– Болат Жұмабекұлы, Павлодар облысына әкім болып тағайындалғаныңызға бір жылдан астам ғана уақыт болды. Осы уақыт аралығында қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз? Әттеген-айлар да бар шығар?
– Халық игілігі үшін қызмет ету – үлкен абырой. Ел азаматтарының атқарған әрбір ісі жалпақ жұртқа бағышталады. Өзіміз өмір сүретін ортаны жақсарту, болашағымызды баянды ету – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан, әкім болып тағайындалғанда айналамдағы адамдарға, халық қалаулыларына, жалпы барша тұрғынға жақсы тұрмыс кешуіміз өз қолымызда екенін түсіндіруге тырыстым және бірлескен жұмысымызды одан әрі тиімді ету үшін не қалайтынымды ашық айттым. Мен үшін ең бастысы, туып-өскен өлкемді дамыту, жерлестерімнің әлеуметтік жағдайын көтеру, әл-ауқатын арттыру болып табылады.
Бір жылдың көлемінде қандай іс тындырдыңыз деген сұраққа келер болсақ. Өткен жыл жалпы облысымыз үшін аса табысты болды. Әсіресе, әлеуметтік салада көптеген жағымды жаңалықтар болды. Облысымыздың екі шағын қаласында балабақша ашылды. Атап айтар болсақ, Ақсуда "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 280 орындық "Айналайын" балабақшасы ашылса, Екібастұзда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде ERG компаниясының қаржысына 255 балдырғанға арналған "Балапан" балабақшасы бой көтерді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай Екібастұз қаласының тұрғындарына заманауи диагностикалық орталық медициналық көмек көрсете бастады. Сонымен қатар, Май ауданының орталығы – Көктөбе ауылында мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалтуға арналған 30 орындық медициналық соңғы құралдармен жабдықталған медициналық орталық ашылды.
Өткен жылдың қараша айында аймағымыздағы аутизм дертіне шалдыққан балалардың аналарының өтініштері бойынша ерекше балдырғандарға арналған орталықтың тұсаукесері өтті. Демеушілердің қаражаты есебінен жеке ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ол жерде балаларға толыққанды сауықтыру шаралары өткізіледі.
Бұл өңірде әлеуметтік бағдарламалар шеңберінде жүргізілген істердің бір парасы ғана. Алдағы уақытта облысымыздың экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдайын жақсарту мақсатындағы жұмысты белсенді түрде жүргізуге тырысамын.
– Павлодар еліміздің индустриалды аймағы. Дағдарыстың салқыны ірі өнеркәсіп орындарының жұмысына қандай әсер етті? Қазіргі даму көрсеткіштері көңілден шыға ма?
Жалпы алғанда салалардың барлығында дерлік оң динамика байқалды. Бастысы, бірде-бір кәсіпорын жұмысын тоқтатқан жоқ. Біз олардың әрқайсысымен проблемалық сұрақтарды екшеп, арнайы шаралар қабылдадық. Тіпті, біз бастама етіп, үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен, барлық министрлердің қатысуымен келелі жиын да өтті. Онда біздің өңірге қатысты 20 проблемалық сұрақ қаралды. Осы жиынның нәтижесінде олар Үкіметтің экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жедел шаралар жоспарына енді.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін өнеркәсіп саласындағы негізгі деген көрсеткіштерге аз-кем тоқтала кетейін. "Бозшакөл" кен байыту комбинатында өндіріс көлемі ұлғаюынан тау-кен өндірісі 47 пайызға өсті. Екібастұздағы электр станцияларынан Ресейге электр энергиясын экспорттау ісі қайта жанданды. Осының есебінен станциялардың жұмысы 70 пайызға дейін қамтамасыз етілді. Әлі де резервтер бар. Қазір осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. "Богатырь-Көмір" көмір өндірісін 1,6 пайызға арттырды. Кәсіпорын циклді-толласыз желі жобасын жүзеге асырғаннан кейін өндіріс көлемі бұдан әрі де арта түспек. "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында жұмыс істеп тұрған 5 кәсіпорын 20 млрд теңгенің өнімін өндірді. Индустрияландыру картасы аясында жаңадан 9 өндіріс орны пайдалануға берілді. Биыл тағы да 9 жобаны іске қосу жоспарланған. Олар – болашағы зор тың бастамалар. Сөз реті келіп тұрған тұста Павлодар мұнай-химия зауытындағы модернизациялау жұмыстарының аяқталатынын айта кетейік. Жаңғырған кәсіпорын мұнайды 90 пайызға дейін қайта өңдеп, Еуро-4 және Еуро-5 сапасындағы өніммен қамтамасыз ететін болады.
– Облыстағы шағын және орта бизнесті дамыту бойынша жүзеге асырылған бағдарламалардың нәтижесі игі болды ма? Өткен жылдармен салыстырғанда алға жылжушылық бар ма?
– Облысымыздағы ауылдық аймақтарда шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 2016 жылы шағын және орта бизнестің субъектілерін несиелендіру жөніндегі өңірлік "Сарыарқа" бағдарламасы басталды.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджет пен "Даму" қорынан 500 млн теңге бөлінді. Қаражаттар толық көлемде игерілді, 34 несие берілді. Бөлінген соманың 70% ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталды.
Сонымен қатар табысты түрде жүзеге асырылып келе жатқан "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" бағдарламасының екінші бағыты шеңберінде өткен жылы 1 068,1 теңге бөлініп, ол қаражат 387 шағын несие түрінде өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға берілді. Салыстырып айтар болсақ, 2015 жылы осы бағдарлама бойынша 194 шағын несие берілген еді.
Жалпы қазіргі кезде, өз кәсібін ашып, мемлекеттен қолдау тапқан азаматтардың саны артып келеді.
– Өңіріміздегі мал және егін шаруашылығының ахуалы қандай? Асылдандыру саласында қандай өзгерістер бар?
– Өңірімізде бұл салаға мемлекеттік қолдау көрсету жыл сайын ұлғайып келеді. Былтыр агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 16,6 млрд теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге өсіп отыр. Республикалық бюджеттен мал шаруашылығын дамытып, субсидиялауға қосымша 2,6 млрд теңге бөлінді. 14 млрд теңгеге 40 инвестжоба жүзеге асып, нәтижесінде, 600 жұмыс орны ашылды. Былтырғы жыл – ауыл шаруашылығы үшін қолайлы болды. Егін де жақсы шықты. Әр гектардан 12,1 центнерден, жалпы 800 мыңнан астам тонна астық алынды. Кәсіпкерлікті жаппай дамытып, облыстағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту үшін өңірімізде 42 кооператив құрылды. Биыл тағы да 12 кооператив құруды көздеп отырмыз. Нәтижесінде, әр аулада мал ұстайтындардың потенциялын пайдалануға жағдай жасалатын болады. Жалпы ауылшаруашылық саласын дамыту – еліміздің басты міндеттердің бірі болып отыр. Сондықтан да, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтетін боламыз.
Облысымызда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын 42 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың 28-і өз халқымыздың байырғы тұқымы – ақбас сиырын, 2 шаруашылық әулиекөл тұқымын өсірумен айналысады. Бұдан бөлек симментал, ангус және герефорд асыл тұқымды қара мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар да бар. Айталық, Баянауыл ауданындағы "Жайма МТС" ЖШС сиыр түлігінің 3 тұқымын өсірумен айналысады. Бұдан бөлек, облыстағы "Болат", "Дәнекер" шаруа қожалықтары, "Ертіс" ЖШС де асыл тұқымды мал түлігін өсірумен айналысады.
Мемлекет асыл тұқымды мал өсіруге жан-жақты қолдау көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан еліміздегі мал шурашылығымен айналысатын тұлғаларға "Сыбаға", "Алтын Асық" және "Құлан" несие бағдарламалары асыл тұқымды, сиыр, қой және жылқы түрлерін өсіруге субсидиялар бөліп отыр.
– Аймақ туризмді дамытуға қолайлы жер. Былтыр Сіз Маралды тұзды көлін дамытып, жазғы демалыс орнына айналдырамыз деген болатынсыз. Сонымен қатар Баянауыл ауданында туризм кластерін құру туралы көп айтылады. Алайда әлі де болсын игі жағдайға куә болып отырған жоқпыз. Жалпы айтылған сөздің нәтижесі қандай?
– Расында да, өткен жылы Маралды көлінің басында болғанда мен осындай ұсыныс айтқан болатынмын. Суы шипалы, балшығының өзі дертке ем тамсанарлық тарихы бар Маралды көлінің игілігін көре алмай жатқанымыз өкінішті.
Маралды көлін жергілікті және өзге өңірлерден келетін туристерге тартымды ету үшін алдымен инфрақұрылымды жақсарту керек болды. Осы мақсатта өткен жылы демалушыларды тұщы сумен қамтамасыз ету үшін скважина бұрғылап, су тарттық. Көлге баратын грейдер жолға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі кезде көлге апаратын Маралды-Жылыбұлақ автомобиль жолына күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде.
Сонымен қатар көлдің суы мен жағасындағы балшықтың құрамын зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Маралды көлін туристік аймаққа айналдыру үшін әлі де көп жұмыс атқару қажет. Қазіргі кезде Шарбақты ауданының әкімдігі демалыс орнының эскизін әзірлеп, оны жүзеге асыру үшін жеке инвесторларды іздестіріп жатыр.
Баянауыл – Павлодар облысы туризмінің аймаңдайы. Бүгінгі күні Баянауыл мемлекеттік ұлттық паркін дамытудың бас жоспарын құру бойынша жұмыс басталды. Жазғы уақытта Баянауыл туристік аймағын дамыту шеңберінде ұлттық парк аумағында демалу аймақтарының жағдайына тұрақты мониторингін жүргізу үшін Баянауыл туристік аймағын апта сайын тексеріп отыру үшін жұмыс тобы құрылды.
Жасыбай және Сабындыкөл көлдерінде демалыс үйлерін түгендеу жүргізілді, оның нәтижесінде парктің рекреациялық аймағында 40 демалыс үйі орналасты, соның 2-еуі – балалар сауықтыру лагері. Ондағы орындардың жалпы саны – 4 260.
Былтыр МәшҺүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі жанынан мәдени-қонақ үй кешені ашылды.
Қазіргі уақытта Баянауыл ауданының аумағында 19 бағдар жұмыс істейді. Жаңа сәулет және мәдени-танымдық бағдарлар әзірленіп жатыр. Жасыбай орманшылығы аумағында саяхатшыларды қызықтыра тартатын 60-тан астам археологиялық ескерткіш бар.
– ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кезінде аймаққа туристерді тарту үшін бағдарлама жасалып, жөнделетін нысандар картасы әзірленгенін білеміз. Қазіргі уақытта бұл істің жай-күйі қалай жүргізілуде?
– Облыста ЭКСПО-2017 көрмесін ілгерілету жұмысын жүргізу келісілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады. Оның аясында ақпаратпен қамту, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру қарастырылған.
Өңірдің мәдениет мекемелері көрме кезінде мәдени-бұқаралық 52 түрлі іс-шара өткізуді көздеп отыр.
Биылғы 19-23 сәуір аралығында Астана қаласында Павлодар облысының Мәдениет күндері өтеді. ЭКСПО қалашығында аймағымыздың жетістіктерін көрсетуге арналған арнайы павильонымыз бар. Осы жерде аймақ өнертапқыштарының ЭКСПО көрмесінің "Болашақ энергиясы" тақырыбында жасап шығарған өнімдері көрсетіледі.
ЭКСПО көрмесіне әлем елдерінен мыңдаған туристер келетіні белгілі. Шетелдік қонақтар үшін Павлодар облысында 5 бірдей туристік бағдар жасалды. Бізге саяхатшыларды қызықтырып, тамсандыратындай тамаша табиғатымыз бен бірегей ескерткіштерімізді көрсетудің сәті түсіп тұр.
"Пять звезд", "Саят Павлодар", "Атамекен тур", "Экспресс-тур" секілді турфирмалар оқушылар мен студенттерді және аз қамтылған отбасылардың балаларын "ЭКСПО-2017" көрмесіне апару үшін біркүндік, екікүндік саяхат турларын әзірледі. Сапардың орташа құны 14 500 теңгеден басталады. Бұл сомаға жолақы, үш мезгіл тамақтану, көрмені аралау, Астана қаласы бойынша саяхат кіреді.
– Көпшілік Павлодарды жасыл алқапты көрікті жер деп біледі. Өкініштісі соңғы жылдары орман алқабы заңсыз балталанып, көлемі қысқарып қалды. Мамандар құм дауылы болуы мүмкін деген болжам жасауда. Өндіріс ошақтары көптеп шоғырлануы экологияға да әсер етпей қоймайды. Жалпы облыста орман мен экологиялық жағдай қандай деңгейде?
– Аймақта аса сирек кездесетін жолақты қарағайлы орман және табиғаты сұлу Баянауыл ұлттық табиғи паркі бар. Қарағайлы жолақты орман "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында – 277,9 мың га, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде – 68,4 мың га жерді алып жатыр.
Еліміз аяққа енді тұрып жатқан күрделі кезеңдерде аймағымыздағы орман қоры талан-таражға түсіп, жүз жылдық қарағайлар өртке оранды. Соның зардабын әлі де тартып отырмыз. Қарағайды өртеп, ағашқа бұтау оңай болғанымен, оны өсіру өте қиын. Кезінде қарағайлар орман бауырында орналасқан ауылдарды қыста – бораннан, жазда аңызақ желден қорғап тұрған болса, қазір орман белдеуі селдіреп қалды. Соның кесірінен ормандағы қалың құм жазғы желден ауылдарға қарай көшіп жатыр.
Аймағымызда заңсыз ағаш кесумен күрес мейлінше қатаң түрде жүргізіледі.
Облыстық әкімдікте құрамына жауапты мемлекеттік ұйымдар, "Нұр Отан" партиясының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енген жұмыс тобы қызмет істейді.
Атап айтар болсақ, қазіргі кезде ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №319 бұйрығы бойынша Ертіс орманы резерватында 2 жыл мерзімінде ағаш кесуге тыйым салынды.
– "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында қандай жұмыстар атқарылды және алдағы жоспар қандай?
– Бүгінде жұмысқа қабілетті әрбір үшінші облыс тұрғыны, яғни 130 мың азамат кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Өткен жылы павлодарлық кәсіпорындар 440 млрд теңгенің өнімін шығарды. Шағын және орта бизнес жалпы аймақтық өнім көлемінің 20 пайызын құрап отыр. Елбасы аталған көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізуді тапсырды. Меніңше, бұл бағындыруға болатын меже. Осы орайда, "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы бизнесті дамытуға жол ашып отырғанын атап өтуіміз керек. Осы бағдарлама қолға алынған сәттен бастап 2 мыңнан астам павлодарлық кәсіпкер мемлекеттің қолдауына ие болған екен. Ауыл кәсіпкерлігін қолдау мақсатында "Сарыарқа" бағдарламасы қолға алынды. Оны жүзеге асыру үшін облыс бюджетінен 250 млн теңге бөлінді. Бұл бағыттағы жұмыстар жандана бермек.
Облыстың кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы "Бизнестің жол картасы 2020" бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының үйлестірушісі болып табылады.
Өткен жылы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесі атқарған жұмыстың нәтижесінде жергілікті кәсіп бастаушылардың 312 жобасы мақұлданып, оларға 21 825,4 млн теңге несие берілді.
Осы жылдың басынан бері Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі кеңестің 7 отырысында 47 жоба оң шешімін тауып, кәсіпкерлерге 1 774 млн теңге көлемінде несие берілді.
– Былтыр Орталық Азиядағы ең ұзын көпір ашылды. Оның міндеті мен тиімділігі неде? Биыл облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың күтімі қалай жүргізілмек?
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған бұл көпір "Орталық-Шығыс" автодәлізінің негізгі күретамыры іспетті. Көпірдің ең басты тиімділігі еліміздің орталық бөлігін шығыс және солтүстік облыстармен, Ресей Федерациясының көршілес аймақтарымен байланыстыруында. Сонымен қатар, бұл көпір моноқалаларды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша облысымызда Павлодар-Ақсу агломерациясын дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, облыс орталығының көшелеріндегі көлік қозғалысын жеңілдетіп, шығыс және солтүстік бағытта жүретін транзиттік көліктерді қаланың сыртымен өткізуге болады. Бұл қаламыздың ауасын ластайтын көлік түтіні деңгейін азайтады.
2017 жылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 1 100,0 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жолдардың жағдайын бақылауда ұстап, жөндеу жұмыстарын "Қазақавтожол" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы жүргізеді.
Облыстық маңызы бар жолдарға келетін болсақ, оларды күтіп ұстау үшін биыл 1 050,0 млн. теңге бөлінді. Облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін 8 мердігер компаниямен келісімшарт жасалды.
Республикалық және облыстық маңызы бар жолдардағы көлік қозғалысының қауіпсіздігін сақтау мақсатында қысқы және жазғы кезеңдерде түрлі жұмыстар жүргізіледі. Яғни, жолдардың жиектерін бейіндеу, жол шетіндегі шөпті шабу, ағымдағы жөндеу жұмыстары, жол белгілерін орнату және жөндеу, жол маңындағы орман белдеуін қалыпта ұстау, жолды қардан тазалау және қар тоқтау жұмыстары атқарылады.
– Болат Жұмабекұлы, Сіз барлық деңгейдегі әкімдерге инвестиция тарту мәселесін күн тәртібіне қоюды міндеттедіңіз. Нәтиже бар ма?
Инвестиция – игілік. Біз инвесторларды қызықтыра білуіміз керек. Бұл дегеніңіз – болашаққа жұмсалған қаржы. Көбінесе, аудан-қала әкімдері облысқа иек артып, бұл бағытта белсенді жұмыс істемейді. Меніңше, әкімдердің іскерлігі, ұйымдастырушылығы осы жерде көрінеді. Сондықтан, бізге жаңа инвесторлар қажет. Ол үшін өндірістік база, жер учаскесі жеткілікті. Инвестиция тарту - аудан-қала әкімдері айналысуға тиіс нөмірі бірінші міндет болуы керек деп айтқаным да сондықтан. Мен бұл бағытта жұмыс жасамаған әкімдерді де білемін. Енді біреулері өз аяғымен келген инвесторларға салық, айыппұл төлету арқылы кедергілер келтіруде. Бұл – дұрыс қадам емес. Өнеркәсіп және қайта өңдеу нысандарына ғана емес, бос жатқан жер учаскелеріне де инвестор тарту керек.
Инвестор тарту үшін шетелге барудың қажеті жоқ. Тек, ірі кәсіпорындардың басшыларын, олардың ортасын жақсы білу керек. Себебі, олар – болашағы зор жобаларды қаржыландыра алатын әлеуетті инвесторлар. Әкімдер кәсіпорындармен тығыз байланысты ұстанатын болса, нәтиже де көп күттірмейді. 2016 жылдың қараша айында халықаралық инвестициялық форум ұйымдастырып, шетелдік инвесторлармен жеке-жеке кездесуіміз де тектен-тек емес. Инвесторлар бізден қызықты ұсыныстар күтеді. Біз осыған дайын болуымыз қажет.
Соңғы бір жылда облысқа 430 млрд инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда инвестиция көлемі 975,5 млрд теңгені құрайтын 27 жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Соның арқасында қосымша 6 мың жаңа жұмыс орыны ашылады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында шетелден инвестиция тарту бағытындағы жұмысты одан әрі жандандыра түсу керектігін де ескертті. Демек, бұл бағытқа барынша басымдық беру керек.
– Аймақта жаңадан "Сарыарқа" мөлтек ауданы салынуда. Алдағы жоспарда "Достық" мөлтек ауданының құрылысы тұр. Қаладағы тұрғын үй құрылысының қарқыны қандай?
Өңірдегі түрлі саладағы мәселелерді оңтайлы шешуге мемлекеттік бағдарламалар оң әсер етіп отыр. Мысалы, "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тарту бағытында 10 жоба табысты жүзеге асырылды. Тұрғын үй құрылысы саласындағы табыстарымыз да көңіл қуантады. Былтыр аймағымыз бойынша 185 мың шармы метр баспана пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы бұл бағыттағы жұмыстар "Нұрлы жер" атты жаңа бағдарлама аясында жалғасын табады. Ал "Сарыарқаға" келер болсақ, былтыр аталған ауданда 6 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Енді 9 үйдің құрылысы басталып, 2018 жылы аяқталады деп күтілуде. Биыл облыс бойынша 13 көп қабатты тұрғын үй пайдалануға берілмек. Облыста іске қосылған үй құрылысы комбинаты бұл салаға тың серпін бергенін айта кету керек. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысына өңірдегі ірі кәсіпорындар да атсалысып келеді.
2017 жылы "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыруға жалпы көлемі 7,0 млрд теңгені құрайтын қаражат бөлінді. Бұл қаржыға 47,8 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 766 пәтер салынады.
Павлодар қаласының Бас жоспарына сәйкес қазіргі Саяжай шағын ауданының оңтүстік бөлігінде, яғни Кутузов-Ладожская-Қамзин-ДЭУ көшелері құрайтын 45 га аумақта "Достық" шағын ауданы құрылады. Жаңа шағын ауданда жалпы пәтер саны 3220 пәтерді құрайтын 12-16 қабатты үйлер, 2 балабақша, 1 мектеп және 1 емхана салынады деп жоспарлануда.
Қазіргі кезде жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеу жұмыстары аяқталып, шағын ауданның құрылысы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізуге дайындық жүріп жатыр. Шағын аудан салынатын жерге мемлекеттік акт рәсімделіп, жоба мемлекеттік сараптамаға жіберіледі.
– Бір жылдың ішінде көптеген өзгерістер өңірде орын алды. Алдағы жоспарыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Өңірімізде атқарылған жұмыстар аз емес. Өнеркәсіп саласында оң динамика бар. Облыс бойынша құрылыс саласын мықтап қолға алдық. Алдағы үш жылдық бюджетімізді бекіттік. Дегенмен, әлі де атқаратын жұмыс жетерлік. Бастысы – қарапайым халық алдындағы мәселені соңына дейін шешіп, нәтижесін көру. Халық біздің бағытымызды дұрыс түсініп отыр. Павлодар облысының әр тұрғыны өзі туып-өскен жеріне қолдан келгенше көмек берсе – жағдай мүлдем басқаша болады. Әрбір адам өзінің туған жері үшін мектеп, балабақша немесе спорт алаңын салуға күші жетпес, әрине. Бірақ оның тазалығына, ағаш егіп, ауласын таза ұстауға шамасы жетеді деп ойлаймын. Жұмыс істегісі келген адам – тәсіл, істегісі келмеген сылтау іздейді. Баршаңызды бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын. Әрқайсымыз Ертіс-Баян өңірін өркендету жолында жұмылайық!
Әңгімелескен Бек Темір, Павлодар.