Қырғыздар алтын фабрикасын салуды Қазақстанға сеніп тапсырды

15477

Еліміз Қырғызстанның жанжалы көп алтын кенішінде фабрика салатын болды.

Қырғыздар алтын фабрикасын салуды Қазақстанға сеніп тапсырды

Бірден айта кету керек, қырғыз сарапшылары мен ақпарат құралдары "Жерүй" алтын кен орнын "атагынан чатагы көп алтын кени", "колдон колго өткөн Жерүй" деп атайды.

Бірақ соған қарамастан, Қазақстан даму банкі сол кен орнында отандық компанияның кәсіпорын тұрғызуы үшін қаржылай қолдау көрсеткенін және кепілдік бергенін жариялады.

"ҚДБ Қырғызстанда алтын бөліп алатын фабриканы салу жөніндегі қызметтердің қазақстандық экспортына қолдау көрсетті. Атап айтқанда, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің" еншілес ұйымы болып табылатын "Қазақстанның даму банкі" АҚ-ы Қырғызстандағы "Жерүй" кен орнында алтын өндіруші фабриканы салу жөніндегі "AAEngineering Group" ЖШС-ның қызметтеріне қатысты 2 жыл 11 ай мерзімге 37,8 млн АҚШ доллары сомасында банк кепілдігін берді", – деп ресми мәлімдеді еліміздің осы жалғыз мемлекеттік банкі.

Оның ақпаратына сенсек, ҚДБ осылайша, "AAEngineering Group" ЖШС-ының тапсырыс беруші, яғни қырғыз тарапы алдындағы міндеттемелерін толық орындайтынын кепілдендіреді. Нақтырақ тоқталсақ, отандық "AAEngineering Group" компаниясы алтын өндіруші фабриканың өзін, оның барлық инфрақұрылым объектілерін және қосалқы шаруашылығын салып шығуға міндет алды.

Бұдан бөлек, Қазақстан даму банкі осы қазақстандық компанияның бұл міндеттемелерін орындамаған жағдайда қырғыздар кепіл ретінде төлеген аванстық төлемді кері қайтаратынын да кепілдендіріп отыр.

Жалпы, Алматы қаласының Бостандық ауданында тіркелген, іргесі тәуелсіздіктен кейін, 1993 жылы қаланған "AAEngineering Group" тек Қазақстанның ғана емес, Қырғыз республикасының да лицензиялары мен сертификаттарына ие екен. 

Бұл жобаны мемлекет мақтан тұтып отыр. Біріншіден, ол екі ел арасындағы достықтың және қазақ елінің қырғыз ағайындарға экономикасын көтеруге көмегі ретінде бағалануда. Екіншіден, ел тарихында тұңғыш рет қазақстандық қызмет көрсетуші сектордың өкілі, дәлірек айтсақ, металлургиялық және тау-кен байыту индустриясының зауыт-фабрикаларын дап-дайын күйде ("под ключ") тапсыратын жобалау-құрылыс тобы елден шығып, шетелдік нарыққа құлаш ұруда.

"Мәміле біріншіден, ҚДБ-ның тұтастай қызметтерге, сондай-ақ жеке алғанда қызметтер экспортына қатысты банк кепілдігі сияқты құралды өз қызметінде алғаш рет пайдаланып отырғандығымен ерекшеленеді. Екіншіден, мәміле ҚДБ-ның кепілдіктерін сақтандыруды қамтамасыз ететін төл еншілес компанияларының бірі – "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ-ы оған қатысатындай түрде құрылымдалған. Біз Қазақстанның шикізаттық емес экспортын, сондай-ақ қазақстандық инжинирингтік компаниялар қызметтерінің экспортын дамытуға жәрдемдесу үшін "Бәйтерек" холдингінің еншілес компаниялары ынтымақтастығының синергиясын пайдаланатындығымызға қуаныштымыз", - деді ҚДБ-ның клиенттермен жұмыс жасау дирекциясының аға банкирі Владимир Ли.

Оның мәліметінше, жаңа фабрика Қырғызстанның "Жерүй" кен орнындағы жылына 1,3 миллион тонна руданы қайта өңдейтін болады. Осындай алып алтын өндіруші фабриканың құрылысын 2020 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Сарапшыларды бұл ақпарат елең еткізуде. Өйткені 2015 жылы ресейлік ақпарат құралдары қырғыздың алтын қоры бойынша екінші ірі кен орны саналатын "Жерүйді" "Русская платина" АҚ-ы құрамына кіретін "Восток-геолдобыча" қанжығалағанын жарыса жазған болатын. Қырғызстандық ведомствоаралық байқау комиссиясы өткізген тендер нәтижесінде ол 405 балл жинаған және өзінің тікелей бәсекелесі – 305 балл жиған "Кыргызалтын" компаниясын шаң қаптырып кетті.

Қырғызстанның минералды ресурстар және геология мемлекеттік агенттігінің басшысы Дуйшенбек Зилалиевтің айтуынша, ресейлік "Восток-геолдобыча" лицензия үшін 100 миллион доллар ұсынған, ал "Кыргызалтын" - 111 миллион доллар бермек болған. Бірақ ресейлік компания "экологиялық тұрғыдан алғанда әлдеқайда қауіпсіз технологияны пайдалануға" уәде беріпті.

"Иә, "Восток-геолдобыча" да цианидтерді қолданады. Алайда қалдықтар құрғақ күйде қоймаланады. Қазіргі кезде бұл барынша заманауи технология саналады. Бұған қоса, осы компания салмақты әлеуметтік қолдау топтамасын да ұсынды", – деді сонда Дуйшенбек Зилалиев.

1969 жылы ашылған "Жерүй" кен орны көрші елдің Талас облысында, Талас қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан және ол атақты "Құмтөрден" кейінгі барланған алтын қоры бойынша екінші ірі кен орны саналады. Оның алтыны 2,68 млн унций (80 тоннадан астам), ал күмісі 800 000 унций (10,3 тонна) құрайды. "Жерүйді" игеру мәселесі 20 жылдан астам уақыт бойы шешілмей келген. Оның алдында тендерді 2013 жылы өткізбек болған, алайда ол бастапқы бағаның 300 миллион доллар межесінде тым жоғары белгіленуіне байланысты өтпей қалды.

Ізінше, өткен жылы Муса Бажаевтың "Русская платинасы" "Жерүйді" игеруді екі жылға кейін қалдырғаны жарияланды. Ал лицензия шарты бойынша 2017 жылы алтын өндіруші фабрика іске қосылуға тиіс еді. Қырғыз үкіметі мерзімнің кейін қалдырғаны үшін компания әр ай сайын 100 мың доллар айыппұл төлейтінін хабарлады. Қырғыз ақпарат құралдары "Русская плотина" иесі Мұса Бажаевтың кезінде Қырғызстан президенттігіне кандидат болған бизнесмен Омурбек Бабановпен бірге мұнай бизнесін жүргізгенін еске салды. Бірақ ресейлік агенттіктердің мәлімдеуінше, ресейлік компания кен орнынан алтын өндіру үшін белгіленген 100 миллион доллар қаражаттың 90%-дайын қырғыз бюджетіне аударып та қойған екен. Келісімшарт бойынша "Жерүйде" Қырғызстанның бір де бір пайыз үлесі жоқ.

Жергілікті заң бойынша қырғызстандық алтынды тек жергілікті компания өндіре алады, сол себепті "Восток-геолдобыча" Қырғызстанда еншілес "Альянс Алтын" компаниясын құрды. Ол қазіргі кезде "Жерүйде" өндірісті іске қосуға шара қабылдап жатқан көрінеді. Сол шаралардың бірі ретінде қазақстандық компанияны алтын өндіруші фабриканы салып, дайын күйде өздеріне тапсыру үшін жалдаған.

Ресейліктердің асықпасына амал жоқ. Қырғызстанның өнеркәсіп, энергетика және жер қойнауын пайдалану мемлекеттік комитеті 2018 жылдың басында өндірісті іске қосу мерзімін сақтамағаны үшін "Альянс Алтынға" айыппұл салды. Ай сайын бұл айыппұл көлемі өсіп отырды және қазіргі кезде айына 600 мың долларға жетіп отыр. Компания салынған айыппұлды мемлекеттік комитетке төледі, бірақ оны заңсыз деп тауып, сотқа шағым түсірген.   

"Келісім бойынша барлық құрылыс жұмыстарын біз 2019 жылғы 28 ақпанда аяқтауға тиіс болатынбыз. Егер алтын өндіруші фабриканы 2019 жылғы наурызда іске қоспасақ, сонда ғана ай сайын 100 мың доллар айыппұл төлей бастауымыз керек. Бұл – заңды. Бірақ мемлекеттік комитет "оның қосалқы шаруашылығы да салынбаған" деп айыппұлды қазірден салуда. Біз болсақ, алтын өндіруші комбинат кешенді жоба екенін, оған фабрика да, қосалқы шаруашылықтар да, жолдар да, жарықтандыру да, тіпті жатақхана да кіретінін алға тартып шағым келтіріп отырмыз. Сондықтан біз келіспейміз", – дейді "Альянс Алтынның" қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Данияр Жаныкулов.

Ал мемлекеттік комитеттің заңгерлік бөлімінің басшысы Эльдияр Муканов барлығының заңды екенін түсіндірді.

"Бұл компания лицензияны конкурс арқылы жеңіп алды. Ал тендер шарттарында "егер жеңімпаз компания үш ай ішінде алтын бөліп алушы фабрика мен қосалқы шаруашылықтардың құрылысына кіріспесе, онда оған ай сайын 100 мың доллар айыппұл салынады" деп жазылған. "Альянс Алтын" өз міндеттемелерін дер уақытында орындамады. Тиісінше, айыппұл заңды түрде салынып отыр. Компания басқа объектілерді тұрғызуын құрылыстың басталуының дәлелі ретінде келтіреді. Бірақ келісімде "алтын бөліп алушы фабриканың құрылысының басталуы құрылыс жұмыстарының басталуы болып саналады" деп нақты көрсетілген. Олар мұны назарға алғысы келмейді", – дейді Эльдияр Муканов.

Қалай болғанда, Қазақстан даму банкі бұл даулардың отандық компанияның алтын өндіруші фабриканы салуға кері ықпал етпесіне сенімді болса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу