"Қазақфильмге" кімнің көзі түсті

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2873

Киностудия мен Алматы әкімдігі арасындағы ақпараттық соғыс жалғасып жатыр.

"Қазақфильмге" кімнің көзі түсті

"Қазақфильмнің" вице-президенті Серік Жұбандықовтың сөзінше, олардың тарапынан Астанаға өздеріне қарасты мекемені абаттандыруға көмек көрсету туралы хат жазылмаған. Қазір Алматы билігі көз тігіп отырған 5,5  гектар  жерде "Томирис" және "Қазақ елі" киносы декорацияларының құрылысы  аяқталып  қалыпты.  

Танымал режиссер Сатыбалды Нарымбетов қазақтан өзге бірде-бір елде киностудияға ешкімнің көз алартпайтынын айтты.

"Бұл жерде ешқандай ойын-сауық орталығы, этно ауыл емес, қазақ киносының іргетасын қалаған тұлғалардың музейі тұруға тиіс. Этноауыл қажет болса, Қаскелеңнің, Талғардың жолында жер жетеді. Бұл үдеріс жалғаса берсе түбі Мұхтар Әуезов атындағы академиялық және

Абай атындағы опера және балет театрларына ауыз салатындар табылады. Бұл заңсыздықты тоқтату керек!" – деді Сатыбалды Нарымбетов.

Әріптесінің сөзін жалғастырған Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Ермек Тұрсынов бұл мәселе шегіне жеткенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, Алматы әкімдігі арқылы "Қазақфильмге" қарасты жерге көз салу биыл немесе былтыр басталмапты.

"Біз, шығармашылықтың өкілдері қорғансызбыз. Біздің Алматы билігін араға салып, өздері көлеңкеде отырған адамдармен күресуге шамамыз келмейді. Олар 5,5 гектар жермен шектеліп  қалмайтынын сезіп отырмыз. Бұл ойын ережесі бізді "Қазақфильмге" қарасты алып ғимараттың қуықтай бір бөлмесіне тығуға әкеле жатыр. Алматы билігі айтып отырған этноауыл үшін қаланың айналасында жер көп. Этноауыл сала ма, жабайы тиындардың ескерткішін сала ма, ол өз еріктерінде. Менің Алматының әкімі Бауыржан Байбекке деген құрметім ерекше. Бізге, киногерлерге тиісті жерден үлес алып қалуды көздейтін құжатты қала әкіміне кімнің және қандай жолмен өткізгені бізге түсініксіз", – деді одақ төрағасы.

Ермек Тұрсыновтың сөзінше, "Қазақфильм" иелігіндегі жерге көз салып отырғандардың соңғы күндері тым белсенді болып кетуінің себебі бар. Алдағы қыркүйекте "Кино туралы" заң  мәжілісте қаралып, биылдан қалмай елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарауына ұсынылады деген сөз бар. Заң күшіне енсе, "Қазақфильмге" қарасты жердің меншік иесі анықталады. "Қазақфильмге" акционерлік қоғам емес, ұлттың, мемлекеттің меншігі деген мәртебе берілмейінше, оның меншігіне көз салатындардың қатары азаймайды. Әзірге "Кино туралы" заң жоқ. Заң болмаған соң "Қазақфильмнің" құқы нақтыланбаған. "Кино туралы" заң қабылданатын күн жақындаған сайын "Қазақфильмге" қарсы әрекет күш алып бара жатыр", – деді  Ермек Тұрсынов.

Киностудияның заңгері Әлтайыр Ерімбетов "Қазақфильм" басшылары  елбасының атына хат жазып жатқанын айтты. Заңгердің мәлімдеуінше, ашық хатқа  қол іздеудің қажеті жоқ. Қазақтың маңдай алды актерлары қолын қойып, келісімін беруге дайын отыр.

Заңгер осы тұста, жер жайлы түсіндіре кетті. Сырт көздің қызығушылығын тудырып отырған жер мемлекеттің меншігі. Бірақ ол киностудияға 2010 жылдан бастап  49 жылға жалға берілген

Айтпақшы сөз болып отырған 5, 5 гектар жерде Ақан Сатаевтың "Томирис", "Қазақ хандығы" деген сериалдарына қажетті декорация салынып жатыр. Түсірілім қыркүйек айына жоспарланған.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу