2016 жыл ҚР қор нарығында немен есте қалды?

35900

Invest Show 2016 және дамудың жаңа стратегиясы – өтіп бара жатқан жылы іске асырылған KASE-нің ең маңызды жобалары туралы қысқаша мәлімет.

2016 жыл ҚР қор нарығында немен есте қалды? Фото: tengrinews.kz

Желтоқсанда өтіп бара жатқан жылды қорытындылау – міндет. Бұл шолуда abctv.kz 2016 жылы Қазақстанның қор нарығында есте қалған оқиғаларды оқырман назарына ұсынады.

Қазақстан қор нарығының сайтында жарияланған мәліметтер бойынша 2016 жылдың 11 айында KASE-дегі сауда-саттықтың жалпы көлемі 85753,5 млрд теңге болды. Бұл былтырғы жылдың 11 айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 1471,4 млрд теңгеге немесе 1,7%-ға артық. Негізгі үлес (61,3%), дәстүрлі түрде, репо секторына тиесілі – 52524,1 млрд теңге (2015 жылдың осы кезеңіне қарағанда 149,9%-ға жоғары). Сауда-саттық көлемі жөнінен екінші орынды (37,2%) шетел валютасы нарығы иеленді. Онда 32144,5 млрд теңгеге келісімге қол қойылды (2015 жылдан 47,1%-ға артық). Қазақстанның МБҚ және корпоративті борышқорлық бағалы қағаздар нарығы да 493,1 млрд теңгеге (+15,5%) және 419,2 млрд теңгеге (+64,9%) дейін өсті. Акция нарығындағы сауда-саттық көлемі 2015 жылдың 11 айының қорытындысымен салыстырғанда 80,7%-ға, яғни, 172,0 млрд теңгеге өсті. Бір күнде жасалған мәмілелердің орташа саны 772-ге жетті, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 230 бірлікке көбейді. Акция нарығына бағалы қағаздарды шығарушыларға келсек, бір жылда ол 17,8%-ға – 106 эмитентке дейін өсті. Құралдар саны 10,6% – 125-ке дейін ұлғайды.

Ал корпоративті облигация нарығындағы жағдай керісінше. Эмитенттер саны 4,2%-ға 69-ға дейін азайды, құралдар саны 2,2%-ға 272-ге дейін қысқарды.

Толық 12 айдың статистикасын биржа алдағы жылдың басында бермек.

2016 жылғы қор нарығындағы оқиғаларға орын берсек, жыл Қазақстан қор биржасы басшылығының ауысуымен басталды. 2015 жылдың шілде айында басқарма төрағасы лауазымына сайланған Есжан Біртанов жұмысын ауыстыруды ұйғарды, сонымен 2016 жылдың қаңтар айынан бастап басқарма төрағасының міндетін оның орынбасары Наталья Хорошевская атқарды. Ал ақпан айында директорлар кеңесінің шешімімен басшы міндеті үш жылдық мерзімге әр жылы KASE директорлар кеңесінің құрамына кірген, оның тәуелсіз директоры болған Алина Алдамбергенге ауысты.

Биржа 2016 жылы жұмыс істеген және болашақта жалғастыратын елеулі жобалар қатарында барлық бағалы қағаз бойынша Т+2 есеп жүйесіне біртіндеп ауысу жөніндегі жобаларды және номинация валютасында бағалы қағаз саудасын енгізуді ерекше атауға болады. Бұл жобалар жаңа инвесторларды тартуға бағытталған. Сондай-ақ FTSE, S&P және MSCI рейтингілерінде Қазақстан қор нарығының мәртебесін көтеру жөніндегі іске асырылып жатқан жобалар нарықты дамыту мен шетелдің институтционалды инвесторларын тартуға септігін тигізуі тиіс. Ал биржаға жаңа эмитент тартуға келсек, бұл салада да KASE ауқымды жұмыс жүргізді және онысын жалғастырып келеді. Мысалы, 2016 жылы биржа HiTech листинг (экономиканың басым секторларында инновациялық технологияларды әзірлеу немесе пайдаланумен байланысты жобаларды іске асыратын эмитенттер үшін) және Mining and Oil & Gas (жер қойнауын пайдаланатын компаниялар үшін) секторларын дамыту жұмысын жалғастырды. Сондай-ақ түрлі бизнес санатына биржа нарығында қор жинау әдістері туралы тегін кеңес беретін Listing Partners Advisory Initiative (LPAI) жобасы бойынша жұмыс жалғасты.

Бағалы қағаз нарығын дамыту және отандық ұйымдардың Қазақстан қор нарығына шығуын ынталандыру, сондай-ақ қор нарығының инвесторлық базасын көбейту мақсатында сәуір айында KASE мен "Атамекен" палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы ынтымақтастық аясында биыл биржа, КҰП, сондай-ақ "Даму" қоры бірлесіп, "Қор нарығы: кәсіпкерліктің жаңа көкжиегі" атты оқу бағдарламасын ұйымдастырды, оның негізгі мақсаты – жекеменшік иелері мен Қазақстан компанияларының басшыларына қор нарығы және оның мүмкіндіктері туралы ақпарат беру. Қазастанның түрлі аймағында бизнесмендер мен қор нарығы сарапшыларының кездесулері өткізілді.

Бұл кездесулерді 2017 жылы да жалғастыру жоспарда бар – келесі жылы кәсіпкерлерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспары дайын екенін KASE басқармасы төрағасының орынбасары Андрей Цалюк мәлімдеді.

Биылғы жылдың тағы бір ақпараттық жобасы – Қазақстан қор биржасы мен "ИРБИС" агенттігі ұйымдастырған қор нарығы бойынша Invest Show 2016 жыл сайынғы дәстүрлі көрмесі. Іс-шара 18-19 мамырда өтті, екі күн ішінде оған 2000-нан астам делегат қатысты, оның ішінде 100-ден астам компанияның атынан келген таяу және алыс шетел елдері бар, 40-тан астам спикер сөз сөйледі.

KASE үшін осы жылдың тағы бір маңызды оқиғасы деп қыркүйек айының бесінен жұмысын бастаған биржа алаңында коммерциялық облигациялар үшін жаңа сектордың ашылуын айтуға болады. Жаңа сектор KASE-де листинг тәжірибесі бар және бағалы қағаздары ресми тізімде бар компаниялардың қысқа мерзімді облигацияларына арналған деп түсіндірді биржада. Сондай-ақ KASE өкілдері жаңа сектордың ашылуына биылғы жылдың шілде айында заңды күшіне енген ұлттық банктің жаңа қағидаларын қолданысқа енгізілуі себеп болды дейді. Ол Қазақстан облигацияларын шығару және орналастырудың жалпы тәртіптерін реттейді. "Бұл қағидалардың аясында KASE тізімінде бар компаниялар үшін мерзімі бір жылға дейінгі облигациялар шығаруды тіркеу рәсімі оңтайландырылды. Жаңа тәртіп бойынша компания қызметі егжей-тегжейлі сипатталған корпоративтік құжатты шығармай-ақ облигациялар ұлттық банкте тіркеле алады. Қысқа мерзімді корпоративті облигациялар эмитенттердің өтініштері мен аз ғана құжат негізінде тіркелмек, тіркеу мерзімі бар-жоғы үш күн", – дейді KASE.

Бұл секторда облигациялар листингін іске асырған алғашқы компаниялар "ПАВЛОДАРЭНЕРГО" АҚ және "СЕВКАЗЭНЕРГО" АҚ болды. Қарашаның соңында қос компания да 10 млн дана купондық облигация шығарды, бір облигацияның номиналды құны – 100 теңге. Облигациялар бойынша сыйақы мөлшерлемесі – тиянақты, жылына 13%, сыйақы жылына екі рет беріледі, мерзімі – 1 жыл.

Сондай-ақ қарашаның соңында KASE сауда жүйесінде "ҚазАгроҚаржы" АҚ облигацияларының кезекті шығарылуы орналастырылды, оның ерекшелігі мемлекеттік емес институционалды және бөлшек сауда инвесторларына бағытталуы болды. "KASE-нің ойынша, бұл жай жекеменшік инвесторлар үшін дағдарыс пен ұлттық валютаның әлсіреуі салдарынан үзіліп қалған борышқорлық капиталдың нарығын қайта жаңғыртты", – деп көрсетілген биржада.

2016-2018 жылдарға арналған биржаны дамытудың жаңа стратегиясы туралы айта кету керек, оны биылғы жылдың 31 тамызында KASE-нің директорлар кеңесі бекітті. Жаңа стратегия KASE-нің клиенттерге бағдарлануын арттыруға арналған дейді биржада. Биржаның 2018 жылға дейінгі негізгі мақсаты анықталды – техникалық жаңару және халықаралық салалық стандарттарды енгізу. Маркетингтік белсенділік, ашық ақпараттық саясат және инвесторлар мен бағалы қағаз шығарушыларға баса назар аудару биржа нарығының өтімділігін өсіруге, сондай-ақ қор нарығының құралдары арқылы бизнесті қаржыландыру үлесінің ұлғаюына әкеледі делінген құжатта.

Биржа өзі үшін үш негізгі стратегиялық бағытты белгіледі: биржа нарығын дамыту, KASE-нің және көрсететін қызметтерінің клиенттерге бағдарлануын арттыру, сондай-ақ биржалық бизнестің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Бұл бағыттарды іске асыру үшін KASE өз алдына бірқатар міндет қойды. Біріншіден, жаңа эмитенттерді тарту және инвесторлық базаны кеңейту, валюта нарығын дамыту. Екіншіден, нарыққа қатысушылар мен биржа мүшелерімен жұмыс істеу, корпоративті интернет-сайтты дамыту, KASE-нің беделін көтеру және оның қызметінің жариялылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ қызмет сапасын көтеру. Үшіншіден, ақпаратты ілгерілету және сату, IT-жүйелерді дамыту және операциялық тәуекелдерді басқару жүйесін жаңарту.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу