Түркиядан 11 тоннадай алтын бұйымы заңсыз тасылады

3836

Отандық зергерлер қазақстандық алтыннан бас тартуда.

Түркиядан 11 тоннадай алтын бұйымы заңсыз тасылады

Өткен жылдан бері елімізде таза, қайта өңделген алтынға қосылған құн салығы (ҚҚС) енгізілді. Бұл ретте алтынның құны халықаралық биржадағы осы бағалы метал саудасының қорытындыларына сәйкес белгіленуде. Әрине, жалақысын еурода алатын Еуропа тұрғындары үшін оның сомасы үлкен де емес. Ал ұлттық валютасы ұдайы девальвацияланып тұратын, табысы төмен қазақстандықтар үшін мұндай құбылулар қалта қағады.

Салдарынан, отандық алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар бағасы қымбаттаған. Осы саладағы бөлшек саудамен айналысатын бизнесмендер Қазақстанда зергерлік бұйымдарға деген сұраныс құлдырағанына шағымданады. Өйткені баға бойынша шетелдік өнімдермен бәсекелесе алмайды.

"Баға бойынша айырмашылық 2-3 есеге дейін барады. Бізге қазір кедендік баж салығын, табыс салығын, әлеуметтік салықтарды, зейнетақылық жарналарды, жалақыны, оның сыртында енді ҚҚС төлеуге тура келуде. Осының барлығы бұйымның өзіндік құнына қосылады", – дейді Қазақстанның зергерлер лигасының төрағасы Қайсар Жұмағалиев.

Осылайша, отандық зауыттардан асыл металды сатып алу қымбат әрі тиімсіз болуда. Қайсар Жұмағалиевтің айтуынша, салық кодексіне енгізілген, аффинажды алтынды сатып алу кезінде ҚҚС төлеуге міндеттейтін норма осындай жағдай туындатып отыр. Былтырғы жылдан бері қазақстандық зергерлер "Тау-Кен Алтыннан" алтын алуды қойыпты. Рас, зауыттың өзі отандық өндірушілерге еш шетқақпай көрсетіп отырған жоқ, керісінше, мейлінше мол өткізгісі келеді. Оның үстіне "Тау-Кен Алтын" ЖШС директоры Рүстем Мақұлбековтың айтуынша, 2019 жылы зауыт толық, жоспарлы қуаттылығында жұмыс жасауға көшпек.

Әзірге өнімдерін – 99,99 сынамадағы таза алтынын ұлттық банкке сатуда. 2018 жылдың қорытындысы бойынша зауыттың өндірістік көрсеткіштері 10%-ға артады деп күтілуде екен. Жалпы алғанда, іске қосылған 2013 жылдың желтоқсанынан бері отандық кәсіпорын 12 келілік стандартты құйма түрінде шамамен 66 тонна тазартылған алтын шығарған, оның бәрін дерлік қаржылық реттеуші қотара алып кетіпті.

Астана жанындағы бұл зауыттың қалыпты қуаттылығы жылына 25 тонна саф алтын мен 50 тонна тап-таза күміс шығаруға жетеді. Сонымен бірге оның өндірістік және технологиялық әлеуеті бұл көлемді жыл сайын 70 тонна алтынға және 400 тонна күміске дейін ұлғайтуға қауқарлы көрінеді.

Кәсіпорын 100, 250, 500, 1000 грамм салмақтағы инвестициялық алтын құймаларын да жасайды. Айта кетер тағы бір жаңалық сол, ең арзан құймасының құны бірнеше жүз мың теңгеден асып кететін осы шағын құймаларды алда одан әрі ұсақтау көзделуде. Осы мақсатта ұлттық банктің тапсырысымен, зауыт алда бар-жоғы 1, 3, 5 грамм ғана болатын инвестициялық алтын құймаларын құюға кірісуді жоспарлауда.

Жалпы, инвестициялық алтын құймаларын биылғы жылғы шілдеден бастап, адамдар ұдайы қалың нөпір халықтан арылмайтын банктерге кірмей-ақ, қарапайым валюта айырбастау бекетінен де сатып ала алатын болады.

Бұған қоса, зауыт жаңа нарықтар іздестіруде екен: ғарыш саласы, электроника, медицина және машинажасау секторлары үшін бағалы металдан әзірленген жартылайфабрикаттар шығармақ.

Әйткенмен, зауыт өз өнімінің бағасын емес, сапасын бірінші орынға қоятын зергерлердің бәрібір таза алтынды тыңдайтынын еске салады. Осы мақсатта былтырғы қаңтардан бері кәсіпорын 585 және 750-ші сынамалардағы зергерлік құймалардың өндірушісі ретінде аккредитациядан өтіпті. Зауыт мамандары аффинирленген гранула өндірісін игерген: дәл осы өнімін қазақстандық зергерлер алатынын айтады.

Бірақ өзге өнім өндірушілер де шикізатсыз отыра алмайды. Сондықтан олар керегін "көлеңкелі" нарықтан, қара базардан іздеуге мәжбүр.

"Зергерлер алтынды ломбардтардан, немесе базардан сатып алуды дұрыс, тиімді санайды. Соның кесірінен, қазақстандық зергерлік сала үлесі жоққа теңелуде. Бүгінде ішкі нарықтағы зергерлік бұйымдардың 90 пайызы – шетелден импортталғандар. Оның біразы – контрабанда. Біз ресейлік, түркиялық өнімдерді жаппай сатудамыз. Енді нарыққа Үндістан кіруде", – дейді зергерлер лигасының басшысы.

Мысалға, өзі алтын өндірмейтін Түркия жыл сайын бүкіл әлемге 5 миллиард долларға зергерлік бұйымдар жеткізеді.

Зергерлер бірлестігінің мәліметінше, елімізде зергерлік бұйымдардың жылдық айналымы шамамен 300 миллиард теңгені құрайды. Оның үлкен бөлігі – "көлеңкелі нарықтың" еншісінде. Мәселен, 2018 жылғы көктемде Түркияда өткен халықаралық көрмеде түрік зергерлері Қазақстанға өздерінен жыл сайын 11 тоннадай алтын бұйымдары заңсыз енгізілетінін мәлімдеген. Ұлттық валютаға шаққанда бұл шамамен 100 миллиард теңгеден асады. Бұған Ресейден, Үндістаннан, Қытай мен Тайландтан ағыла бастаған контрафактілі өнімдер қосылады.

"Бүгінде Қазақстанда алтын бұйымдарын өндіруші бизнес субъектілерінің саны оншақты ғана. Арасында бірде-бір ірі кәсіпорын жоқ. Олардың көбі негізінен неке сақинасы, ұсақ шынжырлы алтын алқа секілді қарапайым бұйымдарды ғана жасайды. Шетелдік инвесторлар біздің нарыққа келіп, алтыннан өнім жасаушы кәсіпорын салуды тиімсіз деп есептейді. Себебі, бизнес жүргізуге үлкен көлемдегі заңсыз контрабанда кедергі келтіреді", – дейді Қайсар Жұмағалиев.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу