Қазақстанда алтын безгегі белең алып барады

18465

6 мыңнан астам адамның үстінен жаппай іс қозғалды.  

Қазақстанда алтын безгегі белең алып барады

Елде алтын өндірушілермен күрес күш алатын болды. Билікке бағалы метал іздеуге жұмылған жандардың "Қазақалтын" шахталарына дейін жасырын кіріп кетіп жүргені ұнамайды. Олардың табанына тас қою үшін атқарушы, заң шығарушы және құқық қорғау органдары заңнаманы талай рет қатайтты. Бірақ шенеуніктер мен депутаттар оны да азсынады.

"2019 жылы Әкімшілік кодекстің 506-шы бабына толықтыру енгізіліп, жеке күзет ұйымы күзететін қауіпті өндірістік объектіге заңсыз кіргені үшін жауапкершілік енгізілді. Алайда тәжірибені талдау көрсеткендей, бұл түзету қауіпті өндірістік нысандарға заңсыз кіру және пайдалы қазбаларды рұқсатсыз өндіру проблемасын тиімді шешпеді. Салдарынан шахталар мен карьерлерде бір рет ұсталған заңсыз старательдердің кейін қайта оралу фактілері көбейді. Демек, бұл жазаның алдын алушы рөлі нашар", – дейді Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова.

Айта кету керек, 2019 жылы Парламент қабылдаған заңға сәйкес, қазір мұндай адамдарға 15 АЕК (43 755 теңге) мөлшерiнде айыппұл салынады не олар 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынады.

Алтын көріп, жолдан тайған азаматтарды бұл тоқтата алмады. Нәтижесінде, еліміздегі басты алтын өндіруші алпауыты – "Қазақалтын" тау-кен металлургиялық концерні" АҚ шахталарына заңсыз ену фактілері бойынша 2019–2020 жылдары 2 мың 495 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тарата айтсақ, 2019 жылы – 1 466, 2020 жылы – 1 029 адам қолға түсіпті. Соның ішінде 490 тұлға (2019 жылы – 273, былтыр жылы – 217) қайтара ұсталған.

Және бұл лек еш тоқтар емес: 2021 жылдың өткен кезеңінде "Қазақалтын" шахтасынан алтын рудасын жасырын тасыған 278 тұлға әшкереленді. Оның 48-і қайта жазаланғандар.

Жалпы алғанда, кенді Степногор өңірінде 2019 жылдың ақпан айынан 2020 жылдың желтоқсанына дейінгі аралықта 6 мың 216 заңсыз алтын іздеуші құрықталып, құқық қорғау органдарына тапсырылды. Оның 4 мың 860-ы қайтадан осы қылмысқа барыпты.

Сарапшылар заңсыз старательдер мемлекет экономикасына шығын келтіретінін айтады: тек Степногор өлкесінде 2015–2020 жылдары қазақ жерінен заңсыз өндірілген 6 мың 357 тонна алтын құрамды шикізат тәркіленді. Бұл – тек әшкереленгені ғана! Қаншама мың тонна алтын рудасы көзден таса шекара асып, Ресей мен Қытайға кеткені белгісіз.

Бұған қоса, қауіпті өндірістік нысандарға жасырын еніп, одан бағалы метал кенін ұрлау үшін "халықаралық мафия" жұмыссыз сенделген жергілікті тұрғындарды және кеншілердің өзін жалдайды. Яғни, қазақстандықтар өмірі мен денсаулығын тәуекелге тігеді. Біразы сол тайғақ жолда мүгедекке айналады немесе қаза табады. Бұл сондай-ақ өндіруші кәсіпорынның заңсыз өндіріске еш қатысы жоқ жұмыскерлерінің өмірі мен денсаулығына да қауіп төндіреді. Себебі, метал өндіру технологиялары мен қауіпсіздік талаптары бұзылады.

2019–2020 жылдары пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру кесірінен 48 қайғылы оқиға болған. Оның 22-сінде адамдар опат болды.

Бұл әрекеттерге тоқтау салу үшін билік Қылмыстық кодексті арнайы баппен толықтыруға кірісті. Осыны қарастыратын заң жобасы әзір. Ол күзетілетін объектіге заңсыз кіргені үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді. Депутаттардың, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл жаңа бап "аталған нысандардың қорғалуын күшейтеді".

