Қытайда болып жатқан оқиғаларға ежелден халқымыздың құлағы түрік жүрген. Елбасы бірде ҚХР нарығын "Қазақстанның теңізіне" теңегені бар. Себебі, ұлы мұхиттарға құяр ірі теңіздерге шыға алмайтын еліміз іргедегі алпауыт елдің нарығын игеруге құлшынуда. Оның үстіне аспанасты елінің әлемдегі көптеген үдерістерге ықпалы артып келеді. Сондықтан қытайлық жетекші экономист, Дүниежүзілік банктің ҚХР бойынша бөлімін басқарған халықаралық сарапшы Юйконь Хуанның шығыстағы көршіміздегі ахуалға қатысты түсініктемелері қызықты.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин өзінің атақты "Бір белдеу, бір жол" ("One Belt and One Road") бастамасын Қазақстанның бас қаласында, "Назарбаев университетіндегі" дәрісі барысында жария еткені белгілі. Еліміз бұл жаһандық жобаны алғашқы болып қолдаған елдердің бірі болды. Әйткенмен, бұл бастама Ресей тарапынан кейбір қарсылықтар туғызып отыр. Солтүстік көршіміз бұл жаңа Ұлы жібек жолының инфрақұрылымын түзуге де асығар емес. Нәтижесінде, әзірге қытайлық тарап Ресейді Каспий арқылы орап өтер бағыттарды дамытуда. Сондықтан бірінші сұрақ та осы бастамаға қатысты болды.
"Бір белдеу, бір жол" барлық елдерге түсірілген, таңылған жоспар емес. Бұл тек бағдарлама, тұжырымдама ғана. Оның мәнісі мынада: егер Азия мен Еуропадағы басты 65 ел арасындағы көлік байланыстары жақсартылса, сауда ағындары артады, тиімділік жоғарылайды, бұдан барлығына да жақсы болады. Бұл Қытайға не үшін керек болды? Өйткені бұған дейін ел іші мен өзге елдер арасындағы көліктік қолжетімділікті арттыру арқасында ҚХР экономикасының қос мәнді, қарқынды өсімі қамтамасыз етілді. Енді дәл осы қағидат анағұрлым ауқымы жобада қолданылып отыр. Егер неғұрлым көп елдер бір-бірімен тығыз байланысса, сауда жасау да соғұрлым тиімді бола түседі. Инвестиция көлемі де артады", – дейді ол.
Ал Ресей өз ішкі нарығына қытайлық тауарлардың басқыншылық-экспансиясы артады деп қорқып отырған көрінеді. Әрі мұның Қазақстанға да қатысы бар. Бірақ жаһандану дәуірінде қамал ішінде қамалып отыруға болмайды. Оның орнына отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру шарт.
"Бұл бастамаға қатысты әлеуетті проблемалар мынаған қатысты. Біріншіден, әрбір ел оған қосылу-қосылмау жайын өзі шешуі керек. Ешкім де оны осы бастамаға қатысты қандай да бір жобаны жүзеге асыруға мәжбүрлей алмайды. Нәтижесінде, "бір белдеу, бір жолға" қатысты бастамалардың көбі Қытайдан емес, соған қатысушы мемлекеттерден шығуда. Қараңыз, Қазақстан, Малайзия, Мьянма, Үндістан бұл ретте айлаққа, энергетикаға, автомобиль және темір жолдарға қатысты ауқымды жобаларын жүзеге асыруда. Олар бұл жобалардың керек не керек еместігін өздері шешуде. Тағы бір жайт – қытайлық жұмысшылардың пайда болуына қатысты үрей. Кейбір жобаларға қытай инвестициясы тартылады, тиісінше, жұмыс қолы да әкелінеді. Бірақ ел оған қарсы болуы мүмкін, себебі, мемлекет үшін ең алдымен өз жұмысшыларын еңбекпен қамту маңызды. Бұл да сол ел үкіметінің құзырындағы шаруа. Үшіншіден, егер елдер арасындағы экономикалық қарым-қатынастар барынша тығыз бола түссе, олардың бір-біріне деген тәуелділігі де артады. Мысалы, Қытай Қазақстаннан мұнай мен газды үлкен көлемде сатып алады, тиісінше, қазақстандық мұнай-газ құбырлары жобалары Қытайға қарай шоғырланады. Бұл Қазақстан үшін жақсы ма, әлде жаман ба? Бұл стратегиялық сұраққа да әр ел өзі жауап табуға тиіс. Әрине, экономика мен саясат қатар жүреді. Бірақ мәселен, темір жол салсаңыз, оның қандай геосаяси қыры бар? Кеңес кезінде ол темір жолдармен шетелдік басқыншы жедел әскер жеткізуі мүмкін деп қорқатын. Егер олай деп ойлайтын болсаңыз, көрші елге темір жол салмаңыз", – деп кеңес береді Юйконь Хуан.
Ол Қытайдың Еуропаға жолды Орталық Азия арқылы салуы Ресейді алаңдататынын, себебі, солтүстік көршіміз осы аймаққа ықпалынан айырылып қалудан сескенетінін айтады. Сонымен бірге орталықазиялық елдердегі қауіппен қараушылықты да жоққа шығаруға болмайды. Қазақстанда да қытайлық жобалардың қаптауына күдікпен қараушылық бар және негізсіз емес. Бұған қытайлық экономист не дейді?
"Егер мен сіздің еліңізде зауыт салсам, ықпал ету тетігі кімнің қолында пайда болады? Әрине, сіздің еліңіздің қолында. Өйткені зауытым сіздің еліңіз аумағында орналасқан, тиісінше осымен байланысты тәуекелдер менің мойнымда. Егер ол зауытты үкімет тоқтатып тастаса ше? Немесе, ұлттық нысанға айналдырып, ұлт меншігіне жатқызуы ықтимал. Мен не істей аламын? Кез келген жоба шетелдік инвесторға да, ел үкіметіне де өзара тиімділік пен пайда табуға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл мүмкіндікке ақылмен келу маңызды. Егер екі жақ та саналы қимылдамаса, екеуі де ұтылуы мүмкін", – дейді шың елінің экономисті.
Дүниежүзіндегі ең ірі экономикалардың бірі – Қытайдың экономикалық өсімінің тежелуі әлемдік деңгейге де, Қазақстанға да кері әсер етуде. Ал егер ол күрт құлдыраса, ешкімге де оңай соқпасы сөзсіз. Сонымен қатар көптеген жетекші халықаралық сарапшылар коммунистік Қытайдың ЖІӨ-сінің жыл сайын 6,5–7 пайыздап өсіп келе жатқанына күмәнданады. Олардың байламынша, бұл елдің ресми статистикасы экономикалық көрсеткіштерді қолдан өсіріп көрсетеді. Бұл шын ба? Жасанды өсім жарға жығып, көрші Қытайды жойқын экономикалық дағдарыс жайлайды деп ойлауға негіз бар ма?
"Расында, Қытайдың ресми статистикасының кемшіліктері көп. Сол себепті ҚХР өз ЖІӨ-сінің өсімін жасанды түрде өсіріп көрсетеді деген тұжырым кең таралған. Бір жарым жыл бұрын The Wall Street Journal танымал экономистер арасында сауалнама жүргізді, сонда олардың 96%-ы оның көрсеткіштерінің асыра көрсетілетініне сенімді екенін айтқан. Алайда мен "Cracking the China Conundrum: Why Conventional Economic Wisdom is Wrong" (Қытай жұмбағының жауабы: не себепті көз үйренген экономикалық даналық қате") атты соңғы кітабымда ҚХР ЖІӨ-сінің ресми мәліметтері өсірілмегенін, керісінше, төмендетілгенін дәйектедім. Біріншіден, мәселе сенімге тіреледі. Қытай статистикасы мөлдір емес. Барлық жергілікті биліктер, провинциялар қосып жазып, өз көрсеткіштерін әсіре көркейтіп ұсынады. Ендеше оларды жиынтықтай алғанда, ҚХР ЖІӨ-сінің өсу деңгейі қазіргіден әлдеқайда жоғары болып шығуға тиістей. Алайда Қытайдың жалпыұлттық ЖІӨ көрсеткіші провинциялар мәліметтерін жай қорыта салу жолымен есептелмейді. ҚХР ұлттық статистикалық бюросы олардың мәліметтерін мүлдем пайдаланбайды, ол ЖІӨ есебін өз бетінше, әралуан индикаторлар негізінде жүргізеді. Тағы бір мәселе – бұл бюроның төл деректері қаншалықты нақты деген сауалға қатысты. Нақты емес! Бірақ ол кінәрат жоғарылатуға емес, керісінше, төмендетуге қатысты болып келеді. Мұны социалистік жүйедегі орталықтандырылған жоспарлаудағы есептілік пен нарықтық қағидаттарға негізделген есептілік арасындағы айырмашылықпен түсіндіруге болады. Қазір ҚХР да БҰҰ-ның статистикалық қағидаттарымен үйлесетін екінші жүйеге көшуде, бірақ көшу әлі аяқталған жоқ. Осының салдарынан, Қытайда жеке сектор мен қызмет секторының рөлі көп есепке алынбайды. Қазақстанда осы екі сектордағы кез келген ілгерілеушілік ЖІӨ-нің өсуіне әкеледі. Ал ҚХР-да, социалистік жүйеде жеке сектор жоқ, ал қызмет көрсету секторының рөлі жете бағаланбайды. Нәтижесінде, орталықтандырылған жоспарлау негізінен бүкіл өндірістің өсіміне негізделеді. Сонымен бірге Қытай экономикасының шынайы өсімін кімдер қамтамасыз етуде? Көбінесе, жеке сектор мен қызмет көрсету секторы. Ендеше ҚХР экономикасының шынайы өсу ауқымы да жете бағаланбай отыр", – деп түсіндірді ол.
Юйконь Хуан Қытайда қызмет көрсету секторында интернет пен ІТ ("ақпараттық технологиялар") салалары қарқынды дамып жатқанын алға тартты. Бұл салалар темір жолмен көп жүк тасымайды, электр қуатын мол тұтынбайды. Бұл салалардағы белсенділік те, еңбек өнімділігі де өнеркәсіп салаларына қарағанда әлдеқайда жоғары. Демек, бұл салалар толық есептелгенде, шығыс көршіміздің дамуы жаңа деңгейге шығуы ықтимал. Олай болса, Қазақстанға да өзінің бәсекелестік қабілеттіліктері мен артықшылықтарын бағамдағанда, осыны назарға алғаны маңызды.
Ғаламторда жаһан жұртшылығының, соның ішінде қазақстандықтардың көңілін аударатын тағы бір жайт – Қытайда тұрғын үй құрылысының тым қарқынды жүргізілгені сонша, сұраныс ұсыныстың екпініне ілесе алмай, салдарынан адамдар тұрмайтын "елес қалалар мен аудандардың" пайда болуы болса керек. Бұл ел ол проблемасын қалай шешуде?
"Қытайдағы ауыл мен қала тұрғындарының үлес салмағы қазір Қазақстандағыға ұқсас: шамамен 43 пайызы – провинцияларда, 57 пайызы қалаларда тұрады. Ресейде халықтың шамамен 75%-ы, Оңтүстік Корея мен Жапонияда – 95%-ы, АҚШ-та 98%-ы қалада тұрады. Қытай алдағы 10-15 жылда қалай өзгермек? Қытай халқының 70 пайыздайы "қалалық" атанады. Тағы 15–20% ауылдық жұмыс күші де қалаларға бет қояды. Бірақ олар ірі қалаларға бармайды. Себебі, Қытайда қазір мынадай көші-қон саясаты жүзеге асырылуда: ірі қалаларға көшетін адамдарға әлеуметтік қамтамасыз ету қызметтері ұсынылмайды, ал шағын қалаларға көшушілерге керісінше, мол әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде, қазірдің өзінде ҚХР-да шағын қалалардағы халықтың тығыздылығы әлемдегі кез келген елдегі шағын қалаларға қарағанда, әлдеқайда жоғары. Бұл ретте Шанхай, Бейжің және басқа да ірі қалаларда әлемдік мегаполистерге қарағанда тығыздылық төмендеу. ҚХР осындай кереғарлық-феномен қалыптасқан жалғыз ел. Алда онда 100-150 миллион жұмыс күші өңірлерге көшеді деп күтілуде.
Ал "елес-қалаларға" келсек, соңғы 3-4 жылда сатылмай қалған баспана қоры екі есеге азайды. Өйткені үкімет оларды әлеуметтік баспана есебінде пайдалануда. Үкімет жұмысшыларды бұл пәтерлерді субсидияланатын арзан бағаға сатып алуға ынталандыруда. Бірақ ірі қалаларда баспананың жетіспеушілігі проблемасы бар", – дейді қытайлық сарапшы.
Әлемдік экономистер Қытайда жердің тым тез қымбаттауына назар аудартып, оны алда жарылатын "көпіршік" деп атайды. Әрине, көрші елдегі жерге қатысты дүрбелең бізді де алаңдатпай қоймаса керек.
"Бұл жерде де мәселе жекеменшікке қатысты болып отыр. Сіздердегі сияқты, Қытайда да кезінде жекеменшік деген болған жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жаппай жекешелендіруге кірісті, Қытайда баспананы жекенің қолына тапсыру тек бертінде, 1999 жылы қолға алынды. Сіздерде мемлекет азаматтарға өздері тұрып жатқан тұрғын үйді тегін жекешелендіруге рұқсат етті. Ал ҚХР-да азаматтар өз үйлерін мемлекеттен сатып алуға міндетті болды.
Тек жекешелендіру жүргізілгеннен кейін ғана баспананы және жерді сату және сатып алу мүмкін болды. Қытайда тұрғын үй салу үшін коммерциялық құрылысқа сатып алынатын жер нарығы тек 2004 жылы пайда болды. Осыдан кейін жер құны соңғы он жылда 600%-ға шығандап шыға келді. Өйткені социалистік мемлекетте жердің нарықтық құны – белгісіз. Жер нарығы жаңа ғана ашылғанда, оған қатысушылар мен кредиторлар оның құнын байыппен анықтауға тырысады, өзара саудаласады, арзандау алады, қымбатыраққа сатады. Сөйтіп, он жылда 600 пайызға қымбаттайды. Мұны әлемдегі дамыған елдермен салыстыруға болмайды, оларда жер нарығы ежелден болған, жер телімінің нақты құнын да нарық қатысушылары өте жақсы біледі. Ал Қытай болса, әлі күнге жердің құнын анықтауға тырысуда. Бұл ретте 600%-дық өсу "көпіршіктің" жарылуына соқтырмай ма? Бұл "көпіршік" емес.
Салыстыру үшін айталық, сіздердің елордаларыңызда, астана болғалы бері, жердің құны қаншаға өсті? Немесе, жекешелендіру жүрзілгеннен кейін Алматыдағы жер құны қаншаға өсті? Мың пайызға өскен болар?
Бастапқыда баға нөлге тең болады, кейін ол еуропалық бағаларға қарай жылжиды. Қытайда жылжымайтын мүлік тағы шамалы қымбаттай алады. Өйткені халық саны өсуде", – деп түйді Юйконь Хуан.
Жанат Ардақ