"Facebook" пен "ВКонтакте" желілерін Қазақстанда "тіркемекші"

2175

Жыл басынан бері Қазақстанның 63 жеткіншегі "Өлімге итермелейтін топтардың" ықпалына енген.

"Facebook" пен "ВКонтакте" желілерін Қазақстанда "тіркемекші"

Жоғарыда көрсетілген 63 баланың 15-і өз-өзін жараласа, қалғаны қауіпті ресурстарға ермек үшін қосылған, ал кейбіреуі әлеуметтік желідегі  парақшаларының деңгейін өсіруді көздеген. Бұл туралы парламент мәжілісінің үкімет сағатында ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде өзін-өзі өлтіруді насихаттайтын "өлім топтарымен" жедел әрі нәтижелі күресу үшін  мекеме "Facebook", "ВКонтакте" және Instagram-ды Қазақстан провайдерлері арқылы жұмыс істеуге міндеттеу қажет деп есептейді.

"Бұл қаңтар-ақпан айларында басталды. Бүгінгі күні кәмелетке толмаған 63 баланы осындай топқа тарту әрекеті тіркелді, 15 бала өз-өзіне түрлі жарақат  жасаған. Бізге ата-аналардан, оқытушылардан түрлі хабарлама түсіп жатыр. Әр факті жеке-жеке қаралуда. Мұндағы жалғыз қиындық  - бұл ресурстардың Қазақстаннан тыс жерлерде орналасуында. "ВКонтакте" Ресейде, Facebook пен Instagram АҚШ-та орналасқан. Мәселені шешудің бір жолы – аталған әлеуметтік желілердің иелеріне Қазақстан қолданушылары туралы мәліметті Қазақстанда сақтауға немесе Қазақстан Республикасындағы отандық провайдерлер арқылы жұмыс істеуге міндеттеу", - деді министр.

Ғаламтордағы қауіпті ресурстарды бұғаттау рәсімі ұзаққа созылып жатыр.

"Біз барлық ғаламторды бақылап, тексеріп жатырмыз. Бүгінгі күннің өзінде 100-ден астам факті анықталды. Біз оны бұғаттауды ақпарат және коммуникация министрлігіне тапсырамыз. Әр оқиға бойынша Бас прокуратурамен бірлесіп жұмыс істейміз. Сұраныс жібереміз, бірақ ол жеткенше... түрлі заңнамалар бар. Біз осы сұранысты қалай ұзақ орындайтынымызды көзіңізге елестетіңізші", - деп қынжылды Қалмұханбет Қасымов.

Әлеуметтік желілерде өлім культін насихаттайтын ресурстардың жандануы ата-ана мен бала арасында сенімді қарым-қатынастың жоқтығын көрсетеді деп есептейді мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров.

"Ересектер өмірінің көп бөлігін әлеуметтік желілерде өткізеді, бір-бірімен қарым-қатынас жасауды қойды. Соның салдарынан балалардың өмірінен қол үзіп қалды. Баласы әлеуметтік желіде, ғаламторда немен әуестенетінін білмейді. Бала әлдебір виртуалды әлемде өмір сүреді. Олар шынайы өмірге бейімделмеген, есесіне қауіпті ойындарға әуес. Жастар өмірмен қоштасу барлық қиындықтан арылтады деп есептейді. Бақылауға мүмкіндік бермейтін ғаламтор бала үшін үлкен қауіп төндіріп отыр, себебі олар ақпаратты таңдау білмейді, барлығына тез сеніп қалады. Ата-ана баласына аз уақыт бөлсе, баланың досы болмаса, ол спортпен айналыспаса қауіпті қадамға барады. Отбасындағы жайсыз ахуал, түптеп келгене балаға көңіл бөлмеушілік оның психикасына кері әсерін тигізеді. Осы фактор балалар суицидінің басты себебі болып табылады", -  деді депутат.

Динара Қуатова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу