Қазіргі кезде әлемдік державалар арасындағы тайталастар кесірінен осы бағалы метал бағасы бүкіл дүниежүзінде қымбаттап жатыр.
Бүгінде, 26 маусымда алтынның 1 унциясының құны 1 мың 406 долларға жетті. Ресейлік биржада таңертең оның құны 1 грамы үшін 2825,32 рубльді құрады.
Ал Қазақстанның Ұлттық банктің тарифі бойынша алтынның 1 грамының бағасы бүгін 17 мың 411,44 теңгеге теңелді. Бұл алдыңғы күнгіден бірден 313,86 теңгеге қымбат.
Былтыр бұл баға 14 мыңның айналасында ғана болған екен.
Бұл ретте жедел жеткізу талабы бар бағалы металл құны Лондон биржасындағы саудада бір унциясы 1439 долларға дейін шарықтады. Бұл – 2013 жылғы мамыр айынан бергі өзіндік бір рекорд.
Алтынның бұлай өсуіне тағы да АҚШ ықпал етуде. Америка президенті Дональд Трамп Иран Ислам Республикасының 1989 жылдан бергі көшбасшысы аятолла Сейед Али Хосейни Хаменеиге қарсы санкция енгізетінін жария етті. Трамптың мәлімдеуінше, жаңа санкциялар Хаменеиге америкалық қаржы жүйесінің игіліктерін пайдалануға мүмкіндік бермейді. Ол Иранның АҚШ-қа қарсы жаулық көзқарас танытуына осы елдің көшбасшысын жауапты деп санайды. Өз кезегінде АҚШ қаржы министрі Стивен Мнучин санкция ирандық активтердің миллиардтаған долларын "бұғаттауды" қарастыратынын нақтылады.
Бұл қадам екі держава арасындағы қарым-қатынастардың да үзілуіне соқтырады. Иран сыртқы істер министрінің өкілі Аббас Мусави ИИР жоғарғы лидеріне қарсы санкцияның енгізілуі Теһран мен Вашингтон арасындағы дипломатиялық жолдардың жабылуын білдіретінін жариялады.
Бұл жаһандық инвесторларды сенімді активтер іздеуге итермеледі, оның қатарына алтын да кіріп отыр.
Дегенмен өзге бағалы металдар керісінше арзандауда: күміс бағасы 0,3%, платина – 0,2%, палладий – 0,8%-ға кеміп кетті.
Қазақстанда да алтынға деген сұраныс таяуда өскен. Елімізде мысалы, сәуірге дейін алтын бағасы төмендеумен болды. Алайда 4 сәуірде елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтетіні жарияланғаны мәлім.
"Жалпы елде аумалы-төкпелі заманның тууы күтілсе, халықтың алтынға жүгіне бастауы дәстүрге айналған. Бұған қазақстандықтарды тарихи жады итермелейді. ХХ ғасырдың басындағы Ұлы қазан төңкерісінен кейін большевиктердің билікке келуі, олардың байларды жаппай қудалап, тәркілеу науқанын жүргізуі елдің жаппай алтынға жүгінуіне әкелді. Себебі, біріншіден, төңкеріспен келген "қызылдар" үкіметін батыстық державалар мойындамағандықтан, Кеңес өкіметі шығарған банкноттар халықаралық айналымға ене алмады да, биліктің өзі халықаралық саудада алтын монеталармен есеп айырысты. Екіншіден, шетелге қашқан ауқаттылар малының көп бөлігін сатып, алтынға айналдырды. Сол алтын арқасында біраз қазақ өзге елдерге өтіп кетіп, аман қала алды. Әрине, қазір бірлі-жарым қарсылық акцияларын билік уақытылы басып отыр. Әйтсе де, арты не болып кетеді деп, шағын алтын құймаларына қаржы салып жатқандар жайын білемін", – дейді саясат ғылымдарының кандидаты Бейбіт Жайғозин.
Экономистер де биылғы жыл соңына қарай әлемдік ЖІӨ-нің өсуі күрделенеді деп болжауда.
"Статистика жаһандық дамудың тежеле бастағанын паш етуде. Бұдан қауіпсіз актив саналатын алтын ұтады. Мәселен, биылғы бірінші тоқсанда тәуекелден қашқан инвесторлар арқасында биржада бағалы металдың 1 троя унциясының (troy ounce) бағасы 1 мың 349 долларға дейін көтерілді. Бірақ АҚШ пен Қытай арасындағы сауда мәмілесі бойынша келіссөздер оны біршама басты. Енді қайта қымбаттауда. Қалай болғанда, алтын аптығуды ұнатпайды, ол күте білетіндердің инвестициялық құралы болып табылады. Яғни, кейде арзандағанымен, уақыт өте келе, құны жоғарылайды", – дейді "Альпари" ақпараттық-сараптама орталығының аға сарапшысы Анна Бодрова.
Айтқандай, кейінгі өзгерістерге сәйкес, алтын дәстүрлі ақшаның баламасы емес, сол ақшаның өзіне айналуда. Дүниежүзінде Basel III жаңа халықаралық банктік ережелер күшіне енді. Ол ережелерде алтынға ерекше орын берілген. Бұл бағалы металл банктер үшін "100%-ға бағаланатын бірінші деңгейдегі актив" ретінде бекітілді. Яғни, банктер бұдан былай оны "ақша эквиваленті" ретінде емес, "ақша түрі" ретінде қабылдайды. Тиісінше, алтын кепілдігі үшін банктер бұрынғыдан көбірек кредит береді.
Нәтижесінде, банктер алтын бағасының төмендеуіне емес, қайта қымбаттауына мүдделі әрі ынталы болады.
Демек "1 граммы 17,4 мың теңге" деген баға ақырғы болып саналмайды.
Бақыт Көмекбайұлы