Доллар кетсе, алтын бар

5109

Дүниежүзі елдерінің орталық банктері өздерінің алтын резервтерін жедел арттырып жатыр.

Доллар кетсе, алтын бар

Оған дәлел: соңғы үш айдың өзінде-ақ олар 5,82 миллиард долларға құнды металл сатып алған. Бұл - Америка капиталы қашып жатқанда, қорды сақтаудың тиімді жолдарының бірі.

Орталық банктер кейінгі тоқсанда бір жыл бұрын сатып алынған алтынның төрттен бір бөлігіне жуығын сатып алған. Осы жерде назар аударатын бір жайт, Ресей банкі мен Түркия орталық банкі алтын алудан рекорд жаңартып отыр.

Әлемдік Алтын Кеңесінің (World Gold Council),  мәліметінше, дүниежүзінің орталық банктері соңғы үш айда 148 метрикалық тонна алтын сатып алған. Бұл – өткен жылдың осы кезеңдегі көрсеткішінен 22 пайызға жоғары. Қазір Ресей банкі  92 метрикалық тоннамен бірінші орында тұр. Соңғы рет РФ мұнша бағалы металды сонау 1993 жылы нарықтық экономикаға көшіп жатқанда сатып алған екен.

Ресейдің бірінші жартыжылдықта 106 тонна сатып алғанынын ескерсек, оның алтын қоры биыл 2036 тоннаға немесе 78 миллиард долларға жетіп отыр. Оның алдында бүгінде төрт мемлекет қана тұр. Бірінші орында  8,133.5 тоннамен АҚШ, екінші орында 3369.7 тоннамен Германия, үшінші орында 2,451.8 тоннамен Италия, төртінші орында 2,436 тоннамен Франция келеді.

Болжамдарға қарағанда, Ресей осы бағытынан таймаса, 2020 жылға дейін Францияны басып озады. РФ Орталық банкі басшысының бірінші орынбасары Дмитрий Тулин мәлімдегендей, алтын қорының молдығы "заңдық және саяси қауіптерден сақтануға 100 пайыз кепілдік береді".

Қазір Түркия мен Қытай да – алтынды белсенді  сатып алушылар санатында. Екеуінің де биыл Америка Құрама Штаттарымен қатынастары мейлінше шиеленіскені белгілі.

World Gold Council мәліметінше, Қазақстанның алтын қоры 2018 жылы қарашаның 1-де  335,1 тоннадан асқан. Салыстырып көрсек, 2017 жылы желтоқсанның 1-де ҚР Ұлттық банкінің "қоржынында" 291,9 тонна құнды металл болыпты.

Бұған дейін Ұлттық банк 2019 жылдан бастап АҚШ-қа, Еуропаға, Азияға алтын құймаларды еркін конвертацияланатын валюта үшін бес тоннадан аспайтын көлемде сатуды жоспарлап отырғанын хабарлағанды.

Сақтық қоры
Кейбір бақылаушылардың пікірінше, әлем қазір жаңа тұрақсыздық дәуіріне жақындап қалды. Оның АҚШ экономикасы мен долларына нақты қалай әсер ететіні әзірге белгісіз.

The Bank of America жүргізген сауалнама қорытындысына жүгінсек, жалпы алғанда активтері 518 миллиард долларды құрайтын 174 инвестициялық қор Құрама Штаттар нарығында тұрақсыздық күшейіп келе жатқандықтан, америкалық акциялар үлесін орта есеппен 17 пайызға қысқартқан.

Айта кету керек, биыл Вашингтон импорттық алюминий мен болатқа тарифті көтерді. Сонымен қатар, президент Дональд Трамп әкімшілігі Қытайдан әкелінетін тауарларды салықпен шектеп жатқаны белгілі. Оның зардабын 3M, Caterpillar тәрізді негізгі ірі компаниялар қазірдің өзінде сезініп отыр. Бұл кәсіпорындар жақында тоқсандық табыстарының кемігенін жариялады. Сонымен қатар, Қытай АҚШ-қа жауап ретінде Американың ауылшаруашылық өнімдерін алуды азайтты. Бұның нәтижесінде Құрама Штаттарда фермерлер наразылығы күшейіп келеді. Өйткені, олар өндірген соя дақылдарының бағасы жыл басынан бері 18 пайызға, астық құны 12, шошқа еті 29 пайызға арзандап кетті.

Мұның бәрі жалғаса беретін болса, АҚШ экономикасы сыр беріп, оның валютасы әлсірейді деген қауіп бар. Сарапшылардың ойынша, бұл жағдай да кейбір банктерді алтын қорын көбейтуге итермелеп отыр.

Федералдық резерв қауіпті ме
Статистикаға жүгінсек, инвестициялық қорлардың 31 пайызы Американың орталық банкі – Федералдық резервтің саясатын өздері үшін қауіпті деп біледі.

"Долларлық қарыздарға пайыздық үстемені көтере отырып, АҚШ  2008 жылғы дағдарыс кезінде шет мемлекеттерге берілген 3,5 триллион долларды қайтаруға кірісті. Қазан айынан бері Федрезерв борыштық балансты ай сайын 50 миллиард долларға қысқартуды бастады", - дейді ING Bank банкінің бас экономисті Джеймс Найтли жергілікті журналистерге берген сұқбатында.

Шілденің аяғына белгілі болғандай, Қытай АҚШ-тың қазынашылық  облигацияларын 1,2 триллион долларға сатып алған. Егер Бейжің сол акцияларды нарыққа тастайтын болса, Америка экономикасы жаңа қаржы дағдарысына ұшырап, доллар құнсыздануы мүмкін. Сондықтан, жаңа экономикалық тұрақсыздықтар қарсаңында әлемнің орталық банктері мен инвесторлары  үшін алтын қаржылық қорды сақтайтын негізгі құрал болып тұр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу