Электронды коммерциямен айналысатын кәсіпкерлер 2023 жылға дейін салық төлемейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3546

Қазақстанда алдағы алты жылда 10 мыңға жуық интернет-дүкен ашылады.

Электронды коммерциямен айналысатын кәсіпкерлер 2023 жылға дейін салық төлемейді

Еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастыруға, оның ішінде технологиялық жаңғыру мен цифрландыруға ерекше басымдық берілген. Құжатта көтерме сауда мен электронды сауданы дамыту қажет екені нақтыланған. Бұл экономиканың жекелеген секторларындағы артық шығындарды азайту, яғни сатушы мен сатып алушының тікелей, делдалсыз алыс-беріс жасауын қамтамасыз ету үшін қажет.

Бүгінгі таңда Қазақстан сауда саласын "электронды рельске" көшіруге талпынып жатыр. Мұндағы мақсат – электронды коммерцияны экономиканың негізгі драйверіне айналдыру.

Қазақстанда электронды коммерция экономиканың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Қазір тұтынушылар тауарларды интернеттен сатып ала салуға, ал коммерциялық ұйымдар бизнестерін интернет арқылы жүргізуге дағдыланған. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығында ғана ел аумағында электронды коммерциямен айналысатын 261 жаңа компания құрылды. Кәсіпкерлердің электронды саудамен айналысуға деген ерекше құлшынысын осыдан-ақ аңғаруға болады. Кәсіпкерлердің электронды коммерцияға ерекше ықылас танытуының өзіндік себебі бар. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап электронды коммерциямен айналысатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер салық жеңілдігіне ие болды. Олар 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін корпоративтік және жеке табыс салығын төлеуден босатылды. Бұған қоса салық есептілігін тапсыруды жеңілдету, электронды саудамен айналысатын кәсіпкерлердің әкімшілік шығындарын азайту, салықтық жеңілдіктерді әкімшілендірудің автоматтандырылған тәртібін енгізу үшін нормативтік құқықтық акті бекітілді. Өз кезегінде Ұлттық банк қолма-қол  ақшасыз төлемдегі комиссияларды төмендету мақсатында екінші деңгейлі банктермен интеграцияланған ішкі төлем платформасын енгізді. Нәтижесінде жедел мобильді төлемдердің жаңа жүйесі құрылды. Бұған дейін жоғары комиссия төлемеу үшін қолма-қол ақшасыз төлем жасаудан қашқақтаған кәсіпкерлер жаппай жаңа жүйеге көшіп, электронды түрде есепайырыса бастады.

Естеріңізде болса, 2017 жылы электронды сауданы қолдау және дамыту мақсатында елімізде "Цифрлы Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы мен 2018-2020 жылдарға арналған "Электронды сауданы дамытудың жол картасы" бекітілді.

Электронды коммерциямен айналысатын заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге салық жеңілдігі ұсынылғанда "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қарап қалмады. Палата мамандары кәсіпкерлерге цифрлық дағдыларды меңгертіп, 10 мыңнан астам ШОБ субъектілеріне кеңес берді.
Электронды коммерциядағы бизнестің құқығын арттыру үшін елордадағы "Қазпошта" АҚ базасында Е-сommerce орталықтары ашылды. Мұнда онлайн-сауданы сервистік жүргізу мен интернет-дүкен құрудың толық циклі бойынша қызмет көрсетілді.

Қоғам үшін электронды саудадан қандай пайда бар дейтін сұраққа келетін  болсақ, бұған жауап дайын. Біріншіден, елімізде интернет-дүкендер көбейеді, екіншіден, онлайн-тапсырыс арттады, үшіншіден, қолма-қол ақшасыз есепайырысу дағдысы қалыптасады, төртіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың қарасы көбейеді, бесіншіден, көлеңкелі ақша айналымына тосқауыл қойылады, алтыншыдан, отандық тауар шетел нарығына шыға бастайды. 

Айта кетейік, ұлттық экономика министрлігінің ресми дерегінше, 2025 жылға дейін елімізде 10 мыңға жуық интернет-дүкен ашылады. Шын мәнісінде, бұлай болса, Қазақстан электронды коммерция нарығының белді ойыншысына айналады.  

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу