Деректерге сүйенсек, әлемдік экономикадағы цифрландыру жыл сайын электронды сауда нарығының 11 пайыздық өсімін қамтамасыз етіп келеді. Ал халықаралық сарапшылардың болжамынша, 2023 жылға қарай әлемдегі электрондық коммерция нарығы 2,8 трлн АҚШ долларына дейін өспек. Ал 2018 жылы аталған нарықтың көлемі 1,8 трлн АҚШ долларын құрады. Бұл әлемдік бөлшек сауда айналымының 11,6 пайызына тең.
Электронды сауда бойынша Қытай көш бастап тұр. Бұл елдегі бөлшек сауда айналымының 23,7 пайызын электронды сауда құрайды. Одан кейінгі орындарға Еуроодақ елдері (14,8 пайыз), АҚШ (10,8 пайыз) және Оңтүстік Корея (7,2 пайыз) жайғасқан.
Алдағы бес жыл ішінде әлемдегі электрондық сауда 1 трлн АҚШ долларына ұлғаяды деген болжам бар. Электрондық сауданың шексіз мүмкіндіктері дәстүрлі дүкендердің Интернет жүйесіне жаппай көшуіне алып келетіні түсінікті. Мәселен, соңғы екі жылда АҚШ-та 10 мыңнан астам дүкен жабылған. Алдағы бес жылда АҚШ-тағы сауда орталықтарының 20-25 пайызы жабылады деп күтілуде.
Қазақстан да әлемдік көштен қалмай келеді. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың сөзінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша онлайн-сауда нарығы 1,5 есе өсіп, 269 млрд теңгені құраған. Жалпы сауда көлемінің 2,9 пайызын электронды сауда құраған. Электронды саудадағы белсенді сатып алушылардың саны екі есе ұлғайып, 2,3 млн адамға жеткен.
Қазақстан нарығында 1700-ден астам дербес интернет-дүкен жұмыс істейді. Оның үштен бірі, яғни 509-ы салық жеңілдіктерін пайдаланып отыр. Дәлірек айтсақ, корпоративтік табыс салығынан және жеке табыс салығынан толықтай босатылған.
Елімізде 1 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне өз тауарларын сатуға мүмкіндік беретін 20-ға жуық электрондық сауда алаңы жұмыс істейді.
"Қазақстандағы электрондық коммерция нарығы құрылымының 68 пайызын тауарлар саудасы, ал 32 пайызын көрсетілетін қызметтер құрайды. Тауарлардың ішінде құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, косметика, киім және аяқ киім үлкен сұранысқа ие. Көрсетілетін қызметтер аарасында сұранысқа иесі – әуе және теміржол билеттерін сату, мәдени іс-шаралар мен коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеу", – деді ұлттық экономика министрі Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Министрдің сөзінше, әлемде электрондық сауданың қарқынды бағытының бірі – тамақ өнімдерін және ауыл шаруашылығы тауарларын сату. 2023 жылға қарай аталған сегмент 2018 жылмен салыстырғанда 64 пайызға өсіп, 134,5 млрд АҚШ долларын құрамақ. Қазақстанда тамақ өнімдерінің электрондық сауда көлемі 15,4 млрд теңгені құрайды. Бұл жалпы тауарлардың электрондық саудасының 4 пайызына тең.
"Электронды саудада аумақтық шекаралар жоқ. Сондықтан бұл отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа нарыққа шығуға, өзінің сатып алушысын іздеуге шексіз мүмкіндік береді", – дейді Руслан Дәленов.
Оның сөзінше, интернет-сауданың транзитті дамытуда әлеуеті зор. Мәселен, алдағы бес жылдың ішінде Қытайдан Еуропаға жіберілетін интернет-сәлемдемелер саны 6 есеге артып, 2025 жылға қарай 4 млрд сәлемдемеге дейін жетеді деген болжам бар.
"2018 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдан Еуропаға 670 млн сәлемдеме тасымалданды. Олардың ішінде Қазақстан арқылы транзит көлемі шамамен 6 пайызды құрады. Бұл дегеніміз - 39,2 млн сәлемдеме. Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы өте ыңғайлы географиялық жерде орналасқан. Бүгінгі таңда ел аумағы арқылы интернет-сәлемдемелерді жөнелту үшін инфрақұрылымдық және рәсімдік мүмкіндіктер бар. "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" көлік дәлізінің арқасында аталған транзит көлемін 2025 жылға қарай 864 млн сәлемдемеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл қазақстандық компаниялардың табысын 132 млрд теңгеден 1 трлн 270 млрд теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді", – дейді министр.
Осылайша, электронды сауда 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің көлемін 1,1 пайыздық тармаққа ұлғайтуы мүмкін.
Фархат Әміренов