Денсаулық сақтау министрлігі таныстырылым дайындап, онда міндетті медициналық сақтандыру жүйесін жеделдетіп енгізуге қатысты дайындықтың негізгі кезеңдерін атап көрсетті. Түзетулер осы жылдың мамыр-маусым айында қабылданады деп жоспарлануда. Ал үшінші және төртінші тоқсанда заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер қабылдануға тиіс. Еске сала кетер болсақ, ақпан айында премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаевтың ұсынысымен МӘМС-ны енгізу бір жылға қысқарды, яғни жүйе 2020 жылы емес, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады.
Дайындық шаралары төрт бағытты қарастырады. Бірінші бағыттың міндеті – жүйенің халықты қамту ауқымын кеңейту. Өйткені жүйеге қосылмаған өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адамдар санының көп болуы – бағдарламаның бастау алуына және оны басқа мерзімге көшіруге негізгі себеп болды. Енді сақтандырылмаған 2,5 млн адамды (еңбек және халықты әлеуметтік сақтандыру министрлігінің 2018 жылғы 1 қаңтарындағы мәліметі бойынша) келесі жылдың қаңтарына дейін 2 млн адамға дейін азайту жоспарланып отыр.
Мониторингтің арнайы картасы оңтайландырудың құралы ретінде қолданылатын болады. Бұл құрал сақтандырылмаған тұлғалардың әлеуметтік дәрежесінің өзгергенін немесе оларға қатысты мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйесіндегі біріктірілген мәліметтің өзгеруін автоматты түрде көруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, еңбек қатынастарын тіркеуді жеңілдету, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды статистикалық есепке алудың бірыңғай механизмін енгізу мәселесі шешіліп жатыр. Көп еңбек етуді қажет ететін салаға (ауыл шаруашылығы мен бөлшектік сауда үшін) арналған қарапайым салықтық режимді қабылдау мен төмен жалақы алатын жұмыскерлерге арналған салықтық жүктемені төмендету жоспарлануда. Атаулы әлеуметтік көмек алатын табысы төмен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарды жеңілдігі бар азаматтар категориясына қосу ұсынылып отыр.
Дайындық шараларының екінші бағыты – денсаулық сақтау жүйесінде бәсекегеқабілеттілікті дамытуды мақсат етіп отыр. Негізгі шешім – жеке медициналық ұйымдар үшін кедергілерді қайта реттеу мен азайту. Сондай-ақ инфрақұрылымды оңтайландыру, мемлекеттік-әріптестік серіктестікті дамыту мен денсаулық сақтау нысандарын жекешелендіру.
Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сәйкес, 2017 жылы ТМККК-ке 1041 медициналық ұйым (МҰ) қатысқан, оның ішінде 416 клиника (40%) жеке сектордан қатысқан. 2018 жылы медициналық ұйымдар саны 1385-ке дейін, ал жекеменшік мекемелердің үлесі 43%-ға дейін өседі деп күтілуде.
Үшінші бағыт медициналық ұйымдардағы ақпараттық технологияларды қарастырады. Естеріңізде болса, елбасы ММСЖ-ны тезірек бастау мәселесін денсаулық сақтау саласын цифрландырумен байланыстырған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі таныстырылымы барлық мемлекеттік медициналық ұйымға ақпараттық жүйені енгізілетінін, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйесін бірыңғай платформа базаға біріктіріп, электронды денсаулық паспортын айналымға енгізетінін көрсетіп отыр.
Төртінші бағыт – жоғарыда айтылған бөлімдерге қарағанда, жаңа ТМККК-ның үлгісі мен тарифтік саясатты толығырақ қарастырады. Ең бірінші, денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызмет көрсетудің тізімін қаржыландыру көлемінің бөлінуімен сәйкестендіріп, қызмет көрсетуге ақылға сыйымды тарифтер бекітпекші. Ең бастысы, ММСЖ жүйесінде медициналық қызмет алу үшін әлеуметтік төлемді кезең-кезеңмен енгізу. Бұл маңызды бетбұрыс, себебі осыдан екі жыл бұрын денсаулық сақтау министрлігі ММСЖ жүйесіне жеке сақтандыру компанияларын қосу туралы естігілері де келмейтін. Әлеуметтік төлем жасаудың қағидасы жекеменшік клиникаларда ЕМС полистері бойынша медициналық көмек көрсетуді, сондай-ақ бұл қызметтерге МӘМС жүйесінен жартылай төлем жасауды қарастырады.
Енді ТМККК-ны оңтайландыру туралы толығырақ айтсақ, ол денсаулық сақтау министрлігінің ойынша, тиімсіз технологияларды алып тастап, босаған қаржыны тиімді технологияларға салуды беру деген сөз. Мәселен, денсаулық сақтау министрлігі скринингтен өтуге тиіс адамдар жасын бір мезгілде кеңейтумен скринингтер санын алтыдан үшке дейін қысқартпақшы. Одан әрі қарай диспансерлік бақылауға жататын 262 созылмалы ауруды қысқартып, аурудың 33 түрін басқару бағдарламасына көшуді жоспарлап отыр. Стационарлық көмек көрсетуді оңтайландыру өз тізімінен 769 диагноз бен 529 операцияны, манипуляцияны алып тастап, оларды амбулаториялық деңгейде немесе күндізгі стационарда тарифтен 50%-ды төлеу арқылы емдеуге әкеледі.
Қаржыландыруға келер болсақ, онда қазіргі қолданыстағы ТМККК үлгісі аясында керек қосымша қаражат 816 млрд теңге деп бағаланып отыр. Оның 246 млрд теңгесі сапалы өзгертуге, яғни медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге және негізгі қаражатты (мемлекеттік және жеке жеткізушілер үшін тең жағдайды қамтама сыз ету үшін) жаңғыртуға қатысты тарифтерді арттыруға жұмсалу керек. Сонымен қатар 570 млрд теңге қазіргі медициналық қызмет көрсетуді шығындарына жіберілген.
Сондай-ақ құжат медициналық көмектің көлемі мен ТМККК-тың осы немесе басқа да көлемін алуға жіберілген адамдар мәселесін шешеді. Мәселен, ҚР азаматтары, оралмандар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ Қазақстанда тұрақты тұратын адамдар ТМККК-ты толық ала алады. Қысқартылған көлем ( денсаулық сақтау министрлігінің тізіміне сәйкес, қоршаған ортаға қауіп төндіретін асқынған ауру барысында) шетелдіктер мен Қазақстанда уақытша тұратын азаматтығы жоқ азаматтарға беріледі.
Бұдан да қысқартылған көлем (профилактикалық, диагностикалық және емдеу қызметтері денсаулық министрлігімен белгіленген тәртіп және көлем бойынша) босқындар мен Қазақстанда басауғалап жүргендерге беріледі.
Таныстырылым ТМККК-ты оңтайландыру есебімен макроэкономикалық көрсеткіштер болжамын береді. Егер 2017 жылы медицинаға кеткен шығандар ЖІӨ-ден1,7%-ды немесе 881 млрд теңгені құраған болса, ал 2025 жылға қарай шығындар ЖІӨ-ден 2,7%-ға немесе 2,2 трлн теңгеге жетеді. Қосымша төлемнің едәуір көлемі жұмыс беруші мен жұмыскерлерге түсетін болады, яғни олардың жарнасы 2019 жылы 195 млрд теңгеден 2025 жылы 542 млрд теңгеге дейін өседі. Көрсетілген уақыт ішінде денсаулық сақтауды қаржыландыру 2,5 есе, ал экономика тек 1,6 есе ғана өседі.
Бұл ретте таныстырылымнан көріп отырғанымыздай, денсаулық сақтау министрлігі қызмет көрсетудің жартысын МӘМС жүйесіне және ақылы негізге көшіру арқылы міндетті тегін медициналық көмек көлемін айтарлықтай қысқартпақшы. Осылайша, денсаулық сақтау саласына салық төлеушілердің ақшасын құю, тегін медициналық көмек көрсету көлемін азайтуға әкеледі.
Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева