"Жалған есеп берумен айналысуды қою керек"

Алина Альбекова Алина Альбекова
3497

Денсаулық сақтау министрі адам өлімін азайтуға арналған жоспар әзірлеуді тапсырды. 

"Жалған есеп берумен айналысуды қою керек"

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов облыс басқармаларының көптеген маңызды көрсеткіш бойынша жұмыс істемей отырғанын айтып, олардың жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, өңірлерде қатерлі ісіктен (5,7%-ға төмендеген), жазатайым оқиғалар мен жарақаттардан (9%-ға), сүлдесілден, (15,1%-ға), жүрек-қан тамырлары жүйесінің ауруынан қайтыс болғандардың саны, сондай-ақ ана мен бала өлімі  (7,3%-ға) әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстыратын болсақ,  оң көрсеткіш бар, алайда ол анау айтқандай емес.

"Өңірлер 2016-2019 жылдарға арналған "Денсаулық"  денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға аса мән бермейді. Ал іс шараның жоспары белгіленіп, денсаулық сақтау министрлігінің бақылауына алынған. Менің ойымша, жергілікті атқару органдарының басшылары тарапынан айтарлықтай тиісінше көңіл бөлініп отырған жоқ, үнемі қандай да бір сыртқы объективті факторларды іздейміз. Ал егер атқарылып жатқан ішкі жұмысқа бір сәт көңіл бөлетін болсақ, денсаулық сақтау басқармасы басшылары мен менеджмент тарапынан жүйелі жұмыстың жеткіліксіз екенін көруге болады", – деді ол Астанада өткен жиында.  

Министр адам өліміне түрткі болатын тыныс алу мен асқазан-ішкі құрылыс аурулары мүлдем назардан тыс қалғанын атап кетті. Ол өңірлерге алдағы жылдары осы аурулармен күресудің  егжей-тегжейлі жоспарын әзірлейтін үйлестіруші кеңес құруға тапсырма берді.  Ал өзінің қарамағындағыларға  облыстарда құрылатын барлық үйлестіруші кеңес жұмысының қаншалықты тиімді екенін қадағалауды тапсырды. 

Ведомство басшысы өңірлердегі үйлестіруші кеңестер алдын алу, медициналық қызметті госпитальдық кезеңге дейін жақсарту және адам өлімін азайту үшін құрылатынын айтты.

"Егер қандай да бір көрсеткіштерге қол жеткізе алмай жатсақ, онда біз өңірлердің қандай да бір мүмкіндігін ескермей отырған шығармыз", – деді Елжан Біртанов.

Алты индикатор бойынша жағымсыз көрсеткіш пен адам өлімінің жоғары деңгейі тіркеліп отырған Қостанай облысының денсаулық сақтау басқарамасы басшысының берген жауабына мән беретін болсақ, онда денсаулық сақтау министрлігі халықтың қартаю жасының жоғары екенін ескермеген. Еркен Даутбаев облыстағы жасы ұлғайған адамдардың саны еліміздегі орташа көрсеткіштен екі есе артық екенін атап көрсетті. Бұл жауапқа министр таң қалды.

"Сіздің тарапыңыздан мұндай нәрсе айту орынсыз. Адам өлімінің негізгі себептері – бұл тыныс алу мүшелерінің ауруы, жүрек-қан тамыры ауруы және онкология екенін жақсы білеміз. Егер осы созылмалы ауруларды жүйелі түрде емдеумен айналысатын болсаңыздар, онда нақты нәтиже болады. Барлығын кәрілікке сілтеуге болмайды. Егер сіздердегі адамның өмір сүру жасы 80 жас болса, онда мен ештеңе демес едім", – деп жауап берді ол басқарма басшысының ақталуына.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпары бойынша, Алматы, Ақмола, Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы адам өлімінің саны азаймай отыр.

Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы да 6 көрсеткіш бойынша нашар нәтиже көрсетіп отыр, оның ішінде ана өлімі жоғары. Осыған байланысты министр Қызылорда облысынан үйреніп, тәжірибе алмасуға кеңес берді. 

"Осы индикатордың өсуі бойынша проблемасы бар барлық өңірге айтарым, Қызылорда облысынан үйреніп, тәжірибе алмасыңыздар. Сіздердегі  проблема оларда да бар. Мұнда да кадр, материалдық техникалық жабдықталу бойынша мәселе бар. Жұмысты дұрыс ұйымдастырудың арқасында бұл өңірде биыл адам өлімінің саны төмен болып отыр. Қызылордаға орынбасарларыңызды жібермей, өздеріңіз барып, жұмысты қалай ұйымдастыру қажеттігін көріп қайтыңдар", – деді ол облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшыларына.

Министр ана өлімінен басқа Атырау облысындағы тағы бір нашар көрсеткіш – онкологиялық аурудан қайтыс болған адамдар санының көптігіне мән берді. Оның айтуынша, бұл өңірдегі онкологиялық аурумен ауыратындардың өмір сүру ұзақтығы бес жылдан аспайды. Министр мұның себебі – диагнозды кеш қою немесе "жалған есеп" беруде екенін атап көрсетті де, облыстық басқармаға бұл көрсеткіштің нашар болу себебін анықтауды тапсырды.

"Сіздер онкологиялық аурумен ауыратындарды кеш анықтайсыздар немесе ерте анықтап "жалған" есеп беріп жібересіңдер. Мәселенің бәрі осында болып отыр. Ерте анықтаған күннің өзінде науқастар ұзақ өмір сүрмейді.  "Жалған есеп берумен айналысуды қою керек, біз ақпараттық жүйе аясында барлығын тексеретін боламыз. Скрининг жасауға баса мән беру керек. Жалпы, Атырау облысы қандай да бір экономикалық қиындығы бар депрессиялық өңірге жатпайды. Сондықтан азаматтардың денсаулығын сақтау құқын қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттің қаражатын тиімді пайдалану қажет деп ойлаймын", – деді Елжан Біртанов.

Сөзін аяқтап бітер-бітпестен министр ШЖҚ-дағы мемлекеттік кәсіпорындарға және қадағалау комитеттеріне жергілікті бизнесмендерден кеңес пен қолдау сұрауды тапсырды. Әсіресе  қаржылық басқару тұрғысына ерекше тоқталып кетті. Елжан Біртанов мұндай тәсіл республикалық деңгейде және көптеген өңірлерде бұрыннан қолданылып келе жатқанын  айтты. Оның сөзінше, бұл мемлекеттік ұйым жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ қоғамдық ұйымдарды және бизнесті денсаулық сақтауды дамытуға қатысуға тартады.

"Бұл түсінбеушілік тудырып отырған барлық өңірге қатысты. Корпоративтік басқару мәселелері мемлекет басшысының 2015 жылы жариялаған ұлт жаңғыруының 100 қадамының бірінде қарастырылғанын атап кеткен жөн.  Бірақ та әлі күнге дейін осы жоспарды іске асыру бойынша сенімсіздік бар.  Бірінші, үйлестіру кеңесін құрып, оған қажетсіз, біліксіз мамандарды емес, қалаға белгілі қоғам қайраткерлерін, бизнесмендерді, заңгерлерді шақырыңыздар, сонда нәтиже көресіздер. Олардың алдына қойған міндеттер орындалатын болады", – деп түсіндірді министр өңір басшыларына.

Содан кейін мемлекеттік бағдарламаның тағыдыры мен нәтижесі өңірлік басқарма басшыларының қолында екенін еске салып кетті. Ал 9 айдың қорытындысы бойынша министр бұл бағдарламаның іске аспай жатқанын  қайталап айтты.

Елжан Біртанов облыс әкімдеріне басқарма басшыларына қатысты тәртіптік сипаттағы шараларды қабылдау мен келісімді қайтарып алу құқығын министрлік өзіне қалдыратынын жеткізді. Ведомство басшысы өз міндеттерін атқаруға және 2018 жылға арналған жұмысты жоспарлауға үлкен жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Алқа отырысында денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова саланың негізгі мақсаты медициналық қызмет сапасын жақсарту екенін еске салды. Дәлірек айтсақ, қызмет көрсету сапасының бір көрсеткіші – тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдарды болдырмау. Оның айтуынша, 2017 жылы көп шағым түскен. Жалпы шағымдардың 69%-ы сапасыз емдеу мен диагностикаға, медициналық қызметке байланысты. Шенеуніктің сөзінше, ресми шағымдарға ғана емес, әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға да тұрақты түрде мониторинг жүргізу қажет.  

"Статистика қағаз түрінде, электронды форматта және блогқа келіп түскен ресми өтініштер негізінде жасалады. Алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлеуметтік желілерде медициналық қызметтердің сапасына қатысты айтылатын сын көп. Бірақ олар статистикада есепке алынбайды. Сондықтан әлеуметтік желілерде жарияланатын өтініштерді есепке алуды міндеттеу мәселесін қарастыруды ұсынамын. Аймақтық департаменттердің, комитеттер мен басқармалардың әлеуметтік желілерде өз парақшалары болуы керек", – деді ол.

Елжан Біртанов бұл идеяны қолдады. Тіпті тиісті нормативтік құжат құруды ұсынды. Министр дәл сол жерде өңірлік басқармаларға, аумақтық департаменттерге және мемлекеттік медициалық ұйымдарға 2017 жылдың соңына дейін әлеуметтік желілерден аккаунт ашу туралы тапсырма берді.

"Жеке аккаунттардың бәрін бақылап отыру мүмкін емес. Сіздердің парақшаға өтініш келіп түссе, тіркеп, оған дәл сол жерде жауап беру керек. Мұндай парақшалар әшейін есеп үшін ашылмауы қажет. Бұл арнайы жұмысты қажет ететін әкімнің немесе министрдің толыққанды блогы емес қой. Бұл жерде көтерілетін мәселелерді медициналық ұйымдардың деңгейінде шешуге мүмкіндік бар. Өңірлер маңызды деген әлеуметтік желілерден аккаунттар ашып, бізге есеп беретін болсын. Біз оларға мониторинг жүргізіп отырамыз", – деді Елжан Біртанов.

Министрдің пікірінше, тұрғындардың медициналық қызметтерге көңілі толмауының негізгі себептерінің бірі – медициналық қызметкерлердің білімі мен дағдыларында үйлесімділіктің болмауы. Ол медициналық қызметкерлердің білімін бағалауды тәуелсіз республикалық орталықтан кәсіби мамандардан құралған өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруді ұсынды.   

"Орталық жұмыс істеп тұр. Алайда түсетін шағым  азаяр емес. Білімі мен дәрежесін дәлелдей алмаған жандар көп жағдайда өздерін ақтауға тырысады. Меніңше, медициналық қызметкерлердің білімін бағалауды кәсіби қоғамдастыққа беру керек. Өзін-өзі реттейтін ұйым құру қажет. Осылайша, медициналық қызметкерлер өз арасынан көшбасшыларды, басшыларды таңдап алуға тиіс. Олар біріккен палатаның немесе комиссияның құрамына енуі керек. Біз қызметкерлердің білімін бағалауды барлық моделімен және инфрақұрылымымен қосып беруге дайынбыз", – деді министр.

Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын тілге тиек етті. Атап айтқанда, заманауи медициналық мекемелердің құрылысы мен ескі нысандардың құрылысына қатысты жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Ол бұл мәселе жуырда үкіметтің отырысында талқыланатынын жеткізді.

"Біз 2018-2025 жылдарға жоспар құрып отырмыз. Осы жылдары нормативтерге сай келетін инфрақұрылым тартуымыз қажет. Алда 7 жыл бар. Ал оған дейін, яғни 2020 жылға қарай ескі нысандардың орнына жаңасын салу мен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізудің халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи мобильді инфрақұрылымын дайындау қажет", – деді ол.

Гүлназ Ермағанбетова, Алина Әлібекова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу