480 сауда субъектісі 2023 жылға дейін салық төлемейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4898

Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көлемі 35%-ға жеткізіледі. 

480 сауда субъектісі 2023 жылға дейін салық төлемейді

Былтыр еліміздегі 1700 интернет-дүкен мен 20-дан астам электронды сауда алаңы электронды коммерциядан 269 млрд теңге табыс тапты. Биыл қаңтар- қыркүйек аралығында бұл көрсеткіш 300 млрд теңгеге жетті. Алдын ала жасалған болжам бойынша, жыл соңына дейін онлайн сауданың кірісі 400 млрд теңгеден асады.

Айта кетейік, соңғы 5 жылда еліміздегі онлайн-сауда көлемі шамамен 26%-ға өскен. Оның ішінде бөлшек сауда -144,6 млрд, көтерме сауда - 114,9 млрд теңгені құраған. Статистика комитетінің дерегінше, 2025 жылға дейін Қазақстандағы электронды сауданың үлесі 5%-дан 10%-ға артады.

Ұлттық банктің мәліметінше, бүгінгі таңда еліміздің 26,6 млн азаматы электронды саудаға жүгініп отыр. Адамдар үйде, кеңседе немесе демалыста жүріп онлайн-сауда жасауды әдетке айналдырған. Қазір олар құрылыс материалдарын, тұрмыстық техниканы, косметиканы, киім мен аяқ киімді, әуе және теміржол билеттерін интернетпен сатып алады. Тіпті коммуналдық қызмет ақысын да онлайн төлейді. Осының барлығы "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының жемісі.

Естеріңізде болса, 2017 жылы үкімет қаулысымен "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарлама "Экономика салаларын цифрландыру", "Цифрлық мемлекетке көшу", "Цифрлық жібек жолын іске асыру", "Адами капиталды дамыту" және "Инновациялық экожүйе құру" деген 5 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болды. Оған 2022 жылға дейін электронды сауданың жалпы саудадағы үлесін 2,6%-ға, ал қолма-қол ақшасыз төлем көлемін 35%-ға жеткізу міндеті жүктелді.

"Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018-2020 жылдарға арналған электронды сауданы дамытудың жол картасы әзірленді. Аталмыш карта электрондық сауданы заңнамалық реттеу, халық пен кәсіпкерлердің цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру, электрондық сауданы ілгерілету, логистикалық инфрақұрылымды дамыту сынды мәселелерді қарастырады", – деді ұлттық экономика министрлігі сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Айжан Бижанова.

Оның сөзінше, жол картасы электронды саудадағы экспорттың үлесін арттыруды және электронды саудаға отандық компанияларды тартуды көздейді.

"2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық кодексінде онлайн саудамен айналысатын кәсіпкерлерге салықтық жеңілдік қарастырылды. Электронды саудамен айналысатын кәсіпкерлер 2023 жылға дейін корпоративті және жеке табыс салығынан босатылды. Тап қазір мемлекеттік кірістер комитетінде 480 электронды сауда субъектісі жоғарыдағы жеңілдікті пайдаланушы ретінде тіркеліп тұр", – деді Айжан Бижанова.

Оның сөзінше, электронды коммерцияның географиялық шектеуі жоқ. Ал электронды ақша ыңғайлы әрі қауіпсіз. Бұға қоса электронды сауда уақыт үнемдейді және кэшбэк береді.

Айта кетейік, электронды сауда туралы түсінік елімізде 2005 жылдар шамасында пайда болды. Осы кезден бастап кәсіпкерлер электронды саудаға бет бұра бастады. Өкінішке қарай, сол кезде ашылған интернет-дүкендердің барлығы жабылып қалды. Себебі ол кезде халық онлайн саудаға сенген жоқ.

Қазір жағдай өзгерген. Ел азаматтарының жартысынан көбі шетелдік интернет-дүкендерде онлайн сауда жасайды. Атап көрсетерлігі, электронды сауда платформасы сатып алушыға тауардың видео, фото нұсқасын алдын ала көруге сонымен қатар тауар туралы ақпаратпен әлеуметтік желілерде бөлісуге мүмкіндік береді. Ең бастысы тұтынушының құқығы толық қорғалған. Тапсырыс берген тауар келмесе, сапасыз болса, төлеген ақша кері қайтарылады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу