің жинақтары және негізгі бөлігі шетел валютасы мен шетелдік бағалы қағаздардан тұрады. Мəселен, Ұлттық банктің резервтерінде шетел валютасы жəне бағалы қағаздар 57%-ды немесе 17,8 млрд долларды құрайды. Ал Ұлттық қордың активтерінде бұл көрсеткіш одан да жоғары. Ұлттық қор қаражатының шамамен 40%-ы АҚШ-тың валютасы мен құнды қағаздарынан, ал 22%-ы – еуроаймақтың, 10%-ы – Жапонияның қаражатынан тұрады екен.
"Бір қызығы, бұл портфельде Қытай сияқты еліміздің елеулі серіктесінің және маңызды инвесторының валютасы мен құнды қағаздары тіпті ұсынылмаған. АҚШ-тың белсенді өзімшілдік-протекционистік саясатынан күмәнданып қалған кейбір мемлекеттер мен ұлтаралық бірлестіктер әлемдік №1-ші экономикадағы сауда қарым-қатынастарын шектеуге және төлем құралы мен резервтік валюта ретінде АҚШ долларынан бас тартып, оған балама іздеуге кірісуде. Атап айтқанда, ҚХР мен Ресей, Ресей мен Иран және басқа да елдер екіжақты саудада ұлттық валюталарында өзара есеп айырысуларға көшуді қарастыруда", – дейді депутат.
Азат Перуашевтің пікірінше, мұндай жағдайда "доллардың беталысын ғана емес, сондай-ақ америкалық бағалы қағаздардың өтімді құндылығын да күні бұрын болжау мүмкін болмай барады".
"Қарасаңыз, Қытайды қоса алғанда, бірқатар мемлекеттер АҚШ-тың қазынашылық міндеттемелеріне қаржы салуды қысқартып, өздерінің алтын қорларын жинақтау үшін алтын-валюта резервтерін қалыптастыруға ерекше көңіл аударуда. Өз еліміздің алтын-валюта резервтеріне қатысты айтсақ, онда консервативтік әдісті ұстану дұрысырақ болар еді. Қаржы жүйесінің ерекшелігі де сонда, кей кездері іргелі емес, спекулятивті себептердің валюталық және қор нарығын құрдымға кетіруге қауқары жетеді. Мысалы, Батыс елдерінің соттары Қазақстанның 22,6 млрд доллар сомасындағы қаражатын бұғаттап тастады емес пе!" – дейді депутаттар.
Сондықтан олар геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдерді ескере отырып, валюта портфелін одан әрі әртараптандыруды жалғастырып, бір валютаның үстемдігінен аулақтау және ұлттық жинақтағы алтын қорының үлесін көбейту арқылы Қазақстанның алтын-валюта резервтерін қорғау шараларын қабылдау қажет деп санайды.
Әйткенмен, халықаралық сарапшылардың дерегінше, қалаулылардың ұсынысынсыз-ақ қазақ елінде "алтын безгегі" бұрыннан жүруде.
Қазіргі кезде Ресей мен Түркия АҚШ-тың мемлекеттік қарызының құнды қағаздарына салынған өз жинақтарының басым бөлігін кері қайтарып алып, оларды асыл металға жаппай инвестициялауда. Халықаралық қаржыгерлер мен экономистер мұндай елдерді "алтын қоңыздар" (Gold Bugs) деп атайды.
Аталған екі ел сыртында Bloomberg сарапшылары бұл қатарға Қазақстанды және ішінара Беларусьті де қосты. Себебі, соңғы бес жылда бүкіл дүниежүзінде сатылған барлық алтынның 50%-ын Ресей, Қазақстан және Түркияның орталық банктері (бізде Ұлттық банк) еншілеген. Осы орайда отандық қаржылық реттеуші таза алтын құймаларын бірнеше жылдан бері өз өндірушілерімізден де сатып алып жатқаны мәлім.
"Шетелдік үкіметтер мен халықаралық ұйымдар америкалық құнды қағаздарға салымдары көлемін жүйелі түрде азайтуда. Ал кейбір экономикалар өз резервтеріндегі алтын үлесін агрессивті түрде арттыруда. 2017 жылдың желтоқсанынан 2018 жылғы мамырға дейін Ресей америкалық құнды қағаздардағы өз салымдарын 102,2 миллиард доллардан 48,7 миллиардқа дейін күрт қысқартты. Түркия бұл салымдарын 2017 жылдың қазанынан бері 38%-ға, яғни 38,2 миллиард долларға дейін азайтты. Бірақ бұл АҚШ үшін салмақты соққыға айналмады. Себебі америкалық мемоблигацияларға орналастырған қаражатының көлемі бойынша Ресей Қытайдың, Жапонияның, сондай-ақ тіпті Бразилияның және бірқатар еуропалық мемлекеттердің шаңына да ілесе алмайды. Мемлекеттік қарызының жалпы көлемі 21,2 триллион доллардан асатын АҚШ ондаған миллиард доллардың әрлі-берлі келіп-кеткеніне ешқандай да назар аудармайды", – деп түсіндіреді Bloomberg.
Оның сарапшылары тұтастай алғанда, ғаламшардағы мемлекеттердің алтын қоры сонша қарқынды өсіп отырмағанына да назар аудартады. Халықаралық валюта қорының дерегінше, олардың қорларындағы америкалық валютаның үлесі 2014 жылғы 64,59%-дан былтыр 62,7%-ға дейін кеміген. Сонымен бірге, доллардан кейінгі екінші қуатты валюта саналатын еуроның үлесі де осы қорларда 21,57%-дан 20,15%-ға дейін төмендеді.
"Мұның бәрін тектоникалық қозғалыстар деп атау қиын. Бірақ АҚШ-тың басқа елдердің алтын-валюталық резервтеріндегі үстемдігіне қатысты алаңдаушылық сезінуіне себептер де жоқ емес. Өйткені басқа мемлекеттердің үкіметтері мен орталық банктерінің америкалық мемоблигацияларға қаржыларын салып, АҚШ-тың мемлекеттік борышын ары қарай зорайта беруге деген қызығушылығы азайып барады. Оның үстіне жаһандық алтын-валюталық резервтері көлеміне қарағанда, америкалық мемборыштың көлемі әлдеқайда жылдам өсуде. Бұл америкалық мемборыштың өтімділігін қолдаудағы шет елдер рөлінің әлсіреуіне түрткі болуда", – дейді америкалық сарапшы Леонид Бершидски (Leonid Bershidsky).
Ол "алтын қоңыздар" құрамына кірген мемлекеттердің қаржылық реттеушілері 2018 жылдың бірінші тоқсанында ғана 116,5 тонна алтын сатып алғандарын айтады. Бұл 2017 жылғы ұқсас мерзімге қарағанда 42%-ға көп көрінеді.
2018 жылы Қазақстанның алтын қоры 301 тоннаға жетті. Салыстыру үшін айталық, ХХІ ғасыр басында бұл көрсеткіш 56 тоннаны, 2012 жылы 96 тоннаны, 2013 жылы 122 тоннаны, 2014 жылы 148 тоннаны, 2015 жылы 191 тоннаны, 2016 жылы 221 тоннаны, 2017 жылы 292 тоннаны құраған.
Қаржылық реттеушінің мәліметінше, Қазақстанның алтындағы активтері өткен жылы бірден 30%-ға немесе 2,9 млрд долларға өсті. Ұлттық банктің валютадағы активтері болса, керісінше, 7,4% немесе 1,5 млрд долларға дейін кеміді. Нәтижесінде, еліміздің алтын-валюталық резервіндегі асыл металдың еншісі 40,2%-ға дейін жетіп, тарихи рекорд орнатты!
Айтқандай, қазір Өзбекстан мен Тәжікстан да алтын қорларын өсіруге ден қойғаны мәлім болды. Мысалға, өзбек бауырлар монетарлық алтынын биыл бірден 14,5%-ға немесе 14,034 миллиард долларға дейін ұлғайтқан. Ал шетелдік валютадағы активтері керісінше, 1,1%-ға – 14,043 миллиард долларға дейін төмендеген. Жалпы қазынасы жүз миллиард долларға жуықтап қалған қазақ еліне қарағанда, "ала шапанды ағайындардың" алтын-валюталық резервтері көп емес, 28 миллиард долларды құрайды.
Осыған қарамастан, өзге мемлекеттер алтын қорларын өсіріп жатқан жоқ. Олардың бұл ұстанымын өзгертуге тіпті Дональд Трамптың кесір экономикалық саясаты да, санкциялар мен сауда соғыстары да өзгерте алмаған. Мұның мән-жайын Халықаралық валюта қорының сарапшысы Брэдли Джонс (Bradley Jones) түсіндіреді. Оның айтуынша, "алтын қоңыздарға" жатпайтын басқа мемлекеттердің өз жинақтарына жаппай алтын сатып алуға бармауына "осы асыл металдың америкалық валютадан да нашар көрсеткіштер көрсетуі" себеп болып отыр.
"Алтын-валюталық резервтерді басқарушылар қазір өздерін нағыз жеке инвесторлар сияқты ұстайды: олар да барынша мол табыс табуға құлшынады. Бұл дегеніңіз, алтын өз тұғырларын нығайтпайынша, олар идеологиялық немесе геосаяси тұрғыдан алтынға ден қоюды қарастырмайды да", – дейді Брэдли Джонс.
Қазақстандық қаржылық талдаушы Арман Бейсембаевтың айтуынша, ел қазынасын америкалық облигацияларда сақтау басқаларымен салыстырғанда, "әлдеқайда сенімді құрал" саналады.
"Өйткені оны жаһан мойындаған. Егер Қазақстан одан кеткісі келсе, кез келген уақытта халықаралық нарыққа шығады да, ол облигацияларды жақсы бағаға сатып жібереді, сөйтіп, ақшаны елге қайтарады. Әрине, 22 млрд долларлық қазақстандық активтердің Батыста сот арқылы бұғатталуы көрсеткендей, бұл да жүз пайыз сенімді құрал саналмайды. Бірақ бізде одан басқа балама да жоқ. 22 миллиардты қайда саламыз? Егер Қазақстанға жеткізсек, сонша дүниені қайда сақтайтынымыз түсініксіз. Еуропалық нарыққа тегіс салу да ұтымсыз: еуродағы құнды қағаздардың табыстары теріс болып қалыптасуда. Асыл метал құны құбылмалы. Сонда Қазақстанға оң табыстылықты "трипл-эй" (ААА) мәртебесіне ие тек америкалық құнды қағаздар ғана әкеледі", – дейді ол.
Бизнес сарапшы Тимур Нығматулин инвесторлар үшін алтын қызықсыз болып бара жатқанын еске салады. Өйткені қазір ол негізінен долларлық инфляциядан сақтандырушы актив қызметін ғана атқарады. Ал мемлекеттер бұл бағалы тасты "табыстылық әкелетін емес, тек қазынаны сақтауға мүмкіндік беретін" құрал ретінде қарастыруда.
"Кейбір адам "экономикалық "зілзалалар", саяси дағдарыстар, соғыстар кезінде алтын жақсы резерв болатынын" айтады, бірақ бұл байлам сын көтермейді. Мәселен, аштыққа ұшырап жатқан Венесуэла қазір алтынын алапат дисконт-жеңілдікпен сатуға мәжбүр", – дейді ол.
Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, алтын бағасы 2018 жылы бір троя унциясы үшін 1238 долларға дейін арзандайды деп күтілуде. Жаһандық бұл ұйым ұзақмерзімді перспективада сары алтын құны ары қарай құлдырап, 2030 жылға қарай 1100 долларға дейін төмендейді деп жорамалдайды.
Рас, ұзақмерзімді болжамдарға өмірдің өзі өзгерістер енгізіп отырады. Алайда Ұлттық банк ел қазынасын сақтайтын құралдарды таңдағанда, бұл байламдарды да назарға алса керек.
Бақыт Көмекбайұлы