Сонымен бірге, заңды әзірлеушілер Әкімшілік кодекстегі айыппұл төлеп құтылуға мүмкіндік беретін бапты да қалдырмақ ниетте. Тек ондағы 506-бабын "егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса" деген анықтауышпен толықтырмақ. Яғни, жаңа заң қабылданса, тек тиісті кәсіпорын үшін материалдық залал немесе елеулі зиян келтірмегендер, қарапайым тілмен айтқанда, күзетілетін нысанға заңсыз енгендер ғана осы бапқа ілігеді. Қалғандары тегіс қылмыстық қудаланып, темір торға тоғытылуы мүмкін. Депутат Г.Бижанованың пікірінше, осындай нысанға кіріп кеткенінің өзі қылмыс және кем дегенде әкімшілік жазалануы керек.

Айтқандай, биылғы наурыз айының басында Мәжіліс депутаттары Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловты бағалы металдардың заңсыз айналымына жол беріп қойғаны үшін қатаң сынға алғаны, сондай-ақ оған осы қылмыс түрі үшін жазаны қатайту шараларына бастамашы болуды тапсырғаны мәлім. Енді тиісті бастаманы депутаттар тобы мен Еңбек министрлігі жолай қағып әкетті.

Жалпы, ресми мәлімет бойынша елімізде заңды өндірілген әрбір 3 тонна алтынға заңсыз өндірілген 1 тонна алтыннан келеді екен. Яғни, қазақтың алтыны Ресей мен Қытайды заңсыз байытып жатыр.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин айтқандай, акционерлер, инвесторлар әртүрлі шара қабылдап, әлек болады. Ішкі істер министрлігі де белсенді күрескен сыңай танытады. Бірақ ахуал жақсаратын емес.

Мәселен, өткенде Ақмола облысының Степногор қаласында "қара старательдерге" қамқоршылық жасап келген полицейлер сотталды. 5 тәртіп сақшысы "Қазақалтын" шахталарынан құрамында алтыны бар руданы заңсыз өндіруші адамдарға қорған болғаны үшін пара алып келген. Оларды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және антикоррупциялық қызметтің жауынгерлері 2018 жылдың 14 наурызында құрықтаған болатын. Бұл полицейлердің көбі жергілікті құқық қорғау органында басшылық лауазымдар атқарған.

Олармен бірге "қара старательдерге" жарылғыш заттар (амонит пен детонаторлар) сатып пайда тапқан Бестөбе кентінің тұрғыны Б.Мәдиев ұсталды: ол 6 жылға темір торға қамалды. 

Судья Степногор аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, 43 жасар Тоқмырза Дүйсембаевқа ең қатал жаза кесті: ол 11 жылын қатаң режимдегі абақтыда өткізбек. Сондай-ақ оның подполковник атағы тартып алынды. Бестөбе және Ақсу кенттерінің полиция бөлімдерінің бастықтары – майор Дархан Айнагелдинов пен аға лейтенант Сабыржан Бибатыров, сондай-ақ Степногор ішкі істер басқармасының жедел уәкілі Аслан Кулушев – әрқайсысы 10 жылға, ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының аға жедел уәкілі, майор Арғын Жекибаев – сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың бәрінің мүлкі тәркіленді. Бұл ретте Дүйсембаевтың – 3 млн 190 мың теңге, Айнагелдиновтың – 1 млн 710 мың, Жекибаевтың – 1 млн 70  мың, Кулушевтің – 700 мың, Бибатыровтың 200 мың теңге пара алғаны хабарланды.

Бұдан бөлек, осының алдында заңсыз өндірушілерге жарылғыш заттар сатқан "Қазақалтынның" өз қызметкері де әшкереленген.

Әрине, инвесторларды қорғау қажет-ақ. Солардың мүддесін ілгерілету үшін бір топ депутат елде қылмыстық қудалайтын бапты қалпына келтіргелі отыр. Елбасы тұсында қылмыстық заңнама ізгілендіріліп, кеңес кезінен болған бұрынғы бап жойылып еді. Енді депутаттар дәл осыған қайшы келетін қарсы қадам жасамақ.

Бұл жерде азаматтарды бастарын қауіпке байлап, заңсыз алтын өндіруге тек пайдакүнемдік қана емес, сондай-ақ өңірлердегі жаппай жұмыссыздық, халықтың тұрмысының төмендігі итермелейтінін де естен шығармаған жөн. Демек, билік елдің пандемияда нашарлаған ауқаты мен ахуалын жақсартатын шараларға алдымен мән бергені абзал.

Әйтпесе, қазіргі кезде заңсыз алтын іздеп, табыс табу мақсатында Степногорға бүкіл Қазақстаннан азаматтар ағылып жатқаны анықталды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу