350 жылға жететін 12 млн қорымыз бар

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
4412

Десек те ас тұзын шет елден тасымалдап отырмыз.

350 жылға жететін 12 млн қорымыз бар

Жамбыл облысына қарасты Сарысу ауданының Қамқалы ауылдық округіндегі Майдакенкөл, Итім және Шұңқыркөл кен орындарында 12 млн тоннадан астам сапалы тұз қоры бар екені анықталды. Мамандардың мәлімдеуінше, ас тұзының осы қоры облысты 350 жылдан астам уақыт қамтамасыз етуге жетеді. Осылай бола тұра біз ас тұзын көп мөлшерде Ресей, Украина және Беларусь мемлекетінен тасымалдап отырмыз.

Олқылықтың орнын толтыру үшін Сарысу ауданында йодталған тұз өндіретін зауыт салынып, биылғы жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілмекші.  

"Асыл тұз" ЖШС қолға алып отырған жобаның жалпы құны 690 млн теңгені құрайды. Зауыт құрылысы үшін Жаңатас қаласынан 4 гектар жер ұзақмерзімге  жалға алынған. Жоспар бойынша бұл жерде 80 адам жұмыс істеп, жылына 50 мың тонна ас тұзын өндіреді.  

Зауыттың құрылысына қажетті материалдар мен құрал-жабдықтар әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан лизингке алынған. Ауқымды жобаға алдағы уақытта қазына қаржысынан 90 млн теңге бөлінеді. Осы ақшаға 1,4 шақырым теміржол салынып, электр желісі тартылады.

Ішкі нарықты ғана емес, экспортты да қамтуды көздеп отырған зауыт басшылары бірінші кезекте өнімдерінің сапасына басымдық беруді көздеп отыр. Себебі қазіргі таңда  йодталған тұзға қатаң талап қойылады.

Айта кетейік, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау (БДСҰ) ұйымының мәліметі бойынша, әр адамның бір тәулікте пайдаланатын ас тұзының мөлшері 5 грамнан аспауы керек. Сарапшылардың дерегінше, Орта Азия мен Қазақстанның әр тұрғыны ас тұзын тәулігіне 10 грамм мөлшерінде пайдаланады. Ал 1 миллионнан аса халқы бар Жамбыл облысының халқы   күнделікті ас-суы мен тұрмыс-тіршілігіне бір жылда шамамен 5 мың тонна тұз пайдаланады. Ал өнеркәсіптің түрлі салаларында қолданылатын тұздың асқа тұтынатын тұздан анағұрлым көп мөлшерде қажет екенін ескерсек, жоғарыдағы көрсеткіштің бірнеше есе өсетіні айдан анық.

Маржан Кәрімжанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу