Қолғап қажытты: азаматтар биліктен қолға "азаттық" беруді сұрайды

6323

Дерматологтар "медперчатканың" қауіптілігін әшкереледі.  

Қолғап қажытты: азаматтар биліктен қолға "азаттық" беруді сұрайды

Қазақстанда бизнес пен бұқара дәріханалардан бетпердені ғана емес, бір реттік медициналық қолғаптарды да қаптатып сатып алуда. Себебі, мемлекеттік бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, қоғамдық көлік жүргізушілері, әуежай-вокзал, фитнес залы, сауда орындарының қызметкерлері және басқасы міндетті түрде маска және медициналық қолғап киюі тиіс. Мұндай "тандемді" бұзған бизнес нысандары халыққа қауіп-қатер төндіреді деп танылып, жабылады.

Танымал сауда орнының қызметкері Аминат Шарафутдинова күні бойы қолғап киіп жүру қиынға түсетініне шағымданады.

"Біз азық-түліктік емес тауарлар сатумен айналысамыз. Яғни, тамақ өнімдері дүкендеріндегі сияқты сатып алушылар соңынан сөрелердегі өнімді жиыстырып, толтырумен шұғылданбаймыз. Ендеше бізді перчатка киіп жүруге міндеттеудің не қажеті бар?! Анда-санда қолды антисептикпен жаусақ та жетеді ғой. Егер бұл талап жойылмайтын болса, онда міндетті түрде резеңке перчатка емес, қарапайым күзгі қолғап киюге рұқсат етсін. Ертең қолымыз жараға толып кетсе не қыламыз? Мұны да кие алмай қаламыз", – деп алаңдайды Аминат.  

Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтында қолғап кигеннен гөрі қолды жиі жуу дұрысырақ екені жазылғанын айтады.

Мысалы, Ресейде бас санитар қарапайым қолғап түрлерін киюге де рұқсат еткен, бірақ оны 100 градуста жуу керек көрінеді. Кемшілігі сол, көп реттік қолғаптың жуылған-жуылмағанын ешкім тексере алмайды: азаматтардың үйіне дейін еріп барып, кір жуу машинасында қалай жуғанын қадағалайтын ешкім жоқ.

Қазақстандықтардан түсіп жатқан шағымға орай Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті ресми түсініктеме берді. Меморган ТЖ аяқталғаннан кейін елде коронавирустық инфекцияға қатысты эпидемиологиялық ахуалдың ушығуы "профилактикалық және індетке қарсы шараларды күшейтуге түрткі болғанын" айтады.

"КВИ таралуының алдын алу үшін бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова 2020 жылғы 22 мамырда "ҚР халқы арасында коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы" қаулысын бекітті. Оған сәйкес, халыққа бетперде, бір реттік қолғап киіп қызмет көрсетілуі тиіс. Ол қолғапты бір ауысымда кем дегенде 2 рет ауыстыру керек. Қолғап тесілсе не жыртылса, қолды антисептикпен өңдеп, жаңасын кию міндет. Үкімет пен министрлік қабылдап жатқан алдын алу және індетке қарсы шаралар халық арасында COVID-19 жайылмауы және сіздің денсаулығыңызға қауіп төнбеуі үшін қабылданды", – деп жауап қатты ДСМ комитеті.  

Қазіргі кезде "Қазпошта" бөлімшелерінде, вокзалдарда, әуежайларда, спорт базалары мен фитнес залдарда, сауда, қоғамдық тамақтану нысандарында және басқасында кассирлер, жүргізушілер, сатушылар, аспаздар, даяшылар және келушілермен араласатын өзге де қызметкерлер кемінде 2 рет ауыстыруға жататын бір реттік қолғап киіп қана халыққа қызмет көрсетуі тиіс. 

Өйткені бірқатар ғалымдардың байламынша, симптомды не симптомсыз сырқат жөтелген, түшкірген, терлеген кезде бөлетін ұсақ тамшылар арқылы COVID-19 беріледі. Яғни, сол тамшылар тамған жерге қолын тигізген адам вирус жұқтыруы ықтимал.  

Дегенмен, эпидемиологтар енгізген бұл талапты дерматологтар құптамайды. Олардың пікірінше, осының салдарынан жазда тері ауруларының түр-түрі өршуі ғажап емес.

Бір реттік қолғаптар көбіне винил, латекс немесе нитрилдан жасалады. Оның ішінде қол тез терлей бастайды. Қысқы аязда не суық күнде мұны кию біршама жеңіл болса, ал жазғы аптапта ол нағыз азап. Неміс дәрігер-терапевті Марк Ханефельд Twitter мен Facebook жазбаларында жылы әрі ылғалды климат – барлық бактерия мен вирустар өнуі үшін ең қолайлы орта екеніне назар аудартып жүр. Сондықтан ол дәрігерлерден басқасына медициналық қолғаптарды көп кимеуді ұсынады.

Оның үстіне қолғап киген адам бетіне, әсіресе, көзі мен мұрнына қол тигізбеуі керек. Әйтпесе, резеңке қолғап жиған вирус ағзаға еніп кетеді. 

"Ия, өкінішке қарай, егер мұндай қолғапты ұзақ уақыт бойы киіп жүрсе азаматтардың әрбір төртіншісі контактілі немесе аллергиялық дерматитке ұшырауы мүмкін. Тағы 20%-ында латекске, полимерлер компонентіне аллергия пайда болуы ықтимал", – дейді белгілі эпидемиолог Елена Пастухова.

Ол бүгінде ДДСҰ оны киюге кеңес бермейтінін растады.

"Аптап ыстық кезінде қолғап пен қол терісі арасы тер бездерінен бөлінген секрециялық сұйықтықпен ақырындап тола бастайды. Бұл бактериялар өнетін орта! Оны дәрігерлер "перчаточный сок" деген қызықты терминмен атайды. Аспаз ас әзірлеп жатқанда қолғабы жыртылып кетсе, осы "шырын" бактерияларымен бірге сіздің пиццаңызға төгіледі. Ендеше санитарлық норма бойынша пицца, тұшпара, нан, қамырдан жасалатын ас түрлерін тек жалаңаш, бірақ мұқият жуылған қолмен жасау керек. Артынша 100 градуста қуырғанда не қайнатқанда бәрібір ешқандай вирус қалмайды", – деді Елена Пастухова.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу