"Брексит" жоспары дайын емес

4140

Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуына жарты-ақ жыл қалды.

"Брексит" жоспары дайын емес

Өткен аптаның соңында Аустрияның Зальцбургінде Еуропа одағы елдері басшыларының бейресми саммиті аяқталды. Оған осы блокпен ажырасып жатқан Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй де қатысып, одақтан шығудың шарттары туралы жоспарын ұсынды.

Біріккен Корольдік ЕО-мен 2019 жылы сәуірдің 29-да "қош айтысуы" керек. Содан кейін екі жақ арасында өтпелі кезең басталады. Ол бір жарым жылға созылып, 2020 жылдың соңында аяқталуға тиіс. Тараптардың келешекте қатынастары қандай шарттарға негізделуі керек? Бұл сауалға нақты жауап жоқ. Ал Ұлыбритания үкімет басшысының осы жайлы жоспарын еуропалық лидерлер қабылдамай тастады. Ол жобаны Тереза Мэй үлкен даумен шілдеде ағылшын монархиясының ішкі саяси жүйесінде зорға мақұлдатқан еді.

Даулы екі мәселе
Біріншіден, Британ премьері Еуропа одағымен еркін сауда қатынасын сақтай отырып, нарықты өз қалауынша реттеп отырғысы келеді. Ал Брюссельге мұндай ұсыныс ұнамайды. 

Еуропа одағы Ұлыбританияны өзінің экономикалық және кедендік кеңістігінде қалдырғысы келеді. Бірақ бұл ұсыныс орындалатын болса, Лондонға бұрынғыдай Брюссельдің ережелеріне бағына беруге тура келеді. Тереза Мэйдің пікірінше, Британияға барып жатқан мигранттар легі әрі қарай да жалғасып, корольдік өзге мемлекеттермен сауда келісімдерін жасай алмай, екі жыл бұрын референдумда "брекситті" қолдаған миллиондаған адамның үміті ақталмай қалады.

Тараптарды дауластырып отырған тағы бір проблема – Солтүстік Ирландия мен Ирландия (Еуропа одағының мүшесі) арасындағы шекара. Шекараның осы бөлігіне сақшылар мен кеденшілерді қайтару идеясы – Брюссельдің, не Лондонның көңілінен шығып отырған жоқ. Ал Солтүстік Ирландияны жалпыеуропалық жүйеге кіргізіп, кедендік одақ аумағында сақтап, Ұлыбританияны олардан шығару – Біріккен Корольдіктің конституциялық тұтастығына қайшы келіп, тіпті оның бөлшектенуіне де алып келеді деген қауіп бар.

Британия да, Еуропа одағы да бұл проблемаларға қатысты келісім жасалмауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бірақ Лондон одан "ақыр заман туады" деп есептемейді. Корольдік пен одақ  қазанның 18-де қайта кездеседі. Сонда екі жақ ортақ мәмілеге келе ме, келмей ме – осы мәселенің басы ашылуы керек.  Ал олар уағдаласып жатса, Лондон мен Брюссель қабылдаған шешімдер британ парламенті мен еуропарламенттің де сүзгісінен өтуге тиіс.

Екінші референдум ба?
Жексенбі күні Лейбористік партия лидері Джереми Корбин өз партияластары арасында "брексит" жөнінде дауыс беру процедурасын өткізу ниетін жариялады. Бақылаушылардың ойынша, оның нәтижесі қандай болатыны қазірдің өзінде белгілі. Соңғы сауалнама қорытындысына қарағанда, лейбористердің 86 пайызы референдумды қайта өткізуді қолдап отыр.  Алайда онда қандай тақырып дауысқа салынуы керек: елді одақта қалдыру ма, әлде қатаң немесе жайлы жолмен шығару ма? Бұл мәселеде лейбористердің арасында ауызбірлік жоқ. Егер лейбористер плебицитті қайта ұйымдастыруға келіссе, биліктегі консерваторлар мен Тереза Мэйге оппозицияның пікірімен санасуға тура келеді.

Дегенмен "Рейтердің" мәліметінше, лейбористер Тереза Мэйдің Еуропа одағымен ажырасу туралы кез-келген келісіміне қарсы дауыс беріп, екінші референдумда Ұлыбританияны Еуропа одағында қалдыру мәселесін көтермек.

Британ баспасөзінің хабарлауынша, рейтингі бойынша консерваторлардың алдына түскен лейбористер референдумға ақпараттық әзірлікті бастап кетті. Плебицитті тағы ұйымдастыру идеясын Зальцбургтегі сәтсіз саммитке дейін-ақ Лондон мэрі Садық Хан қолдады. Оның сөзінше, Британияға нашар келісімді немесе келісімнің жоқтығын таңдауға тура келеді және бұлардың екеуі де корольдік үшін өте қауіпті.

"Брекситке" қатысты нашар келісімнен немесе келіспеуден төнетін қауіпті ескере отырып, халыққа өз пікірін қайта білдіруге мүмкіндік беруіміз керек", – дейді Садық Хан қыркүйектің 15-де "Би-би-си" телерадиокорпорациясына берген сұхбатында.

Экономикаға төнген қауіп
Лондон мэрінің есебіне жүгінсек, Ұлыбритания Еуропа одағынан ешқандай келісімсіз кете салатын болса, жарты миллиондай жұмыс орнын жоғалтады. Ал Лондонда вакансиялар 87 мыңға азаюы мүмкін. Оның сөзінше, Біріккен Корольдікке салынатын инвестция көлемі 50 миллиард фунт стерлингке кемімек.

Өткен дүйсенбіде Лондонға сапарында Халықаралық валюта қорының басшысы Кристин Лагард мәлімдегендей, Тереза Мэй үкіметі Брюссельмен "брексит" жөнінде пәтуа жасай алмайтын болса, Британия сол қара-қайшылықтың "қорқынышты зардабын" тартатын болады.

Осы қордың болжамынша, Ұлыбритания экономикасы 2018-2019 жылдары 1%-ға ғана өседі. Бұл – Франция мен Германияның өндірістік дамуынан әлдеқайда төмен көрсеткіш.

Британ қаржы министрі Филип Хаммондтың сөзінше, Тереза Мэй  үкіметі халықаралық валюта қорының келісімсіз "брексит" туралы "анық ескертуіне" құлақ асуы керек. Айта кетсек, консервативтік партиядан сайланған депутаттар Хаммонды Ұлыбританияны Еуропа одағын тым жақын ұстағысы келеді деп талай сынағанды. 

Қысым күшейіп келеді
Ұлыбританияның Еуропа одағынан шығуына жарты жылдай ғана уақыт қалды. Алайда екіжақтың ажырасу шарттары мен саудалық болашағы туралы жоспарды Брюссель ғана емес, Тереза Мэйдің өз партияластарының да көбі қолдамай отыр. Британ баспасөзінің дерегінше, егер Мэй өзге жоспар жасамаса немесе сенімсіз жоспар ұсынатын болса, парламентте басым дауысқа ие консерваторлар оны отставкаға да жіберуі мүмкін.

Премьер-министрдің өзі келесі жылы жазда, яғни "брексит" жүзеге асқаннан кейін орнын босатуға уәде берген. Алайда  кейбір бақылаушылардың пікірінше, референдумды қайта өткізу ұрандары жиі көтеріліп жатқанда, Тереза Мэйдің наурыздың 29-на дейін үкімет басында қалатынына сену қиын.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу