403 студент білім депозитімен оқып жатыр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3335

Білім депозитін мемлекеттік сыйақыны сақтай отырып шешіп алуға болады.

403 студент білім депозитімен оқып жатыр

2013 жылы елімізде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы заң қабылданды. 2014 жылдан бастап бағдарлама тұрақты түрде жұмыс істей бастады. "Қаржы орталығы" АҚ президенті Асқар Ыбрайымовтың дерегінше, мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне 16 млрд 803 млн теңгеге 19 166 салым тіркелген. Бүгінде 403 студент білім депозиті бойынша оқып жатыр.   

"Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі әрбір қазақстандықтың жоғары білім алуына мүмкіндік береді. Кез келген адам өз атына немесе балаларынан атына банктен білім депозитін аша алады. Жинақталған қаржыны болашақта елімізде немесе шетелде жоғары білім алуына жұмсайды", – дейді Асқар Ыбрайымов.

Оның айтуынша, білім депозиті бұрынғы кеңестік елдер ішінде тек Қазақстанда ғана жұмыс істейді. Жалпы білім беру саласындағы бұл жүйе АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Сингапур, Бельгия, Малайзия, Нидерланд, Испания және Швеция секілді әлемнің тоғыз мемлекетінде табысты жүзеге асырылып келеді.

"Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің басты артықшылығы – банк пен мемлекеттің сыйақыларынан депозитке кіріс түсіп тұратындығы. Яғни, жинаққа жыл сайын банктің 12%-ға дейінгі сыйақысы және мемлекеттің 5% немесе 7% көлеміндегі сыйақысы аударылып тұрады. Салымшылардың негізгі бөлігіне 5%-дық, ал әлеуметтік әлсіз топтардың өкілдеріне 7%-дық сыйақы аударылады. Тағы бір атап өтерлігі, мемлекеттік сыйақыға салық салынбайды", – дейді "Қаржы орталығы" АҚ президенті.

Деректерге сүйенсек, осы жылдың ақпан айында ашылған салымдар бойынша 757 млн 409 мың теңге мемлекеттік сыйақы аударылған. Жалпы осы уақытқа дейін төленген мемлекеттік сыйақының көлемі – 1 млрд 645 млн теңге.

Асқар Ыбрайымовтың сөзінше, білім депозитіне кез келген адам қатыса алады. Бұл ретте жас мөлшеріне, әлеуметтік санатына қатысты шектеулер жоқ.

Бұдан бөлек, салымдар үшінші тараптың бұғаттауынан және басқа да шектеулерден заңды түрде қорғалған. Сондай-ақ 10 млн теңгеге дейінгі салымдарға Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры кепіл болады.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне екінші деңгейлі төрт банк тартылған. Олар – Halyk Bank, "Цеснабанк", "Нұрбанк" және "ВТБ банк". "Нұрбанктің" сыйақы мөлшерлемесі ең жоғары – 12%. Halyk Bank (11,7%) пен "Цеснабанктің" (11,6%) мөлшерлемесі деңгейлес. Ал "ВТБ банктің" мөлшерлемесі 6,2%-ға тең. Алдағы уақытта бұл банктердің қатарын Tengri Bank толықтыруы мүмкін.    

Бүгінде мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында 105 жоғары оқу орнымен және 525 колледжбен келісімшарт жасалған.

"Жүйенің тағы бір артықшылығы салымшы салымның сомасы мен мерзімін өзінің жағдайына қарай отырып белгілейді. Яғни, ай сайын банкке барудың қажеті жоқ. Салымшы есепшотты қай уақытта және қанша сомаға толтырғысы келетінін өзі шешеді. Шотты онлайн түрде толтыруға да мүмкіндік бар", – дейді білім беру қызметтеріне ақы төлеу жүйесін дамыту департаменті директорының орынбасары Тлеш Ыбраев.

Салымды ашу үшін ата-ананың жеке куәлігі немесе төлқұжаты, баланың туу туралы куәлігі мен жеке сәйкестендіру нөмірі ғана қажет. Алғашқы жарна 3 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) кем болмауы керек. 2018 жылғы көрсеткішпен есептесек, 3 АЕК 7215 теңгеге тең.   

"Білім депозитінің басқа депозиттермен салыстырғандағы ерекшелігі – нақты мақсатқа арналғандығы. Ол ата-аналар үшін сақтандыру полисі секілді. Балаларының атына салым ашқан ата-аналар болашақта ұл-қызының міндетті түрде жоғары білім алатынына сенімді болады", – дейді Асқар Ыбрайымов.

"Қаржы орталығы" АҚ президентінің айтуынша, білім депозитін болашақта мемлекеттік сыйақыны сақтай отырып шешіп алуға болады. Ол үшін бала мемлекеттік грантқа оқуға түсуі керек. Сондай-ақ білім депозитін өзінен кейінгі іні-қарындасының да пайдалануына мүмкіндік бар.

"Салым ашу үшін жүйеге тартылған банктердің қызметіне жүгінуге болады", – дейді Асқар Ыбрайымов.

Оның сөзінше, 2014-2015 жылдары 9-11 сыныптың оқушыларына салымдар көптеп ашылған екен. Ал қазір 7 жастан асқан балаларының атына білім депозиттерін ашатын ата-аналар көп. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу